9.06.2020, 17:28
Қараулар: 349
Келеді әкенің ізін жалғап…

Келеді әкенің ізін жалғап…

«Мал баққанға бітеді»  дегенді бұрынғы ата-бабаларымыз біліп, өлшеп-пішіп айтқан.  Қыста күннің ызғарына, жазда ыстығына шыдап, одан қалды малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташыларды да, бақташының бар бабын тауып отырған шаруа қожалығының иесі де мақтауға тұрарлық. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндіктің қайырын бірқатар жастар татып отыр. Бірі мал өсіріп, екіншісі құс ұстап  шаруасы шалқыған шаруашылықты көргенде көзің қуанып, көңілің толады.

Бүгінгі айтқалы отырған шаруа қожалығы иесінің жайы тіптен бөлек. Себебі ол жай ғана шаруаның иесі ғана емес, әкенің ізін басып, жолын жалғастырушы да. Ол Қамысты ауылының тұрғыны, әкеден қалған шаруа қожалығын бүгінде дөңгелетіп отырған Талғат Тайланов.  Небәрі  22 жасында әкесінен айрылған Талғат қазір үйінің тірегі, қамқоры әрі қолдаушысы. Әкесі марқұм Жанболат Ғұмаров «Талғат» шаруа қожалығының ісін осыдан 14 жыл бұрын бастаған.

-Әкем ең алғаш 2006 жылы шаруашылығын 20 ірі қара малмен   бастаған. Ол уақытта мен бар-жоғы он жаста болатынмын. Бірақ үнемі оның қасында жүріп, өсе келе қолымнан келетін уақ-түйек істерге көмектесе бастадым. Оқу бітіріп кеткеннен кейін де демалыс уақытында қасынан  қалмай, әкемнің әрбір жасаған ісін, сөйлеген сөзін құлағыма құйып алатынмын. Себебі, есейе келе менің де қызығушылығым артып, қожалықтың  қыр-сырын игеруге құмарттым, — деді шаруа қожалығының қазіргі жетекшісі.

Тағдырдың жазуымен осыдан бір жыл бұрын әкесінен айырылған Талғат мойнына үлкен жауапкершіліктің артылғанын түсініп,  өткен жылғы шілде айында шаруашылықты өз атына аударады. Мұнай-газ саласының техник-инженері мамандығы бойынша жоғары оқу орнын  бітірген Талғат бізге алдағы уақытта мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін айтты .

-Алға қойған мақсатым – әкемнің шаруашылығын өркендету, өсіру, өндіру. Алдын ала ойластырылған жоспарым да бар. Бастамасында шаруашылықтың жайы көзіме қиын  болып көрінді. Бірақ «көре-көре көсем боласың» демекші, әкемнен көргенім бар, білгенім бар, ақырындап жүріп келе жатырмыз. Қазіргі таңда шаруашылығымда 350-ге жуық ірі қара, 3 трактор, шөп буатын екі пресс, шөп машинасы  бар. Ауылдағы бір әйел, екі ер адамды жұмыспен қамтып отырмын. Көзі тірісінде әкемнің мал шаруашылығын дамыту мақсатында алған несиесін өзім өтеудемін, — деді ол. Сонымен қатар шаруашылықтан бөлек, Қамысты ауылында орналасқан тойхананың барын баяндаған ол: — Бұл тойхана менің артымнан ерген іні-қарындастарыма да тиесілі болғанымен, әзірге менің атымда.  Өзімнен  кейінгі өкшемді басып келе жатқан қарындасым кәмелет жасқа толды, ал қалған екі бауырым мектеп жасында, — деді.

Әкеден қалған мал-жан, дүние-мүліктің жас қожайыны Талғат ауылдағы қайырымдылық істерден де  қалыс қалмауға тырысады. Қолынан келетін көмекті беруге әзір тұратын ол зекет беретінін де айтып өтті.

«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Әкесінің қаншама жылдық еңбегі мен маңдай терін текке жібермей, қазір де адал еңбегінің ақ майын татып отырған  шаруа қожалығының басшысы  Талғаттың бұл ісі — анасы мен әкесіне үміт артып отырған еңгезердей ез жастарға  үлгі етуге тұрарлық іс.

Гүлім АСҚАРҚЫЗЫ

 

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар