17.03.2020, 15:52
Қараулар: 404
Аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Аудан әкімдігінде аудан әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен жиын өтті. Оған ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібіне қойылған басты мәселелердің бірі – коронавирус жұқпалы індет.

-Баршаңызға белгілі Қытай елінің Хубей провинциясына кіретін Ухань қаласында 2019 жылдың желтоқсан айының ортасында коронавирус жұқпалы ауруы пайда болған еді. Осыған орай елімізде сақтық шаралары басталды. Яғни ағымдағы жылдың 26 қаңтарында ҚР Президенті Қ.Тоқаев жаңа коронавирустың ел аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар 16 наурыз күні мемлекет басшысы аталған індеттен қорғану іс-шаралары бойынша халыққа Үндеу жариялады, — деді Азамат Сафималиұлы.

Осыған орай нақты іс-әрекет жоспары бекітіліп, ауылдық округтер бойынша тапсырмалар берілген. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Сарсалиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың 16 наурызында Жәнібек ауданы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, аурушаңдық жағдай тіркелмеген. Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

-Эпидемияға қарсы барлық қажетті шаралар орындалуда және жеке қорғану құралдары жеткілікті мөлшерде бар, — деді аудандық орталық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлова. -Бір рет қолданылатын бетперде 5250 дана, қолғап 9000 дана, қорғаныш костюм 200 дана. Дезинфекцияланатын құралдар, вирусқа қарсы препараттар жеткілікті мөлшерде. Күн сайын учаскелік қызмет Ресей Федерациясынан және Қазақстанның қалаларынан келген азаматтар мен студенттер арасында мониторинг және санитарлық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында. Сонымен қатар шекара қызметі 2036 әскери бөлімінің бастығы Тимур Тайсингиров шекаралық өткізу пункті бойынша баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі жұқпалы індеттен бөлек бірінші тоқсандағы қаржының игерілуі, ағымдағы сенбілікте тал-терек отырғызу, тауар бағасын қадағалау сынды мәселелер айтылды.

Жиынды аудан басшысы қорытындылап, жиындар болмайтынын, алдағы уақытта онлайн режимде байланыс жүргізіліп отыратынын айтты.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ