3.06.2020, 17:15
Қараулар: 341
Серіктеспен босану сән бе, әлде заманға тән бе?

Серіктеспен босану сән бе, әлде заманға тән бе?

Қазіргі таңда айы күні жетіп, толғатып жатқан әйелімен босану залына бірге кіретін еркек кіндіктілерді жиі көреміз. Осыдан он-он бес жыл бұрын қазақ қоғамы үшін бұл жат әрі ұят нәрсе болса, бүгінде отандық медицинада «серіктеспен босану» деген ұғым кең таралған. Мақаламызда босану процесіне куә болған ер адамдардың өздері не дейді, жалпы, серіктеспен босануға қатысты шариғатта не айтылған деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Ауыл тұрғыны Т. есімді азамат екі баланың әкесі. Тұңғышы шыр етіп дүние есігін ашқанда босану залына әйелімен бірге кіріпті. Айтуынша, олар серіктеспен босануды мүлде жоспарламаған, бәрі аяқ астынан болыпты. Сол бір қорқынышты да қуанышты күнді ауыл тұрғыны былай деп еске алады.

-Жолдасым тұңғышын босанатын болғасын облыс орталығына жіберді. Сөйтіп, қалаға барып, босанатын уақытты күтіп жүрдік. Бір күні түнгі бір жарымның кезінде келіншегімнің толғағы қысып, такси шақырып, бірден перзентханаға жеттік. Ол кезде біз қаланың шетінде тұратын туыстарымыздың үйінде едік. Дәрігерлер маған «Үйіңе бара бер, хабарын береміз» десе де, қалалық аурухананың бірінші қабатындағы орындыққа жайғасып, әйелімнен хабар күттім. Содан ойымда ештеңе жоқ, отырған күйі ұйықтап кетіппін. Бір сәтте телефон шыр ете түсті. Қарасам, хабарласып жатқан әйелім екен. «Босанатын уақытым жақын, такси шақырып келе бер» деді. Менің төменгі қабатта отырғанымнан жұбайымның хабары жоқтын. Бірден 4-қабатқа көтерілдім. Содан дәрігерлер «Әйеліңіздің қасында болыңыз, керек болсақ шақырарсыз» — деп мені босану залына кіргізіп жіберді. Ол кезде келіншегім екеуміз жаспыз, серіктеспен босану, соның ішінде ер адамды босану залына кіргізеді дегенді естімегенбіз. Не істерімді білмеймін. Қорқыныш болмады десем өтірік. Қорықтым. Әйелімнің жаны қиналғанын көру оңайға соқпады. Сөйтіп, бір уақытта «Босанды» дегенді ғана естідім. Әрі қарай шынымды айтсам не болғаны дұрыс есімде қалмапты, — дейді ауыл тұрғыны. Бұл жағдайдан ол ешқандай кері әсер алмаса да, енді босану залының табалдырығынан аттауға құлқы жоқ. Оның пікірінше, серіктеспен босану қазақтың салтдәстүріне, менталитетіне жат нәрсе. «Ертеректе атабабамыз әйелінің айы-күні жақындағанда атқа мініп, түрлі шаруамен үйден алыстайтын болған. Сондықтан толғатып жатқан әйелдің үстіне кіру менің тәрбиеме жат. Өз басым мұны құптамаймын», — деді ол. Тұңғышының өмірге келу сәтіне кездейсоқ куә болған ауыл тұрғыны сол санаулы уақытта анасының қадірін көбірек түсінген көрінеді. «Халқымыздың «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың» дана сөз бар ғой. Сол рас екен. Толғақтың әйел адамға оңай соқпайтынына көзім жетті», — дейді азамат.

Ал ауыл тұрғыны Гүлзада (есімі өзгертілген) өзі босанатын уақытта жолдасының босану залына бірге кіруіне үзілдікесілді қарсы болған.

-Себебі, осы кезге дейін әр түрлі қауесеттерді естіп жүрміз. Ер адамның кірмегені дұрыс дейді ғой негізі. Жүйкесі сыр беріп, күйзеліске түскенін қаламаймын. Алдыңғы балаларымды жолдасым қасыма кірмесе де босандым. Бұл жолы да өзім босанамын деп шештім. Толғақ үстінде қиналып жатқанымды ешкімге көрсеткім келмейді, — дейді ол.

Аудандық орталық ауруханада перзентхана бөлімінің акушері болып қызмет істейтін Гүлнұр Рамазанова ер адамның өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан әйелінің жанында болуы құптарлық іс деп санайды. Айтуынша, бүгінде босанатын әйелдердің 98 пайызы қасына жақындарын ертіп келеді екен.

-Серіктеспен босану – шет елдерде бұрыннан бар тәжірибе. Ал Қазақстанға 2010 жылдан бастап ене бастады. Бүгінде бұл үрдіс отандық медицинада кең таралған. Қазіргі таңда бұл сән емес, қажеттілік. Себебі, бұл ерлі-зайыптының қиналған сәтте бір-бірін демеп, қолдау көрсетуі, — дейді акушер. Оның пікірінше, серіктеспен босану кезінде әйелдің қасында міндетті түрде күйеуінің болуы шарт емес.

-Кез келген әйел анасын, енесін немесе жақын құрбысын кіргізе алады. Қазіргі таңда жүкті әйелдердің көбі өзімен бірге босануға анасын немесе бұрын босанған құрбыларын алып келеді. Мен мұны құптаймын. Себебі, босану – қиын процесс, жауапты сәт. Толғағы қысқан әйел айқайлайды, жылайды, жанұшыра көмек сұрайды. Сол сәтте оның көңілін аулап, тамағын беріп, киімін ауыстыратын жақын адамының болғаны өте маңызды. Кейбір серіктестер бар, бірге келеді де ештеңе істемей, шетте қарап отырады. Тек сәби дүниеге келген кезде туған-туыстарынан сүйінші сұрап кетіп қалады. Серіктестің бар міндеті сол деп ұғынады. Ал шын мәнісінде ол олай емес», — дейді ол өз сөзінде.

Акушердің айтуынша, әйеліне серік болып, босануға кіргісі келетін ер адамның міндетіне толғақ арасында әйеліне су беру, терін сүртіп, белін уқалау, тамақтандырып, тыныштандыру, дұрыс тыныс алуын қадағалау кіреді. Мақтап, жылы сөз айтқанның өзі босанғалы жатқан әйелге үлкен көмек екен.

Ал шариғат не дейді? Бұл туралы кейбір мәліметтерге сүйенсек, ер адамның әйелімен бірге босануға кіргенінде еш сөкеттік жоқ. Шариғат бойынша ешқандай тыйым салынбаған, бірақ ер адамның кіруі міндеттелмейді де. Неге десеңіз, босануға бірге кіру ер азаматтың психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін. Жұбайының қатты қиналғанын көріп күйзеліске түсіп, жандүниесіне зақым келеді деген жорамалдар бар. Сондағы ұққанымыз, шариғат тұрғысынан да ер адамның серіктес болып босануға қатыспағаны абзал деп саналатыны.

Бұл туралы орталық аурухананың психологі Раушан Меңдібаева: — Мен саған бала туған қандай екенін көрсетейін деген оймен күйеуін босануға ертіп баратын әйелдер де бар. Оларға айтар кеңесім: егер болашақта өкініп қалғыңыз келмесе мұндайдан аулақ болыңыздар. Ер адамды күштеп, өз ойын жүзеге асыру жақсылыққа апармайды. Әсіресе, қазіргі ер адамдардың көзқарасы мүлдем қызық қой. Әйелін қиналу үстінде көріп, суынып кетуі де әбден мүмкін. Өз басым психологиялық тұрғыдан қарсымын, — деп жауап берді.

Өмірге саналы әрі салиқалы ұрпақ әкеліп, оның адам, азамат болып қалыптасуына ең бірінші анасы мен әкесі жауапты. Бауыр еті баласының өмірге келгенінен бастап, өсіп-өнгенін, білім алып, жетілгенін көру бақыты бұйырған әр отбасы жауапты сәттерде бір-бірінің қасынан табылуының өзі жетістік. Қалай десек те, соңғы шешім өзіңізде.

Гүлім ҚАБДОЛОВА