27.04.2020, 10:45
Қараулар: 369
Жәнібекке кіндігі байланған Мария

Жәнібекке кіндігі байланған Мария

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мария он сегізге аяқ басқан бойжеткен еді. Мектеп партасынан жаңа ғана босаған жас қыз МТС-та хатшы-статист болып қызметке орналасты. 1941 жылғы желтоқсан айының аяқ шені болатын. Бір күні аудан орталығындағы Мария тұратын көшеден радио саңқылдап қоя берді: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Жәнібек станциясының үстінен соғыста жаралы болған жауынгерлер тиеген эшалон өтеді. Солардың ішіндегі жеңіл жаралыларын алып қалыңыздар» деген аудан басшыларының үні естілді. Аудан тұрғындары жаралы жауынгерлерді қарсы алып, жеңіл жаралы болған 28 жауынгерді эшалоннан түсіріп, мектепке орналастырды. Ішінде Мария бар бір топ қыз оларды күтті, жараларын емдеді. Сол қыздар жұмыстан қол үзбей жүріп аудан орталығындағы жұмысшы-шаруа медициналық училищесінде оқып, арнайы медсестралар даярлайтын курсты бітірді.  Жау самолеттері осы кезде Жәнібекті бомбалап жатты. Аудан орталығында 1905 жылы салынған 4 қабатты зәулім диірмен болатын. Жаудың самолеттері 1942 жылдың 4 қазанында 12 бомба тастағаннан кейін жаңағы диірменнің дымы қалған жоқ. Көп үйлер өртенді. Осы жылдары Марияларды мылтық атуға, граната тастауға т.с.с. соғыс қаруларын пайдалануға үйретті. Олар кешкі сағат 5-ке дейін жұмыс істейді де содан кейін күні-түні әскери дайындықта болады. Ол бір ауыр да әрі қаһарлы күндер еді…  1943 жылдың желтоқсан айында Жәнібекте орналасқан авиаполкпен бірге 11 қызды өздерінің тілегі бойынша майданға алып кетті. Олардың ішінде Мария Аронқызы Мулякаева да бар еді. Олар алғашында Украинаның Хлебодаровск қаласына түсті. Одан Польшаның Краков қаласына келіп, сол өздерінің қызмет ететін авиаполкінде самолеттерді күзетті, штабта жедел-оперативті жұмыстар да болды. Соғыста жарақат алған жауынгерлерді самолетпен медсанбатқа жеткізді. Бірде ұшқыш пен Мария осындай жауынгерлік міндетін атқармақ мақсатпен самолетпен аспан көгіне көтерілді. Жаудың самолеттері бұларды байқап қалып, соңдарына түсті. Жан-жағынан қоршап алып, оқты қарша боратты-ай келіп. Бұлар жау самолеттерінің қыспағынан зорға құтылды. Сол ұрыста Марияның қолына оқ тиіп, жаралы болды.

Мария апайдың Польша жерінде майданда жүргенде партизан құрамасын ұйымдастырушы, екі мәрте Совет Одағының Батыры Сидор Артемьевич Ковпакпен кездескен сәт есінен кетпейді. Ол орта бойлы, шоқша сақалды, тез-тез басып жүретін адам екен. Аты шулы партизандар құрамасының командирімен болған кездесуге арнап Мария бастаған бір топ қыздар концерт қойды. Ол концертте небір майдан әндері айтылып еді-ау. Әсіресе, ақын Евгений Долматовскийдің сөзіне жазылған композитор Марк Фрадкиннің әні «Кездейсоқ вальс», А.Сурковтың сөзіне жазылған К.Листовтың «Жертөледе» сықылды майдан әндерін тамылжыта орындап беріп еді. Сидор Артемьевич өте риза болып қыздардың қолын қысты. Қимас та, ұмытылмас кездесу еді ғой бұл…

1945 жылдың мамыр айы да келіп, соғыс аяқталды. Көп кешікпей Мария апай да елге оралды. Оны елге келгеннен кейін Жәнібек элеваторының әкімшілігі жұмысқа шақырды. Есеп жұмыстарында істеді. Бас экономист, бас бухгалтер болып істеп 1979 жылдың тамыз айында зейнетке шықты. Баласы сонау Челябинск облысында тұрады. Анасын сонда алып кеткенін қалайды, бірақ Мария апай: «Елімді тастап кете алмаймын», деп Жәнібекте дүниеден озғанша тұрды. Зираты да теміржолдың арғы бетінде тұр.

Н. ӨТЕЙ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар