3.06.2020, 11:30
Қараулар: 271
Малды тірідей сату тиімді емес

Малды тірідей сату тиімді емес

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан алға қойылып отырған міндет – ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйверіне айналдыру. Бұл ретте осы салаға салынған инвестиция көлемі жыл өткен сайын ұлғайып, алынатын өнім көлемі де артып келеді. Мал шаруашылығы өнімдерін молайтудың басым бағыттарының бірі – төрт түліктің тұқымын асылдандыру.

Былтыр елімізде ірі қара мал саны 7,4 млн. басқа жетіп, 2018 жылғы көрсеткіштен 4 пайызға көбейген. Жылқы — 2,8 млн. басқа, қой – 16,9 млн. басқа, түйе – 214,8 мыңға жеткен. Алайда, мал басы көбейіп келе жатқанына қарамастан, соңғы уақытта еліміздегі ет өңдеу кәсіпорындары шикізат аздығынан 30-40 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді.

-Өткен жылы елімізден 156 мың ірі қара мен 260 мың ұсақ малды тірідей экспортқа жөнелттік. Оның 80 пайызы Өзбекстанға кетті. Еліміздегі ет өңдеуші кәсіпорындар 45 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Біз Өзбекстанның шикізат көзіне айналып отырмыз. Мал өсіруге арналған субсидияларды сол үшін бердік пе? Ал. Өзбекстан шұжық, ет консервілері тәрізді дайын ет өнімдерін әзірлеп, өзімізге сатуда, — депті осынау түйткілді мәселе жөнінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов.

Өз кезегінде өзбек кәсіпкерлері Қазақстаннан тірі малды жаппай сатып алу арқылы табиғи таза етке қол жеткізіп, оны өз елдерінде қайта өңдеп, шетелдерге өзбекстандық тауар ретінде жөнелтіп келген. Бұл істің тағы бір түйткілді тұсы, елімізге «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шетелдерден қымбат бағаға асыл тұқымды тірі мал әкелінген. Бұл бағдарлама елімізде ет экспортын ұлғайту мен мал сапасын жақсарту мақсатында әзірленген болатын. Қарап отырсақ, шетелдерден тірі малды қымбатқа сатып алып, өз малымызды арзанға экспорттайды екенбіз. Айналып келгенде, сауда арқылы пайда табудың орнына, керісінше ұтылып жатқан көрінеміз. Сондықтан болар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдың қазан айынан бастап, шетке шығарылатын тірі мал экспортын толық тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Жоғарыда айтылғандай, тірі малды жаппай экспорттау елімізде ет өнімдерінің қымбаттауына себеп болған. Ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесі төмендеген. Аталған министрліктің мәліметінше, ішкі нарықтағы өзіміздің ет және ет өнімдерімізге деген сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отырып, ет экспортының әлеуетін жылдан жылға арттыра береміз дегеніміз осы мәселені жан-жақты талдап, сараптауды қажет етеді. «Оның үстіне ет экспортынан түсіп жатқан пайда мол болса бір сәрі. Шетелге жөнелтетін еттің бір келісі 4-6 доллар аралығында, біздің ішкі нарықтағы баға да осы шамалас. Олардың ұсынған бағасы біздің ішкі нарықтағы бағаға қарағанда кем дегенде 2-3 есе артық болса, әңгіме басқа», — дейді сарапшылар.

Енді өз ауданымыздағы мал шаруашылығының жағдайы қандай дегенге келетін болсақ, мал басында өсім байқалады. Бұл сала тек ауыл шаруашылығының жалпы өнімін беріп қана қоймай, сонымен бірге халықты азықтүлікпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ шаруа қожалықтары төрт түліктің тұқымын асылдандыруға да ерекше мән беруде.

-Қазір бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ауданымызда асыл тұқымды мал басының үлес салмағы жыл сайын артып келеді. 11 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық тіркелген. Соның ішінде «Әлем», «Жасқанат», «Марал», «Нұржан», «Дидар», «Қасен», «Ермек — 2» және «Ұлан» шаруа қожалықтары ірі қара, «Әлем» мен «Номад — Ел» жылқы, «Ерғазы» шаруа қожалығы қой өсірумен шұғылдануда. Жақсыбай ауылдық округіндегі «Ағайын» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізіп, 45 бас ангус қашарын сатып алып, асыл тұқымды шаруа қожалығы мәртебесін алу үшін жұмыстануда. Аудан бойынша 170 шаруа қожалығы мен 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ережесіне сәйкес тұқымдық түрлендіруге қатысып, жалпы көлемі 342 млн. 696 мың теңге субсидия қаражатын игерді. Сонымен қатар өткен жылдың басынан 111 шаруа қожалығы 349 асыл тұқымды бұқа және 7 шаруа қожалығы 150 асыл тұқымды қошқар сатып алды, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылбек Қамашев.

Оның сөзінше, тұқымдық түрлендіру бағыты бойынша шаруа қожалықтарындағы 13 957 ірі қара аналығына 563 асыл тұқымды бұқа және қоғамдық табындағы 2830 ірі қара аналығына 121 асыл тұқымды бұқа қосылып, жалпы 16 787 ірі қара аналығы қамтылып, тұқымдық түрлендіру 92 пайызға жетіп отыр.

-Былтыр экспортқа 130 тонна ірі қара, 45 тонна қой етін шығару жоспарланған болатын. Соған орай 1542,24 тонна (11 016 бас) ірі қара еті Армения Республикасына жөнелтілді. Ресей Федерациясына 155,74 тонна (7787 бас) қой еті шығарылды. Жалпы, 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында 1697,98 тонна ет экспортталды, — дейді бас маман.

-Бүгінде «Импорттың бәрі керемет, бәрі сапалы» деген ұғым санадан ысырыла бастағандай. Сондықтан халықтың өз елімізде өндірілетін табиғи, құнары мол ауыл шаруашылығы өнімдеріне ықыласы артып келеді. Калорияға бай, отандық таза өнімнің қадірін біліп, соған бет бұру елімізде жасалған өнімдерге сұраныстың артуының басты алғышарты болмақ. Сұранысқа сай жауап беріп, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін қолда бар ресурсты тиімді пайдалану керек. Халық көбірек тұтынатын азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі сырттан жеткізілетіні қынжылтады. Сырттан тасымалданатын өнімдерді өз кәсіпорындарымыздың өндіре алатын қауқары бола тұра тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға қарамастан келеңсіз жағдайлар орын алуда. Соның бірі – малды сыртқа тірідей сату мәселесі. Әрине, әркім малын кімге, қайда сататынын өзі біледі, өз еркі. Десек те, мемлекеттік мүддені ескеріп, малды өзімізде сойып, етін қайта өңдейтін өндірісті өрістету қажетақ, — дейді Ұзынкөл ауылдық округіндегі «Ерлан» шаруа қожалығының мүшесі, еңбек ардагері Нұрман Түменов.

Қорыта келгенде, отандық еттің дәмі, сапасы, құнары «импортный» еттен әлдеқайда жоғары. Өз ағзамызға қажетті неше түрлі дәруменді бойына сіңіретін малды шетелдерге беріп, олардан сырты жылтыраған, сапасы күмәнді ет сатып алғаннан ұтпасымыз анық. Өзге елдерге мал мен ет сатпай-ақ, сол малдан алынатын өнімді өзімізде қайта өңдеп, содан кейін сатсақ әлдеқайда тиімді болар еді. Одан аудан экономикасы көтеріліп, жергілікті бюджетке түсетін салық көбейер еді. Өкінішке қарай, ауданымызда малдан алынатын шикізатты қабылдайтын, өңдейтін пункттер, цехтар жоқ. Бұған Үкімет тарапынан қаржылай қолдау, көмек керек.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ