13.02.2020, 15:22
Қараулар: 1008
Елордада қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың IV форумы өтті

Елордада қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың IV форумы өтті

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының «Hilton Garden Inn» қонақ үйінде «Өзгеріс кезеңіндегі сын мен шын» тақырыбында қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың IV форумы өтті. Оны еліміздегі АҚШ елшілігі мен Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастырды. Форумда қазақтілді медиа саласындағы үздік сарапшылар, журналистер, блогерлер мен влогерлер, веб-сайттардың бас редакторлары кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Шара қонақтары National Geographic Qazaqstan ұсынған фотосуреттер көрмесін тамашалады. Қaзaқтілді онлaйн контент жaсaушылaрдың форумынa еліміздің барлық өңірінен 200-ден aстaм медиaмaмaн жинaлды. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитовтың бастауымен Жәнібек және Бәйтерек аудандарының газет тілшілері қатысты. Форумның спикерлері мен қатысушылары контентті дамыту және монетизация, цифрлық дәуірдегі медиа-трансформация және қазақстандық медиа кеңістіктің басқа да маңызды проблемаларына тоқталды.

AҚШ-тың Қaзaқстaндaғы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х. Мозер форумның aшылуында: «Қaзaқтa «Aлғa тaртқaн озaды, кейін кеткен тозaды» деген мaқaл бaр. Qazforum осы көрініске сaй – мaңызды тенденциялaрды ескеруді, жaңa кәсіптік білімнің көкжиектерін зерттеуді, aлдaғы сынaқтaр мен мүмкіндіктерге дaйын болуды бaсшылыққa aлaтынынa сенімдімін», — деп атап өтті.

«Жaңa онжылдықтaғы БAҚ: өзгерту уaқыты және өзгеру уaқыты» тaқырыбына арналған шарада қaзaқтілді БAҚ дaмуының жaңa тенденциялaры тaлқылaнып, қaзaқ тіліндегі контенттің өзекті мәселелері ортaғa сaлынды. Медиамамандар қазақ қоғамына қандай медиа керек, Digital дәуіріндегі біздің медиа, Youtube платформасының әлемдік және жергілікті трендтері, Youtube платформасында жұмыс жүргізу: өз контентін ілгерілету үшін журналист нені білуі қажет, Baursak party бюджет үшін қаншаға түседі және қазақ тілді контентті бірге жасайық  деген сауалдарға жауап іздеді.

Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Бисенованың пікірінше, қазір қазақ тілінде онлайн контент жасауға қатысты алты мәселе бар дейді. Олар журналистиканың ықпалы төмен, салалық журналистика дамымаған, сапалы контент жетіспеушілігі, өңірдегі журналистер жаңа медиа мүмкіндіктерін меңгеруге мұқтаж, мемлекеттік тендер мен тапсырысқа тәуелділік, журналистік мектептің ұмытылуы.

-Соңғы кездері журналистік мектептің жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Бұрынырақта Шерхан Мұртазаның, Сейдахмет Бердіқұловтың мектебі болатын. Ал, қазір аға буын мен ортаңғы буынның арасында байланыс жоқ, — деді Нәзия Жоямергенқызы.

Internews Kazakhstan ұйымының аймақтық медиа кеңесшісі Асхат Еркімбайдың айтуынша, Орталық Азиядағы медиа тұтыну және медиасауат бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесі қазір қазақ онлайн медиаcына керемет мүмкіндік туып тұрған кезең екенін көрсеткен. -Қазақтілді сайттардың көпшілігі өз аудиториясын зерттемейді. Оқырман нені қалайды, қандай тақырыпты оқығысы келеді? Cайт иелері Chartbeat қызметі арқылы аудиториясын зерттесе, өздері үшін үлкен мүмкіндікке жол ашар еді, — деді Асхат Еркімбай.

Орталық Азиядағы медиа тұтыну және медиасауат бойынша зерттеу Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың 59,6 пайызы ақпаратты теледидардан, ал 45,5 пайызы әлеуметтік желілерден алатыны белгілі болған. Сондай-ақ, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен салыстырғанда Қазақстанда интернетте сауда жасау көрсеткіші жоғары екені анықталды.

«Атамекен Business» медиа холдингінің бас директоры Қанат Сахария 2019 жылдың қорытындысы бойынша арнада қазақ тіліндегі материалдар көп оқылғанын айтты. Сондай-ақ, телеарнаның YouTube арнасындағы 10 үздік видеосының 9-ы қазақ тілінде әзірленіпті. Қазақша көп ізделген тақырыптар үштігіне атаулы әлеуметтік көмек, мұғалімдердің жалақысы, Арыс оқиғасы кірген.

 

Сонымен қатар қатысушылар YouTube платформасының әлемдік және жергілікті трендтері туралы пікір алмасты. Youtube платформасының ресми серіктесінің өкілі Сұңғат Өтеболатов Қазақстан, ТМД елдері және АҚШ арасында жүргізілген зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, қазақстандықтар YouTube арнасында телевизиялық шоу, жеңіл-желпі видеолар, көлік апаттарын жиі қарайды. Сондай-ақ қазақстандық аудитория YouTube-те музыкалық контентті ТМД мен АҚШ-қа қарағанда азырақ қолданатыны белгілі болды. «Өкінішке қарай, Қазақстанда білім, технология туралы видеоларға қызығатындар өте аз»,- деді Сұңғат Өтеболатов.

Атамекен TV интернет-редакциясының бас редакторы Жанасыл Болатбек YouTube-те қазақша видео көретін аудиторияның талғамы жоқ екенін айтты. -Өкінішке орай, қазақтілді аудитория Youtube арнасына тек эмоциясын қанағаттандыратын платформа ретінде қарайды. Бір мысал келтірейін. Қайбір жылы осыған дейін тек діни жаңалықтар жасаған YouTube арнасының иесі арнаны 100 мың жазылушысымен бірге басқа бір адамға сатты. Оны сатып алушы арнаның атын «Немене» деп ауыстырды да, жеңіл-желпі контент жасай бастады. Бұрын тек діни видео қарап жүрген көрермендер арнадан кететін шығар деп едім. Керісінше, арнаның қаралымы одан сайын артты. Бұл – көрермен талғамының төмендігін білдіреді, — деді ол.

Форумда Александр Аксютиц басқаратын Salem social media компаниясы сынға ілікті. Форумға қатысушылар арасында «компания халыққа мағынасыз видеолар ұсынып отыр», «неге Salem social media көрерменге ғылыми видеолар ұсынбайды?» деп пікір білдіргендер болды.

Бұған Александр Аксютиц: «Біз халықты ақымақ қылу мақсатында жұмыс істеп отырған жоқпыз. Әр адам өз баласын тәрбиелесін. БАҚ адамдарды тәрбиелемейді. Біз аудиторияның сұранысына тәуелдіміз. Халық қазір YouTube-те нені көргісі келcе, соны көріп отыр» деген уәж айтты.

Сондай-ақ жетекші медиа сарапшыларының қатысуымен шеберлік сабақтары мен тренингтер орын алды.

Форум соңында іс-шараның серіктестері қазақ тіліндегі онлайн-контентті жасаушылармен байланыс орнатудың жеке істерімен бөлісті. АҚШ Елшісі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Кристиан Райт шараны қорытындылап, форумға қатысқандарға алғысын білдірді.

 Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Суреттер QAZFORUM-ның сайтынан алынған

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар