19.06.2020, 11:52
Қараулар: 398
Келіншек көлік айдаса…

Келіншек көлік айдаса…

Әдетте көлік тізгінін ұстау жынысқа бөлінбесе керек-ті. Қазір ер азаматтармен бірдей әйел заты да кез келген көлік құралын жүргізіп жүр. Бұған таң қалудан қалдық. Бұл әйелдірдің көлік рөлін ұстауы қарапайым өмірлік қажеттілік. Дегенмен, бұл мәселеге келгенде қоғамда екі түрлі пікір бар. Кей адамдар техника әйелдердің нәзік болмысына жат, сондықтан олардың көлік тізгіндеуі қауіпті десе, қайсыбіреулер әйелдер ер азаматтарға қарағанда жолда мұқият деседі.

Аудандық мемлекеттік-техникалық инспектор Данияр Мұқатов аудан орталығында көлік жүргізетін әйелдердің көптігін айтады. «Жыл сайын көлік жүргізуші әйелдер саны көбейіп келеді. Нәзік жандылардың көлік жүргізу құжатын әкесінен, ағасынан, жарынан сыйлыққа алуы сәнге айналған. Олардың арасында арнайы курстарға қатысып, техникалық білім алатындар аз. Көпшілігі біреуден үйренгенді қанағат тұтады. Куәлікте кімнің сатып алғаны, кімнің оқығаны көрсетілмесе де жол жүру ережесін бұзған кезде аңғарылады. Айтпағым, жол ережесін білмейтіндер көп. Оған көзім жетті. Тіпті белгілерді ажырата алмайтындарға не дейсің? Өткен жылы аудан орталығында көлікті тізгіндеген азаматша жол ережесін өрескел бұзып, басты жолмен өтіп бара жатқан көлікке қақтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды. Абырой болғанда, Алла сақтап, екі жүргізуші де аман қалды. Алайда, көліктің күл-талқаны шықты. Жүргізуші әйел айыппұлмен құтылды. Одан басқа да жол ережесін бұзған нәзік жандылар көп. Осындай оқиғаларды болдырмау үшін көлікті тізгіндеген әр әйел өзіне артылған жауапкершілікті сезінуі қажет. Жұмыс барысында байқағаным, әйел адамның табиғаты айқай-шу шығаруға бейім болғандықтан, кейде жай сөйлесу мүмкін емес. Өзінікін дұрыс деп дауласа кетеді. Ер адаммен салыстырғанда әйелдермен жұмыс істеу қиынырақ», — деп күлді инспектор.

Көлік жүргізуде он жылға жуық тәжірибесі бар Азамат есімді таксист жігіт әйелдердің көлік жүргізуіне қарсы. «Әйел адамдар көлікке отырғанда сырттағы адамдардың көзқарасын ойлаумен болады. Жалпы, әйел көп ойланады ғой. Көлікті айдау барысында да жол ережесін емес, бала-шаға, үйдегі, жұмыстағы қиындықтарға көңілін көп аударуы ғажап емес. Сондықтан олардың көлік рөлін ұстағанына өз басым қарсымын», — дейді ол.

Онымен Айнұр есімді 32 жастағы жәнібектік келіншек келіспейді. «Әйел адам ер адамға қарағанда көлікті ұқыпты жүргізеді, әрі таза ұстайды. Ерлердің көбі жылдамдықты арттырып жүреді. Біздер «ақырын жүріп, анық бас» демекші, мұндай келеңсіздіктерден айналып өтеміз. Менің көлік мінгеніме бес жылдан асты. Кейде сасқалақтап қалатын сәттерім болады. Бірақ, мұндай жағдайға ер адамдар да тап болуы мүмкін. Біздің ең басты кемшілігіміз – көлік жөндеу білмейміз. Сынып қалса, мамандарға жүгінуге тура келеді», дейді ол.

Есімін жасыруды сұраған Жәнібек ауылы тұрғынының рөлде отырғанына он жылдың көлемі болып қалыпты. «Шыны керек, көліксіз қалай өмір сүретінімді елестете алмаймын. Әйел адамдар білім, сауда, басшылық қызметте, тіпті спортта да ер азаматтармен тең екендіктерін әлдеқашан дәлелдеді. Көлік айдауға келгенде де еш кем емес деп ойлаймын. Өз басым кішкентайымнан әкемнің қасынан қалмайтынмын. Әкем жүргізуші болды. Машинаны қатты жақсы көрдім. Ер бала сияқты өскендіктен, жөндеу жұмысы да жат емес. Көлік алуыма ең бірінші себеп — бала кезден қалыптасқан ынтазарлығым. Бүгінде отбасында ер адам жоқ болғасын көлігім – көмекшім. Оған ұқыпты қарауға тырысамын. Жолда жүру ережесін ерден артық білмесем, кем білмеймін. Қыздардың көлік айдағанынан үрейленудің қажеті жоқ. Ерлердің ішінде де нашар айдайтындар бар», — дейді ол. Сауд Арабиясында әйелдерге жүргізуші куәлігі тұңғыш рет 2018 жылы берілген. Оған дейін Арабия әлем бойынша әйелдердің темір тұлпарды тізгіндеуіне тыйым салынған жалғыз мемлекет болатын. Кезінде трактор айдап, ғарышқа ұшқан әйел-аналар көлікті де айдай алады. Алайда, қазіргі заманда көп дүниені ақшаға сатып алуға болады. Осының салдарынан көлік жүргізуге куәлік сатып алғандай жеңіл қарайтындар табылады. Көлікті сауатсыз тізгіндеудің ар жағында адам өмірі, денсаулығы тұр. Оқыту, куәлік беру орталықтары жүргізуші куәлігінің құнын түсірмей, адал еңбекпен оқығандарға тапсырса жол-көлік оқиғалары да азаяр еді. Ел арасында сан түрлі пікір болғанымен, азаматтардың құқығы біреу. Ал басты талап – заңды бұзбау.

Ә.ҚУАНҒАЛИЕВА