27.04.2020, 11:01
Қараулар: 388
Алтыншы ротаның байланысшысы

Алтыншы ротаның байланысшысы

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында көппен бірге майданға аттанып, өмір мен өлім беттескен қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген, КПСС XXVI съезі атындағы совхоздың (қазіргі Борсы ауылдық округі) байырғы жұмысшысы Қамен Құлтановқа жолығып, майдан, еңбек жолдарынан сыр суыртпақтаған едік.

– Мен соғысқа дейін және соғыстың алғашқы жылында қазіргі «Қайрат» совхозында механизатор болып еңбек еттім, – деп бастады Қамекең әңгімесін. – Ал майданға аттанған 1942 жылдың 6 маусымында 30 жаста болатынмын. Біз майданға бір ауылдан бес кісі бірге кеттік. Бойымызды елімізге опасыздықпен шабуыл жасаған зұлым жауға деген өшпенділік сезімі кернеді. Бірақ салған бойда жаумен жағаласудың еш сәті түспеді. Алғашқыда Чкалов қаласында бір айдай әскери дайындықтан өтіп, ұрысқа әзірлендік. Аз уақыттың аралығында соғыс техникасын жете меңгеріп, майданға кірістік. Алтыншы ротаның байланыс бөлімшесімен бірге Сталинград маңындағы қиян-кескі ұрыстарға қатыстым. Міндетіміз – штабты байланыспен үздіксіз қамтамасыз ету. Бұл өте жауапты да күрделі тапсырма болатын.

Оның айтуынша, кеңес жауынгерлерінің Сталинград түбінде фашистерге қарсы ойсырата соққы беруі, барлық майданның өн бойында шешуші бетбұрыс жасаған елеулі оқиға болған. Осыдан кейін-ақ дұшпанның бұрынғы екпіні су сепкендей басылады. Олардың ендігі шабуылдарынан еш нәтиже шықпайды. Бұл тарих парағына мәңгі өшпес із қалдырған Еділ жағасындағы алғашқы соққылардың бірі еді. Гитлершілдер қаншама өңмеңдегенімен, кеңес жауынгерлерінің тегеурінді қарсылығына төтеп бере алмай, ұрыс даласында қыруар әскері мен техникасын қалдырып, кейін шегіне береді.

– Бірде мынадай оқиға болды, – дейді тершіген маңдайын сүртіп қойып, әңгіме желісін қайта сабақтаған Қамен ақсақал. – Өлім мен өмір арпалысқан ауыр ұрыстардың бірінде штабпен байланыс үзіліп қалды. Командирдің бұйрығымен шұғыл тапсырманы орындауға аттандым. Зулаған оқ, ысқырған снарядқа жарылған бомбаның үні ұласып, төбе құйқаңды шымырлатар соғыс күйі ойнап тұр. Құдды жер мен көк астасып кеткендей, ештеңені біліп болғысыз. Бірде еңбектеп, бірде бұқпантайлап, жүгіріп келем. Осы сәт жаныма келіп жарылған бомба дүмпуі мені әудем жерге лақтырып жіберсе керек. Біраздан кейін есімді жиып, қол-аяғымды қимылдатсам, бәрі де аман сияқты. Тек басымнан жеңіл жараланыппын. Бірақ кейін шегінген жоқпын. Тапсырма орындалып, байланыс желісі қалпына келтірілді.

Ай жарымдай госпитальда жатып емделгеннен кейін қайтадан сапқа тұрады. Сол жорықта көрсеткен батылдығы үшін оған ефрейтор шені беріліп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Мұнан кейін өз бөлімшесімен бірге Харьков, Днепропетровск қалаларынан, Молдавия шекарасынан өтіп, Румыния, Болгария жерлерін азат етуге қатысады. Көптен күткен Жеңіс мерекесін Болгарияның астанасы – Софияда қарсы алып, көл-көсір қуанышқа кенеледі.

-Ауылға оралғаннан кейін де қол қусырып қарап отырғаным жоқ. Соғыстың әкелген зардабы болса, шаш-етектен. Онсыз да қол күші жетпей жатқан ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге белсене қатысып, бұрынғы мамандығым бойынша шынжыр табанды тракторды тізгіндедім. Тыңды игеруге қатысып, диқандық қолтаңбамды қалдырдым. Үкімет пен партия менің майдандағы және бейбіт еңбектегі табысымды әділ бағалап, «Тың игерудің 20 жылдығы», «Жеңістің 20, 30 жылдығы» және «КСРО Қарулы Күштерінің 60 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапаттады. Қазір де бойымда қуат, қолымда күш бар да Отанымның игілігі жолында еңбектенудемін, — деп сыр тиегін ағытушы еді марқұм майдангер.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар