9.06.2020, 17:20
Қараулар: 111
Нәубеттен малшылар да қаза болған…

Нәубеттен малшылар да қаза болған…

Қазіргі заманғы Қазақстан тарихында қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-1932 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса, көп айтыла бермейді. Егемендігіміз еңсесін көтергенше бізде бұл тақырыпта туындылар жазып, оны баспа бетіне шығару қиынға түскен. Бұл ретте біздің ойымызға алдымен Бейімбет Майлиннің 1921 жылғы ашаршылық туралы жазылған «Берен», «Қырманда» атты хикаяттары, «Күлпәш», «Ашаршылық құрбаны», «Айт күндері» әңгімелері оралады. Алайда ол кезде бұл тақырыпта жазуға тыйым салынды. Тек 90-жылдарға қарай ғана жазушылар өздерінің туындыларында қазақтың тамырына балта шабылған ашаршылық зұлматтың бетбейнесін көрсететін шығармалар жаза бастады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқының бір ғасырда үш бірдей ашаршылықты бастан кешкенін байқаймыз. Оларды 1919-1922 жылдардағы аштық (1,5 млн. адам ажал құшқан), 1931-1933 жылдардағы аштық (2,5 млн. адам қаза болған) және 1946 жылдары болған аштық деп қарастыруға болады. Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15-20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған.

Ғалымдар ашаршылық қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегергенін айтады. Осы ретте Елбасының «Егер ашаршылық болмағанда, біз қазір 45-50 миллион халық болып отырар едік» деген тұжырымында шындық бар. Елімізде 1920 және 1923 жылдары жүргізілген ауылшаруашылығы санақтарының, сондай-ақ Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.Швецовтың мәліметіне сәйкес, 1921-1922 жылдары орын алған нәубет Батыс Қазақстан халқының 31,4 пайызының қырылуына себепші болған. Тіпті, қайсыбір елді мекендерде алапат жұт халықтың 100 пайызын қамтып, адамдар жаппай қырылған. Осындай нәубет біздің ауданда да болған.

Облыстық әділет басқармасынан сақталу мерзімі өткен соң аудандық мемлекеттік мұрағатқа қайтарылған құжаттардағы мәліметке сүйенсек, ашаршылық Жақсыбай ауылын да айналып өтпеген. Жақсыбай ауылдық кеңесінің 1924 жылғы қаза туралы жазбаны тіркейтін кітабында елді мекен тұрғындары ашаршылықтан және сүзек, туберкулез, тырысқақ, қышыма, бөртпе аурулары салдарынан  өлгені жайында дерек бар. Сарғайған құжаттардың көпшілігі араб қарпінде жазылған. Арасында орыс тілінде толтырылған құжаттар да бар. Оларды оқығанда Жақсыбай ауылдық кеңесіне қарасты №3, №4 және №6 ауылдарда 1921 жылы аштықтан он жеті, 1922 жылы он үш адамның қаза тапқанын білдік. Аталған ауылдарда ашаршылықтан өлгендердің дені малшы деп жазылған. Құжаттағы аштан өлген адамдардың аты-жөні қарындашпен жазылғандықтан анық емес, дейтұрғанмен шамалап оқуға болады. Мәселен, 1921 жылы ашаршылықтан қайтыс болған №4 ауылдың тұрғыны Нұрғазы Көпиев 1863 жылы туып, 58 жасында аштықтан өлген. Оның қатарында Рамазан Оразов (1864 жылы туған), Иман Оразов (1876 жылы туған), Жұматай Жанбаев (1876 жылы туған), Арыстан Төлеғазиев (1895 жылы туған), Молдағали Тапалов (1899 жылы туған) сынды азаматтар бар. Құжаттардың толық болмауы және жазбаның көпшілігі арабша жазылғандықтан Жақсыбайда қанша адамның аштықтан қырылғаны туралы нақты айту мүмкін емес. Ал көнекөз қариялардың есінде мықты сақталған 1930-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық туралы айтар сөз басқа.

Өлгендер қайтып келмейді. Өткенді ұмытпасақ, өркениетке жетеміз. Кешегісін білмеген елдің ертеңі жоқ. Өшкенді жандырып, қаза болғандардың рухы алдындағы парызымызды орындайық.

Әсемгүл ҚУАНҒАЛИЕВА