28.05.2020, 11:25
Қараулар: 318
Аралас неке әлек пе?

Аралас неке әлек пе?

Өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шығып, бақытын басқадан тауып отырған қаракөз қазақ қыздары немесе керісінше жат елдің аруын жар етіп алған апталдай қазақ азаматтары туралы сөз қозғалса, көпшіліктің пікірі ұдайы екіге бөлінеді. Халық саны ақсап тұрған заманда бұл үрдіс дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ көлденеңдеп алдыңнан шыға келеді.

Тарихқа үңілсек, талай қазақ зиялылары басқа ұлттың қыздарымен отау құрғаны белгілі. Оқыған қауымның біразы замана көшінен қалмау мақсатында тілі өктем ұлттың қыздарын алуға мәжбүр болған. Мүмкін, бұл сол кездегі қазақтың қарапайым, тұйық, сауатсыздау қаракөздерін менсінбегендіктен де шығар. Қазір, керісінше, ұлтымызда оқыған, жоғары білімді, тіпті қолында бір емес, бірнеше дипломы бар, сондай-ақ бірнеше тілді білетін қыздар баршылық. Ал енді олар қара базарда жүрген ауылдың қара баласын менсінбейді. Өзімен өресі деңгейлес азаматты іздеп, өзге ұлттың азаматынан бақытын тапса, оған ешкімді жазғыруға болмас. «Тең — теңімен, тезек — қабымен» деген осы шығар.

Бүгінгі жаһандану деп жар салған дәуірде аралас некенің көбеюіне ғаламтордың да, қала берді танысу агенттіктерінің де әсері жоқ емес. Өкінішке қарай, өзінің қара басының қамын ойлап, бір күндік байлыққа кенелгісі келетін, рухы әлсіз, сырты жылтыр жастардың қатары күн санап арта түскендігі қынжылтуда. Дін мен ділді, салт пен дәстүрді бір шетке ысырып қойып, болашақ нәрестенің мінез-құлық, таным-түсінігі ана сүтімен даритынына басын ауырта қоймайтын көзі ашық азаматтар да, тепсе темір үзетін қазақ жігіттерінің ішінен өзіне лайықты жар таба алмай, өзгеден жылу іздеп жүрген қаракөздер де жетерлік.

Аталған мәселе төңірегінде Жақсыбай ауылында тұратын әкесі орыс, анасы татар бола тұра қазақы ортада тәрбиеленіп өскен, болашақ жарын қазақ жігітінен таңдаған Валентина Александрқызы Суровцевадан сұхбат алдық. Айтуынша, өзі Қаратөбе өңірінде дүниеге келген. 1997 жылы Жақсыбай ауылына келін болып түскен ол бүгінде үш баланың анасы.

–Қазаққа тұрмысқа шығамын дегенде үйдегі ата-ана, тума-туыс қарсы болмады ма? — деген сұрағымызға ол: -Жоқ, қарсылық мүлдем болмады. Себебі, әкем ұлты орыс болса да қазақи ортада тәрбиеленіп, қазақтың мақал-мәтелдерін жаттап, қара домбыраны жанына серік қылған жан. Бізді де солай баулыды, қазақша тәрбиеледі. Үш ағам мен бір інімнің алған жарлары да қазақ қыздары. Жұбайымның қазақ болғанына еш өкінбеймін. Балаларым қазақ мектебінен білім алып, олар да мен алған тәрбені көріп өсті, — деп жауап қайтарды.

Өзі қазақ ұлтының тумасы, Жәнібек ауылының тұрғыны Меңдігүл Сатқалиқызының таңдауы тәжік азаматына түскен. Қазіргі таңда үш ұл, бір қыздың анасы Меңдігүл Мирсаид Азимовпен бір шаңырақ астында он жыл бірге ғұмыр кешуде.

-2010 жылдың қараша айында бас қосып, мешітте некемізді қидырдық. Болашақ күйеу балаларының ұлты басқа болғанына атаанам еш қарсылығын білдірмеді. Себебі, қай ата-ана да баласының бақытына балта шаппайтыны анық. Тұрмысқа шыққанымда тәжікше мүлде білмедім, қазірдің өзінде де екі ауыз сөз ғана білемін. Ал жұбайым қазақ жерінде өсіп, осы жерде тәрбиеленгесін таза қазақша сөйлейді. Бірақ, өз ана тілін де ұмытқан жоқ. Балаларымыздың алды мектеп жасында. Қазақ мектебінде білім алуда. Ал өз нағашы әжемнің ұлты татар, қазаққа тұрмысқа шыққан. Анам метис, яғни әкесі қазақ, анасы татар. Аралас некенің менің нағашы жағымда болғандығынан шығар менің өзге ұлт азаматымен бас қосқаныма қарсылық танытпағандары деп ойлаймын, — деді.

Орынсыз жерде сөз алмайтын, ұлтының, еразаматының жаманын жасырып, жақсысын асыратын бойжеткендердің аузынан темекі түтінінің иісі бұрқырап тұратындығы үйреншікті жайт болып кетті. Кей мәліметтерге сүйенсек, шетелге барып оқып жатқан қазақ жастарының басым көпшілігі қыз бала екен. Сол апа-сіңлілеріміз елге орала ма, әлде сол елдің ұрпағын өсіруге атсалысып, өзге елдің босағасында қалып қоя ма? Бұл да бізге беймәлім.

Жәнібек ауылының тағы бір тұрғыны Көзім Қалиманованың қызы отыз жылдай бұрын Мари Республикасының азаматына тұрмысқа шыққан.

-Қызымның есімі Нұргүл. Саратов облысы Красный Кут қаласында білім алып жүрген шағында болашақ жолдасымен танысып, 19 жасында өзге елдің азаматына тұрмысқа шығатынын хабарлады. Күйеу балам да сол жерде оқып, білім алуда екен. Бастамасында реніш болды, әрине. Қызының ата-анасынан жырақта жүргеніне кім көндіксін бірден? Барабара үйреністік. Құдалық болды. Той-томалағында біздің қазақтың тойынан біршама өзгешелігі бар екен. Өздерінің жақын, туматуыстарымен ғана шағын той жасады. Күйеу балам қазақша білмейді. Екеуінің ортақ тілдері — орысша. Астанасы Йошкар-Ола деп аталатын республиканың ақ келініне айналған қызымның бүгінде 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған жайы бар. Қызының алды тұрмыста, — деп сөзін аяқтады Көзім апа.

Ақоба ауылының тұрғыны Жария Ғұбашеваның қызы Гүлдана 2017 жылы түрік азаматына тұрмысқа шыққан.

– Қызым Стамбул қаласында магистратурада оқып, сол елде жұмыс жасап жүрген болатын. 2015 жылы «түрікке тұрмысқа шығамын» деген кезде мүлде қарсылық таныттық. Бірақ ол өз дегенінен қайтпай 2017 жылы тұрмыс құрды. Екі жақта да той болды. Қазақтың тойын бар салт-дәстүрді қолдана отырып, Түркияда өткіздік. Сол жерде қызыммен тағдырлас, яғни түрікке шыққан қазақ қызы бар екен. Соның үйінен қызымызды ұзаттық. Күйеу балам да, құда-құдағайым да жақсы жандар. Тек бір қиындығы біріміздің тілімізді біріміз түсінбейтіндігіміз. Көкірек сайрап тұрғанымен, іштегіні жеткізе алмаймыз. Қазір олар біртіндеп қазақша үйреніп келе жатыр. Бүгінде қызым мен күйеу алам жұмыс бабымен Швецияға қоныс аударды. Бір ұлдары бар. Аллаға шүкір, бәрі жақсы, — дейді Жария апай.

Бұл тұрғыда аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев өз ойын былай жеткізді:

-Бұл мәселе туралы шариғатта нақты айтылмаған. Яғни, ұлт пен ұлттың бас қосқандығы дұрыс немесе бұрыс деп жазылмаған. Шариғатта бір айтатыны, өзге ұлт емес, өзге діннің қыздарын алатын жағдайда, біріншіден иман келтіртіп, сосын барып некелесу керектігі. Ал өз елінің қыздарын өзге дін өкілдеріне бергізбеген. Мешітімізге осыдан шамамен 5 жыл бұрын қазаққа тұрмысқа шыққан орыс қызы келіп некесін қидыртты. Соңғы жылдары аралас некелі жандардың арасынан келіп неке қидырғандар әзірге жоқ.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлмира Дүйсенбаева соңғы жылдары аралас неке тіркелмегендігін айтып өтті. Бұл әрине, көңіл көншітерлік жағдай. Қазақ пен қазақ бас қосып, елдің демографиясын арттырып, ел болашағына бей-жай қарамаса, нұр үстіне нұр.

Өзге елдің салты мен заңынан теперіш көріп жүрген, кәріс, қытай, неміс, үндіс және тағы да басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатқан талай қазақ қыздарын естіп жатырмыз. Ішінде бағы жанғандары аз. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейді атам қазақ. Олай болса, қазақтың керегесін биіктетіп, шаңырағын шалқыту тек қазақ азаматы мен қазақ қызының қолында екенін ұмытпайық.

Гүлім ҚАБДОЛОВА