19.02.2020, 10:20
Қараулар: 197
Газет – халықтың айнасы

Газет – халықтың айнасы

Т.Жароков атындағы  жалпы білім беретін орта мектептің   мәжіліс  залында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің ұйымдастыруымен  аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шығуына 85 жыл толуына (1935 ж.) орай «Газет – халықтың айнасы» атты мәдени-әдеби,  танымдық  шара  өтті.

«Атыңды атап шырқап жүрген жоқ әнім,

Ақындардан арнады екен ода кім?

Жаһандағы жаңалықтар жаршысы,

Алтын-жезді қоңырауы қоғамның!

 

Дүниенің кезіп түкпір-түкпірін,

Жәмиғаттан жағдай біліп тік тұрдың.

Төмендегі шырылдаған шындықты,

Жоғарыға келеді ылғи ұқтырғың.

 

Жалпы әлемге жаның тілеп жарасым,

Өз еліңе өзегіңді жарасың.

Алтын жіппен жалғап жүрген сендерсің,

Қаған менен қалың елдің арасын.

 

Ар-намыспен, арпалыспен ай-күнің,

Өте берер сызып өмір айдынын.

Көңіліңе қаяу салмас жай-күйің,

Қара тіл мен қалам, қағаз – байлығың.

 

Жер қазғаннан, кен қазғаннан кем емес,

Еңбегіңді баз біреулер елемес.

Ат терлетіп ақиқаттың аулында

Іздегенің шекпен менен шен емес.

 

Тағдыр кейде таңбайды да жақсы атқа,

Түңілдірер жүрегіңе дақ сап та.

Шағылмайды тауың бірақ, ешқашан,

Жетемін деп ел көздеген мақсатқа», — деп ақын Нұрмахан НАЗАРОВ   жырлағандай, аудан баспасөзінің  қарашаңырағы, сүйікті газетіміздің мерейтойы қарсаңында аудан өмірінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тарихи һәм әдеби жаңалықтарының тынысын  қаламына іліктіріп, тілшінің көзі, газеттің сөзі өткір екенін дәлелдеуге сеп болып жүрген қаламгерлермен  көзбе көз кездесудің, жүзбе жүз сырласудың мүмкіндігі туған шырайлы сәтте  «Кең болғанмен соншама қыр біздегі, өз жерімде өзімді жүргізбеді. Қазақ деген атымды тартып алып, қырғыздарға қосақтап, қырғыз деді», — деп Қадыр ақын айтпақшы, отаршыл өкіметтің қарауында бұратана деп бұқтырылған қазақ халқы төл атауынан айырылып, «қырғыз», «қырғыз-қайсақ» атанған тұста ерлік пен өрліктің әз ұясы іспеттес Хан ордасында  Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев сынды алаш арыстарының «Қазақстан» атауымен газет шығаруын ерлікке балап,  есімдерін мақтанышпен еске алдық.

 

    «Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті әр жылдарда, яғни, 1935-1963 ж.ж. «Коммунист, 1963-1997 ж.ж. «Октябрь туы» деген атаулармен аталған. 1946-1949 ж.ж. Х.Жаналиев, 1950-1957 ж.ж. Ж.Ахметов, 1963-1972 ж.ж.  Хамит Сүлейменов, 1972-1975 ж.ж. Шайдолла Өтемісов, 1975-1992 ж.ж.  Қайырғали Қуанәлиев, 1992-1993 ж.ж.  Мереке Қайдаров, 1992-2013 ж.ж.  Едіге Өтебалиев, 2013-2018 ж.ж. Ахмедияр Батырханов газет редакторы болса,  2018 жылдан бері  басылымға Нұрымбек Жапақов жетекшілік жасап келеді.

Басылымда әр жылдарда  редактор, жауапты хатшы,  тілші, фототілші, корректор, хатшы-жазу машинасын басушы қызметінде жүріп,  көптеген күрмеулі мәселелер туралы  қалам тербеп, олардың  ел мүддесіне орай  шешілуіне түрткі  болып, ақиқат пен  жалғандық таразы басына тартыла қалғанда шындық жағында жүріп, әділдік іздеген жұртқа  қаламының себін тигізіп, өз заманында халықтың көңілін дөп басқан мақалалар, уытты сатира мен  мірдің оғындай фельетондар жазған, соңында  сын садағындай, семсердей сөзі қалған, мүйізі қарағайдай  қаламның қара нарлары, сайдың тасындай сайыпқыран марқұм аға-апаларымыз, яғни Ұлы Отан соғысының отты жылдары газет бетінде елдікке, ерлікке шақырған өлеңдері мен мақалалары шығып тұрған  ақын, қоғам қайраткері Рахметолла Егізбаев, Хамит Сүлейменов, Шайдолла Өтемісов, Кәмила Құлшарова, Жанұзақ Сұлтанов, Тұрақбай Шәкенов, Ибрагим Мулякаев, Құмар Дүйсенов, Болат Наурызғалиев, Мұхтар Жұмағалиев, Уәлиолла Ғаббасов, Едіге  Өтебалиев, Жанғали Мырзалиев,  Серік Ережепов, Әсима Есетова, Сәбит Қуанғалиев (бұл тізімді өкінішке орай бұдан әрі жалғай беруге болады…)  сынды аяулы жандардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алдық.

              Он жеті  жыл аудандық  «Октябрь туы» газетінің  редакторы  болған  Қайырғали  Қуанәлиев, 1970-1990 жылдары аудандық  «Октябрь туы» газетінің  тілшісі  қызметін атқарған  Серік   Ихсанғали, 2013-2018 жылдары аудандық  «Шұғыла» газетінің  редакторы қызметін атқарған  Ахмедияр  Батырханов, 2013-2015 жылдары аудандық  «Шұғыла» газетінің тілшісі  болған, бүгінде «Орал өңірі» газетінде басылымның экономика бөлімінің меңгерушісі  ретінде еселі еңбек етіп жүрген   Нұртай Текебаевтың  ізгі лебізін жолдаған бейнесәлемдесі экраннан тыңдалды.  Басылымның  өткен тарихы бейнеленген слайд көрсетіліп, қазіргі тыныс-тіршілігі көрініс тапқан бейнеролик көрсетіледі.

Шарамызға  арнайы қонақ ретінде шақырылған  аудандық мемлекеттік архивтің директоры Гүлмира  Қауденова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Мұхтарұлы,  аудандық демалыс орталығының директоры Алтай Бақтығалиев, ардагер зейнеткерлер Болат Закарияұлы, Қабаш Жүнісұлы, Мертен Мұстахұлы, Бәтима  Әліпқалиқызы,  Меңсұлу  Дүйсекенова,  Манас  Жармұханов, «Шұғыла»  қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Нұрымбек Мүсәлімұлы, жауапты хатшы Асқар Орынғалиұлы,  бухгалтер Ғайнижамал Қабенқызы, Ерік Едігеұлы жоғарыда есімдері аталған, өмірден озған журналистер  туралы естеліктерімен бөлісіп,  қазірде еліміздің өркендеуіне зор үлесін қосып жүрген тілшілер қауымы туралы   қызыға әңгімеледі.

Газеттің сексен бес жылдық мерейтойына  орай Т.Жароков атындағы ЖББОМ-ның 5-сынып оқушылары  Қадыр Қуанышқали, Даниял  Досболатов, Аружан Амангелді,  Мәдина Серік  жыр шашуларын оқып берсе, Т. Жароков атындағы ЖББОМ-ның 11-сынып оқушысы  Дана Ғатауллина   журналист, ақын Жанғали Мырзәлиевтің «Туған жер» атты өлеңін  тарту етті.  Меңдігүл Сағидоллақызы көркемдік жетекшісі болып табылатын аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы жанынан құрылған «Бард» әншілер тобының орындауындағы Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әніне көрермендер ризашылықпен қол соқты.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Батыс Қазақстан  облыстық  тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі