9.06.2020, 17:23
Қараулар: 271
Қандай ойыншық таңдаған дұрыс?

Қандай ойыншық таңдаған дұрыс?

Қазіргі таңда әр ата-ана өз баласына қуаныш сыйлау үшін ештеңе аямайды. Ал баланың серігі де, ермегі де — ойыншық. Өкініштісі, қыруар қаржыға сатып алынған ойыншық шыдас бермей әп-сәттен әстен шығады. Өйткені, көздің жауын алар ойыншықтың барлығы Қытайдан әкелінеді. Мұндай ойыншықтардын бөлінетін иіске бала түгілі, ересек адамның да төзуі мүмкін емес. Алайда, кейбір ата-ана олардың бала ағзасына қауіпті екенінен хабарсыз. Ең бастысы баласы әперген ойыншықпен ойнап, мазасын алмаса болғаны.

Ойыншық — баланы жанжақты тәрбиелеу құралы. Ол баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі. Қиялын дамытып, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарғыштығын қалыптастырады. Сондай-ақ талғампаздыққа тәрбиелеп, өнерге ынталандырады.

Ендеше, балаға ойыншықты қалай таңдаған дұрыс? Күнделікті өмірде мұндай жауапты іске мән беретіндер аз. Жұрттың ойыншықты таңдай білу, тұтынушылық құқықты талап ету мәдениетін білмейтіндігін басынған өндірушілер де ойыншықты сапасыз шығаруға әбден үйреніп алған.

Айгүл есімді ауыл тұрғынының айтуынша, баласына мүмкіндік болса сұраған ойыншығын алып береді екен. Мейлі ол резеңке, жұмсақ не қатты металдан болса да бәрібір.

-Мен оның сапасына қарамайды екем. Ең бастысы балама ұнаса болғаны. Өзім ойыншықтардың сапасын ажырата алмаймын. Көздің жауын алар ойыншықта не жамандық болады деп ойлайсың? Аузына салдыртпауға тырысамын. Ойнап болғаннан кейін қолын жуып аламын. Бірақ, бала болғасын кейде көзін уқалайды, аузына қолын салады не болмаса менің жоқтығымды пайдаланып, ойыншықты аузына салып үлгеріп жатады. Әзірге ешқандай ауру немесе аллергия байқамадым, — деді ол.

«Балаға қандай ойыншықтарды таңдаған дұрыс?» деген сауалымызға аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Іңкәр Хасайынова, ең алдымен, оның сапасын растайтын құжаттардың бар не жоғына көз жеткізу керектігін айтты.

– Ойыншықты дұрыс таңдау өте маңызды. Балаларға арналған тауарларды тек заңды тіркелген сауда орталықтарынан ғана сатып алу керек. Алған кезде оны мұқият тексеріп, иіскеп, сипап көру, сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарына көңіл бөлу қажет. Ойыншықтардың жапсырмаларында жазылған атауы, шығарған елдің және өндірушінің аты, өндірілген күні, сақтау мерзімі, күтім тәсілдерінің бәрімен танысып шығу аса маңызды. Материалдарына жіті көңіл бөліңіз, ойыншықтың өткір бөліктері болмауы керек. Егер жұмсақ ойыншықтарды таңдасаңыз оны қалай таза ұстау, жууға болатындығы немесе болмайтындығы туралы нұсқаулықпен танысып алған жөн. Уақ бөлшектері бар ойыншықтарды таңдағанда да аса мұқияттылықпен қарап алу керек. Уақ бөліктері ойыншыққа дұрыстап бекітілгенін бақылап, бала ойнап отырған кезде тіспен жұлып алмайтындығына әбден көз жеткізген дұрыс. Егер ойыншықтан өткір, жағымсыз иіс шығып тұрса, ол ойыншықтың сапасы төмен екендігінің бір дәлелі. Дыбыс шығаратын ойыншықтардың дауысы баланы тітіркендірмеуі, шошытпауы керек және атааналарға бір ескертетін жайт, ойыншық қашан да баланың өз жасына сай болуы қажет. Сапа сертификаты жазылған жапсырмасы жоқ ойыншықтарды алмаған дұрыс. Өйткені, олардың қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сай екендігіне сенімді бола алмайсыз, — деді Іңкәр Жәдігерқызы.

Гүлім ҚАБДОЛОВА