29.05.2020, 10:09
Қараулар: 177
15 жыл сөреде жатқан фильм

15 жыл сөреде жатқан фильм

Бұл фильм 15 жыл бойы сөреде жатып, тек елде қайта құру, жариялылықтың басталуына байланысты 1985 жылы экранға шықты. Режиссер Алексей Герман осыдан 50 жыл бұрын «Жаңа жылыңызбен» операциясы» атты өзінің әкесі, жазушы Юрий Германның хикаяты бойынша фильм түсіруді қолға алады. Ол аталған картина арқылы алғаш рет фашистер жағында қызмет еткендердің тағдырын көрермендерге жария еткісі келеді. Алайда, Алексей Герман сияқты кеңес кинематографиясындағы еврей кланының өкілі, сценарист Эдуард Володарский режиссерға: «Көңіліңе келсе де айтайын, әкеңіздің хикаяты түкке тұрғысыз, сондықтан сценарийін қайтадан өзім жазып шығамын, туындының атын «Жолдағы тексеру» деп өзгертемін», — деген талап қояды. Бұған режиссер келіседі. Сөйтіп, Юрий Германның прозасымен соншалықты қабыса, сәйкес келмейтін сценарий дүниеге келеді.

Сценарийде власовшылар әскері сарбаздарының бірі демалыста жүрген кезінде қалтарыста, қағаберісте партизандар жағына қашып, фашистермен ымырасыз күрес жүргізгісі келген Лазаревтің жазмыштың бұйрығымен талайланған өмірі баяндалған (оның рөлінде актер Владимир Заманский ойнайды). Бірақ, сатқынның аты қашан да сатқын, Лазаревті партизандар жасағына қабылдағанымен, бұл үдеріс ұзақ әрі күрделі өтеді. Мысалы, партизан жасағының комиссары Петушков пен бәлекет сарбаз Соломин бұрынғы власовшының басқан ізін аңдиды. Бұған керісінше партизан жасағының командирі Локотков (оның рөлін сомдаған актер Ролан Быков) бұрынғы власовшыға сенім артады және оның партизандар арасынан өз орнын табуына көмектесуге тырысады. Осы адамдар арасындағы қақтығыс фильм сценарийінің негізгі желісіне айналған. Айта кету керек, осыған дейін кеңестік кинематографияда бұл зерттелмеген тақырып болатын. Отанын сатқандар бұрын-соңды фильм сценарийіне еніп көрмеген-ді. Сонымен қатар режиссер Герман бас кейіпкер Лазаревті тым жағымды етіп көрсетіп, партизан жасағының комиссары мен сарбазына, керісінше, қаралау бояуды мол жаққан. Власовшылардың соғыс жылдарында қызылдарға қарсы шайқаста ерлік көрсеткені тарихтан мәлім. Фильмдегі басты кейіпкер Лазаревтің оғынан да бірқатар кеңес жауынгерлері шейіт болған. Әйтпесе қарадан қарап соғыстың қайнаған шағында оған демалыс бермейді ғой. Сценарийдегі осындай қарамақайшылықтарға қарамастан «Ленфильм» киностудиясы басшылығы игі ниет танытып, бірқатар ескертпелер беріп, картинаны экранға түсіруге жолдайды. «Жолдағы тексеру» 1970 жылдың соңына қарай түсіріле бастап, келесі жылдың алғашқы айларында аяқталады. Нақ осы мезетте, сөз жоқ, талантты, бірақ идеологиялық жағынан тым тиянақсыз туынды турасында әуре-сарсаң басталады. Сол 1970 жылы түсірілген «Азаттық» фильмімен салыстырғанда бұл туынды кеңес киносының басында отырған шенеуніктерге «ақ қарғадай» көрінеді. Кеңестік кинематографиядағы бұдан бұрынғы фильмдерде, мысалы, 1968 жылы түсірілген «Рухы күштілер» («Сильные духом») картинасында көрермендердің құрметіне бөленген партизандар ержүрек және ер келбетті болып бейнеленсе, «Жолдағы тексеруде» олар кәдімгі, үйреншікті, қарапайым адамдардан еш ерекшелігі жоқ, жау армиясының тылында әрекет жасап, белсенді күрес жүргізгендердің тұрпаты әлсіз де әлжуаз. Дәл осы партизандардың ержүректіліктен тыс бейнесі, туындыда олардың батырлық, ерлік эпизодтары көрермендердің жіті назарына ілікпеуі, сондай-ақ фильмнің кейбір көріністерінде партизандар жасағы командирінен комиссарының биік, мәртебелі тұруы, власовшыларды ақтауға айқын әрекет, бәрі-бәрі сол кездегі кеңес киносын басқарып отырғандардың идеологиялық жағынан шамына тигенін түсінуге, ұғуға болады. Сол кездегі либерал режиссерлар мен сценаристер арасында бұл модаға айнала бастаған құбылыс болатын. Олар кеңес халқының басынан соғыс жылдары өткен оқиғалардан кез келген кемшілікті іздеуге әзір тұратын. Әрине, өкіметтің мұндай құбылыстарға қарсы күрес жүргізуге тырысатыны табиғи нәрсе.

Режиссер Алексей Герман 1971 жылдың жазында «Жолдағы тексеру» («Проверка на дорогах») фильмін түсіруді аяқтап, кинодағы шенеуніктердің талқысына ұсынғанда оларға туынды үзілдікесілді ұнамады. Режиссерға фильмнің жоғарыда айтылған тұстарын өзерту ұсынылды. Ол өзгеріс енгізген болды. Бірақ, маңызды, елеулі өзгерген ештеңе болмады. А.Герман болмашы өзгерістер енгізумен құтылып кетемін деп ойлағанымен, онысынан түк шықпады. Алайда, уақыт өте келе картинаға бәрібір өзгеріс енгізуге тура келді. Экрандағы партизандардың өліміне, полицайдың сарайдағы ұстамалы ауруына, командир Локотков пен бұрынғы власовшы Лазаревтің арасындағы әңгімеге байланысты және басқа да қысқартулар енгізіліп, фильм 1972 жылғы наурызда жаңа нұсқамен Москваға жіберілді. Бірақ ешқандай нәтиже шықпай, сең орнынан қозғалмады.

Қысқасы, 1972 жылғы тамызда Мемкиноның төрағасы Алексей Романов: «Бұдан әрі фильмді экранға жіберудің келешегі жоқ деп танылып, туынды мемлекеттік фильм қорына сақтауға тапсырылсын» деген №389 бұйрыққа қол қояды. Осы арада айту керек, режиссер Алексей Германның туындыны түсірудегі әуре-сарсаңы кеңес киносындағы либералдық топтардың аңыз қылып айтар әңгімесіне айналды. Кеңес киносының білгірі, журналист Федор Раззаковтың сөзіне сүйенсек, кинодағы либералдық топтар кеңес киносына күйе жаққысы келсе «Жолдағы тексеру» фильмін түсірудегі қиындықтарды, ондағы қысқартуларды, туындыға байланысты тағы да басқа жайттарды қазбалайтын болған. Әрине, бұл арада режиссер туындыны түсіруде осындай қиындықтардың туындайтынын біле тұра тәуекелге барды. Ағысқа қарсы жүзуді, сол шақтағы үстемдік құрып тұрған идеологияны елемеуді қай-қай елдің де басшылығы да құп көрмейтіні бесенеден белгілі. Тіпті, еркін, азат деген капиталистік қоғам да идеологиясыз бір қадам аттай алмайды. Мәселен, капиталистік елдерде еш уақытта Саяси Бюро, не болмаса Орталық Комитеттің идеологиялық бөлімі немесе көркемдік кеңес дейтін болған жоқ. Десек те, олардағы кинокомпаниялардың директорларының, иә болмаса продюсерлерінің Саяси Бюродан да билігі, тегеуріні мықты болғанын айтқан жөн. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады. Айтпақшы, Алексей Германның «Жолдағы тексеру» фильмін түсірудегі қиыншылықты жапонның әлемге әйгілі режиссері Акира Куросава да басынан кешті. Бұны енді келесі бір мақаланың арқауына қалдырдық.

Дегенмен бұл картина шедевр фильмдердің қатарында кеңес киносының тарихында қалды. Жиырма бес жыл сөреде шаң басып тұрса да фильмді құртып, кетіріп тастаған жоқ. Туындының шеберлікпен түсірілгенін түсініп, көргендер біледі.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ