29.05.2020, 10:40
Қараулар: 300
«Америка шпионы» немесе үрейлі жылдар елесі

«Америка шпионы» немесе үрейлі жылдар елесі

…Қабира сол күні мектептегі сабағын өткізіп болғасын үйге қарай беттеді. Үйге жақындай қалғанда есіктің алдында тұрған бүркемелі қара машинаны көрді де, тіксініп, жүрегі дір ете қалды: «Мүмкін емес, мүмкін емес,- деп қайталады ол. -Кеңес үкіметіне болсын дегеннен басқа ешқандай кінәсі жоқ қой, оның …. Ендеше, мына машина неғып тұр.» Үйге кірсе, Мұстақты қолын артына қайырып, үстелдің үстіне отырғызып қойған. Екі милиция одан жауап алуда, тіпті біреуінің қолында тапанша да бар. Тағы біреуі үй ішінің астан-кестеңін шығарып, тінткілеуде. Ол үйге кіріп келген Қабираны ләм-лим деуге шамасын келтірмей, сыртқа шығарып жіберді. Олар үйдің ішінен саяси айып тағарлықтай ешнәрсе таба алмағасын, сөренің ішінде арабша жазылған кітап жататын, соны Мұстақпен бірге ала кетті.

Жұртшылықтың санасында білінер-білінбес мұз құрсауы тұрғанымен, бұлар да сол қырқыншы жылдардағы әндерде айтылатындай «Кеңестік бақытты отбасылардың» бірі еді. Мұстақ Жетібай жетіжылдық мектебінде директор, Қабира осы мектепте мұғалім болатын. Төрт жастағы ұлы Мертен, қызы Клариса ата-анасының қуанышы еді. Әкесі Кенжеғали қария да жасы жер ортасына жетіп қалғанымен қолына балға мен шеге ұстап қора-қопсыны жөндеп, қорадағы малға бас-көз болған берекелі де бейбіт шаңырақтың шаруа адамы.

Басқару ұйымдастырушылық қабілетімен сол аймаққа аты жайылған Мұстақтың адами қасиеттері де мол еді. Ол сегіз қырлы, бір сырлы, қолынан келмейтін ісі жоқ әрі ақылды, сөзге шешен, ақынжанды адам болатын. Көпішіліктің ортасында парасаттылығымен, білімділігімен ерекшеленіп, кім-кімді де өзіне еріксіз тарта білетін.

— Бұл 1948 жылдың қаңтар айы болатын,-деп еске алады Қабира апай.-Оны ауданға алып кеткеннен кейін тергеп, ақырында: «Американың шпионысың» деген кінә тақты. Бір үйде қонақтықта отырғанда былай деп айтыпсың, ол айтқаныңды қарамағыңдағы мұғалім Ғ.Абаханов дәлелдеп береді,-деп әлгіні бетпе-бет жүздестіруге шақыртады. Ол Мұстақтың бетіне тура қарай алмай, қонақтықтағы сөздерді айтып береді. Мұстақ оның бетіне түкіріп жіберіп: «Менің артымнан сөз теріп жүріпсің ғой, інімдей көретін едім, бұл не істегенің» дегенде ол жүзін төмен салып, шегіншектей береді.

Қонақтықта да кеңес үкіметін қарақаттап ештеңе айтылмаған-ды. Газет-журнал беттерінде: «Американы ет-сүт жөнінен басып озамыз»,-деп шыққан хабарларды бірге отырған адамдарға мақтанышпен айтып бергені болмаса, басқалай жазығы жоқ. Бірге қызмет істейтін Н.Пазылтаев, Ұ.Мамажанов сияқты көзі қарақты, көңілі ояу мұғалімдер оны қызғыштай қорғағанымен қытымыр тергеушілер қыңбады. «Америка шпионына» ештеңе мойындата алмаған соң этаппен алып кетті. Артында Қабирамен бірге қосыла шырылдап ұл-қызы қалды, ал бір баласы әлі ана құрсағында еді. Ұлының «халық жауы» деген жаман ат жамылуы ептеп саяси сауаты бар Кенжеғали қария үшін де оңай болмады, аз күннің ішінде денсаулығы күрт төмендеп сұлқ жатып қалды.

Қабираны жұбайы айдалып кетісімен-ақ «халық жауының отбасы» деп мектептегі мұғалімдік қызметінен аластатты. Алайда тумысынан бірбеткей қайсар мінезді Қабира басына түскен қиындыққа мүжіліп, мұқалып қажымады. Күйеуінің жазықсыз екендігін, өзіне нақақ жала жауып, қызметінен қуғандығын шағымданып Москваның, Алматының жоғарғы ішкі істер органдарына хат жазды.

Қызметінен қуылып, көңіл күйі пәс, бір жағынан үйдегі үлкен қарияны, шиттей балаларды асырау қиынға соғып, қиналған Қабираның қасіретті күн мен түндерін көз алдымызға келтіргенде, біздің де тұла-бойымызды үрей билеп, бір мезет тылсым тыныштықта үнсіз отырдық.

— Бірер жылдан кейін мұғалімдік қызметімді қайтарып алдым,-деп Қабира апай сәл көтеріле сөйлегенде бізде де «Уһ»,- деп бір демалып, денемізді жайлаған манағы үрей әп-сәтте жөңкіліп көшіп сала берді.-Бірақ бастауыш кластарға ғана сабақ беретін болдым. Мектептегі әрбір жүріс-тұрысым қатаң бақылауға алынды. Сабағыма тексерушілер жиі-жиі қатысты. Алайда тағатын мін таба алмағасын өздері де шаршады білем, қойды.

…Мұстақ болса, сол кеткеннен мол кетіп сонау Сібірдегі Печера өзенінің бойындағы Абез поселкесіндегі саяси тұтқындарға арналған лагерьден бір-ақ шықты. Осы күні біз тек диванда жатып алып қана аяушылық білдіретін «Күннен қажығандар» ( «Опаленные солнцем» ), «Жансебіл» фильмдеріндегі «халық жауларының» кешкен халі оның басынан нағыз өмірдегі күйінде өтіп, тозақтың нақ ортасында болды. Әйтеуір, көрер жарығының әлі бітпегені ғой, атылу жазасы қайта қаралып, 25 жыл бас бостандығынан айырылу үкіміне ілікті. Сол кезде ердің мүшел жасы – 37-ге келіп, енді жиырма бес жылдан кейін ол елге тар қапастан аман-сау орала ма, әлде сүйегі сонда қала ма, мұның өзі де «Көр де тұр, осылай болады»,-деп кесіп-пішіп айтуға болмайтын белгісіз жайт еді.

— Құдайдың көзі түу екен,-деп тағы да сол жылдарды еске алады Қабира апай,- Көз жасымды көргені ғой, Сталиннің қайтыс болғанына тура екі жыл өткен соң, Мұстақты жазықсыз деп ақтап, босатып жіберді.

Жеті жыл отырған қапас түрме оның түр-түсіне өзінің тақсыретін салыпты. Тұла бойынан денсаулықтың көңілді әні шырқап, бұла-күштің шамырқаған сәні көрініп тұратын еңгезердей жігіт ағасы шашы аппақ, тістері түгелге жуық түсіп, сүйегіне сүйретіліп жап-жадау боп оралғанда, Қабираның өзі де алғашқыда танымай қалды. Тек адамға мейірім шаша, сабырмен қарайтын қой көздерінен жылы леп есіп, жұмсақ сөйлейтін даусынан ғана әрең ажыратты….

Бір жылдай елде еркін аунап-қунап, қымыз ішіп, ет жеп аздап оңала бастағасын мұғалімдік қыметіне қайта кірісті. Елде «жылымық» орнап, әбден ақталғаннан кейін мектепте, бөлімше орталығында басшылық қызметтерде болды. Жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атаққа ие болды. Түрменің тар қапас бөлмесіндегі тыныс алар ауаның тапшылығы, қала берді 40-50 градус аязды күні бойғы ауыр жұмыстан оның саулығы араға жылдар салып сыр бере бастады. Ол ұзаққа созылған ауыр науқастан жетпісінші жылдары қайтыс болды.

Қабира апай осы арада көзіне жас іркіліп біраз отырды да әңгімесін одан әрі қарай сабақтады: «Содан бері де 50 жылдай уақыт өтті. Осы күнге дейін Мұстақты не үшін ұстап, түрмеге тықты?»- деген ой басымнан кетпейді. Қандай жазығы бар еді, кісінің ала жібін аттап өтпеген адал еді, арлы еді. Жазығы Ленинді, партияны өзінің өлеңіне қосып:

Бақ берді, теңдік берді Ленин бізге,

Қазір біздей бір ел жоқ ешбір жерде.

Ұлт, нәсіл, табымыздың бәрі бірдей,

Бостандық және бірдей әйелдерге,- деп жырлағаны үшін бе?….

Қабира апай сол жылдарды есіне алғанда, тұла – бойы тітіркеніп, жүрегін үрей жайлағандай болса да ұл-қыздарының елеулі еңбектерімен елге танылып, күні бүгінге дейін аман-сау, бақытты отбасылар болып, тіршілік етіп отырғандығына шүкіршілік қылып, тәубе дейді.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ