28.05.2020, 12:06
Қараулар: 279
Шүлдірлеп жүр «Whatsapp-та», талай қазақ баласы

Шүлдірлеп жүр «Whatsapp-та», талай қазақ баласы

Бүгінде әлеуметтік желіні екінің бірі пайдаланады. Бір-біріне хат жазады, ой бөліседі, пікір алмасады. Тұтынысқа орай сұраныс та артып, түрлі сайттардың саны да күн өткен сайын көбейе түсуде. Әрине, бұл жақсы. Бірақ, сол әлжелідегі тіліміздің тазалығы, сауаттылық деген мәселеге келгенде аяғына жем түскен аттай ақсақтайтынымыз жасырын емес.

Интернет дәуірі келмей тұрған кезеңде жарық көрген кітап, журнал, басқа да баспа өнімдері майталман редактор, қате тапқыш қырағы корректор мамандардың мықты сүзгісінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына үлкен әсер ететін. Ал қазіргі әлеуметтік желілердегі жеке адамдардың жазбаларына редакторлық, корректорлық  жұмыстар мүлде жасалмайтыны белгілі. Ол енді тікелей әр адамның сөздік қорына, ой-пайым деңгейіне, талғам-ұстанымына тәуелді болып қалды. Желі пайдаланушыларының тілді қолдану мәдениеті де әртүрлі. «Вконтакте», «WhatsАpp», «Mеssenger» секілді әлеуметтік желілерде, негізінен, жастар белсенді. Жастардың желілердегі белсенділігі артқанымен, жазу, сөйлесу деңгейлері өте төмен күйінде қалып отыр. Мойындау керек, алғаш смартфон шыққан кезде онда қазақ әріптері болмаған соң кириллицаны икемдеп немесе латын әріптерімен қазақша жазып жүрдік. Бұл басқа амалдың жоқтығынан еді. Алайда, уақыт өте келе смартфондарда қазақ әріптері пайда болды. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегендей біз де түзеліп, ойымызды қазақша толыққанды жеткізуге және дұрыс жазуға мүмкіндік алдық. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Жастардың ортасында қазақ тілінің нормаларын белден басып, ауызекі бұзып сөйлеу, жаргон қосу, сауатсыз жазу белең алып, тіпті сәнге айналып тұр. Мәселен, тілді қорлауды «Слм», «Каксын?», «Нестеп», «Жай жатқам», «Өз» деген диалогтан-ақ байқауға болады. Оны жастар өз «стиліне» айналдырған. Қазақ тілінің грамматикасына жүгінсек, орфография және орфоэпия заңдылықтарын ешкім әлі жоққа шығарған жоқ. Орфография – сөздерді дұрыс жазу ережелері болса, орфоэпия – сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс айтылу ережелерінің жиынтығы. Оған қоса, үтір-нүктелерді дұрыс қоюды үйрететін пунктуация деген ғылым да бар. Әлеуметтік желіде отыратын жастардың басым көпшілігі көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты дегенімізбен, дұрыс сөйлеуге, жазуға келгенде олардың тілдік қоры құрғап, 5-сыныптан басталатын қазақ тілі пәнін мүлде оқымағандай күй кешеді. Дұрысында, «Сәлем», «Қалайсың?», «Не істеп жатырсың?», «Жай, жатырмын», «Өзің?» деп жазса ештеңелері кетпес еді ғой. Бір құмалақ бір қарын майды шірітерін ескерсек, қарапайым хат алмасудан-ақ қасықтап жиған абыройымыз шелектеп төгілуі әбден мүмкін. Жастар дәл осы қалпында қалыптасса күні ертең қызметте құжат толтырғанда, адамдармен сөйлескенде күлкіге қалары, мазақ болары айдан анық.

-Тілдің мерейін көтеру үшін атой салып, ерлік жасаудың немесе дау шығарудың қажеті жоқ. Оны өзімізден бастауымыз керек, — дейді Жәнібек ауылының тұрғыны А.Тельман. — Қаладан ауылға көшіп келгеннен кейін жұмыс іздеуге кірістім. Негізі мамандығым бағдарламашы (программист) еді. Бірақ, қандай жұмысқа болса да орналасамын деп шештім. Сол тұста аудандық газет редакциясы корректорлық қызметке сауатты адам іздеді. Бағымды сынап көрдім. Қанша дегенмен сабақты жақсы оқыған едім. Редакторға жолығып, түйіндемемді көрсеттім. «Сенің мамандығың — программист. Бізге қазақ тілінің маманы керек» деп шығарып салды. Ертесіне «WhatsАpp»-қа әлгі газеттің редакторы хат жазды. Мен де амандасып, оның бірнеше сұрағына жауап бердім. Содан кейін ол кісі қайта редакцияға шақырып алып, мәтіннің қатесін түзеттіріп, жұмысқа аламын деп шешім қабылдады. «Неге менің сауатымды бірден тексеріп жұмысқа алмадыңыз?» — деп сұрағанымда: «Адамның сауатты екенін оның түрінен, сөйлегенінен емес, жазған жауабынан білуге болады. Сіз менің жазған сұрақтарыма толық, тыныс белгілерін ерінбей қойып, жауап бердіңіз. Қазір солай жазатын жастар сирек кездеседі» — деп жауап берді. Яғни, егер сауатың жетсе. мамандығың программист болса да корректор болып жұмыс істеуге болады екен.

-Интернеттегі тіл сауатсыздығы туралы сөз қозғасақ, қателік қазақ қарпін пайдалана білмеуден туындайды. Қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп әлі күнге өз орнында жұмсалмайды. «Қ»-ның орнына «к», «ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о», «ң»-ның орнына «н» әріптерін жазу жастардың үйреншікті дағдысына айналып кеткен. Нәтижесінде, сөздің ақсауына жол береміз. Сондай-ақ кейбір сөздерді жөнсіз қысқартып жазады. Мысалы, «Спс» (рақмет), «Ок» (жарайды, сізбен келісемін) және тағы сол сияқты сөздер жазу мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Тағы бір үлкен мәселе, тыныс белгілерін орынсыз қолдану немесе мүлдем қолданбау. Сөйлемдердің синтаксистік құрылымындағы қателіктерге жиі жол беріледі. Менің ойымша, жастардың әлеуметтік желіні пайдаланудағы ескермейтін нәрсесі — ауызекі тіл мен жазба тілдің айырмашылығын ажырата алмауында. Ауызекі сөйлеу тіліндегі фонетикалық грамматикалық қолданыстар жазба тілде сол күйде қолданыста жүреді. Бұл жазба тіл мәдениетінің сақталмауына әкеліп соқтырады, — дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибінұр Сүйінішқалиева.

Қанша қолайсыз болса да айтуға тура келіп тұр, елдегі індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайдың тілді дұрыс меңгеруге пайдасы бар екен. Ертеңіміз — жас ұрпақ қашықтан оқуға кірісті. Бұрыннан да компьютердің «құлағында» ойнайтын, смартфон мен планшетті жастанып жатып ұйықтайтын жасөспірімдер. енді әлеуметтік желіде ұстаздарының аузына қарап, турасын айтқанда жазған тапсырмаларына жауап жазып отыр. Пән мұғалімдері «WhatsАpp»-та ашылған топта алдымен оқушылармен жазып, амандасады. Оқушы оған кері жауап жазып, амандасуы тиіс. Сол кезде шәкірттердің маңдайынан шып-шып тер шығып, өздерінің «стилін», жаргонын амалсыз ұмытуларына тура келеді. Толыққанды, қатесіз жазуға машықтанады.

-Кешке жұмыстан келгеннен кейін баламның сабағын тексеремін. Себебі, үйде отырып оқыған бала өзін еркін сезініп, оқуға зейін қоймайды. «WhatsАpp» арқылы өткен сабақты басынан аяқ тыңдап алып, балама үй тапсырмасына көмектесемін. Тыңдап отырған кезде байқағаным, мұғалім әр баланы қате жаздың деп түзетіп отырады. Менің ойымша, ол өте жақсы. Баланы түзете берсе, оның санасында сол сөздер қалады да, алдағы уақытта қате жазбауға тырысады, — дейді қызы 6-сыныпта оқитын Гүлсім Ізбасарова есімді ана.

Біле білген адамға сауатсыздық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әрине, жаңа заман жастарын әлеуметтік желісіз елестету де қиын. Осы орайда, адам тек бір-біріне қарап бой түземейді, ой түзейтіндігін де ұмытпаған жөн. Сондықтан сауатты азаматтар жастарға үлгі-өнеге көрсетсе, қоғамда да, виртуалды әлемде де тіл байлығымыз толысып, қате күзелері, сөз түзелері хақ.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ