9.06.2020, 17:15
Қараулар: 291
Бас тағамның байыбына барып жүрміз бе?

Бас тағамның байыбына барып жүрміз бе?

Қазақтың сыйлы қонаққа табақ тартуы туралы осы бір әңгімені қашан, қайдан оқығаным есімде қалмапты. Дінмұхамед Қонаев республиканы басқарып тұрған кезінде тың өлкесіне жиі барып тұрған ғой. Ондағы облыстық партия комитетінің хатшысы Бородин деген кісі Мәскеуде қолдаушылары болғандықтан шығар, қазақтарды менсінбейтін өзімшіл адам екен. Ол, сірә, «Қазақтар еттен басқа тамақ жемейді» деп ойлайтын болса керек. Бір сапарында Димекеңе үш мезгіл қойдың басын тартып, құрмет көрсетіпті. Сонда ағамыз: «Мына түрімізбен қой санын елу миллионға қалай жеткіземіз? Бір мезгіл Украинның борщын ішсек те болады ғой», — деп әзілдепті.

Содан тағы бір түскі аста қонақтар дастарханға жайғасып, табақ тартылғанда Бородиннің қазақ көмекшісі іштен жүгіріп шығып, аспазды жерден алып, жерге салып жатады. Бақса, Қонаевқа тартылған бастың жағы айырылмаған екен. Ондай бастың тілі, таңдайы, ішкі жағы қалай пісетіні белгілі ғой. Бас алдына келгенде Димекең:

-Мына етті пісіргендердің ішінде бір қазақ болмаған екен, — деп жымиыпты да қойыпты. Шынында да аспаз армян екен. Оның үстіне ондай жерге Бородин мен оның жандайшаптары қазақты жолатпайды да. Кейін жағдайды аспаздан сұрағанда, ол: «Мен қайдан білейін, қой аудандардан сойылып, дайындалып келуші еді, мен тек пісіруін білетінмін», — деп шынын айтыпты.

Осы орайда тағы бір оқиға еске түсті. Белгілі жазушы Мәриям Хакімжанова Сәбит Мұқанов жөніндегі естелігінде болған бір жайтты баяндайды. Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеудің бір топ жазушылары Алматыға бас сауғалап келіпті. Іштерінде академик, үш мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алексей Толстой да бар екен. Қанша қиын заман болса да қазақтың қонақжайлылығын жасап, Сәбит Мұқанов оған қой сойып, қонақасы берген ғой. Әрине бас Толстойға ұсынылады. Ендігі сөзді Мәриям апайдың өзіне берейік.

«Кейбіреулер сияқты Алексей бастан шошынған жоқ. Басты қолына алып тұмсығын өзіне қаратып ұстады да бір құлағын кесіп Нұрпейіс Байғанинге берді, екінші құлағын Зощенкоға ұсынды. «Мен әйелдерді құрметтеуші едім. Олар тату болса, біз бейбіт өмір сүреміз. Сендер алакөз болмаңдар», — деп бір көзін өзінің бәйбішесіне, бір көзін Мәриям жеңгейге берді. Қалғанынан отырғандардың бәріне ауыз тигізді де: «Ендігісінің билігін сізге бердім», — деп Нұрекеңе ұсынды. Бұдан кейін Алексей тілек айтып, қысқаша сөз сөйледі:

-Құрметті достар, «Қазақстанға барам» деп бекінгеннен кейін Ташкенттің кітапханасынан жеті кітап алдырып оқыдым. Демек, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білмей, босағасын аттауға ұялдым. Өткен ғасырдың орта шенінде бір саяхатшы қазақ елін аралап, сол туралы кітап жазған екен. Мен жаңа басты сол саяхатшының кітабы бойынша атқардым. Артықкемін өздеріңіз байқаған шығарсыздар. Ұлы қазақ халқы үшін, Қызыл Армияның жеңісі үшін көтерейік, — деді.

Міне, М.Хакімжанова осылай деп жазады. Екі жағдайды баяндап отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені бүгінгі «заманауи» қазақ ұлттық бас тағамымыздың байыбына бара бермейді. Қонақтықта немесе садақаларда бас ұсынса, отырғандар оны «Сен ұста да, сен ұста» деп, біріне бірі ысырып, берекесін алады. Осыдан соң бұл жайларды оқырман өзі салыстырып, қорытынды шығарар деген ойдамыз.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ