23.06.2020, 15:27
Қараулар: 153
Қарымды қаржыгер

Қарымды қаржыгер

Мемлекеттік қызметтің өз жүгі, биігі бар. Сол жүкті бар ыждаһатымен арқалап, әділдігі, қарапайымдылығымен жастарға үлгі болған мемлекеттік қызметшілердің бірі Айгүл Мәжитова. Ол аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы қызметін абыройлы атқарып келеді.

Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Айгүл Нұрсұлтанқызы мектепте сабақты үздік оқиды. Озат қыздың арманы да асқақ болады. Бала кезінен қаржы мамандығын игеруді армандайды. 1979 жылы Бисен Жәнекешов атындағы орта мектепті бітірген ару арман қуып Алматыға келіп Алматы халық шаруашылығы институтының финанс және кредит мамандығына құжат тапсырады.

-Біз мектеп бітірген жылдары аудан әкімшілігінен түлектерге оқу орындарына жолдама беретін. Жолдаманың оқуға түсуге көмегі тиеді. Мен жолдаманы Алматыдағы халық шаруашылығы институтына сұрағанда «аудан бойынша екі оқушыға берілді, артық болмайды» деп бермей қойды. Мүмкін шопанның қызы сол замандағы ең үздік институтқа түсетініне сенбеген шығар. Сөйтіп, жолдамасыз, өзіме сеніп үлкен шаһарға кеттім. Ауданнан жолдамамен барған екі жігіт те емтиханнан құлады. Менің жолым болып, емтиханды сәтті тапсырып, оқуға түстім. Институтта қазақ группасы болмағандықтан орысша оқыдым. Бір ауыз орысша білмейтін ауылдың қызына ол да кедергі болмады. Басында қиналғанмен, кейін үйреніп кеттім,-дейді қаржыгер.

Оқуды ойдағыдай аяқтаған болашақ қаржыгерге алып шаһарда қалуға мүмкіндіктер ашылады. Алайда, әпкесінің бір ауыз сөзі оның ойын өзгертеді.

-Отбасында үш ұл, үш қыз болдық. Біріміз оқысақ, біріміз жұмыс жасап, үйден жырақта жүрдік. Қолыма диплом алған соң қалада жұмысқа тұруды жоспарлаған болатынмын. Марқұм әпкем «Бәріміз жан жақта жүрміз. Сен ауылға барып еңбек ет. Әкемнің жанында болып, оған көмектесші»,-деп апалық ақылын айтты. Содан әкемнің қасына келіп, алғаш еңбек жолымды 1983 жылы Орда аудандық қаржы бөлімінде ревизор-инспектор болып бастадым. Кейін тағдырдың жазуымен күйгенкөлдік Мирболат Мәжитовке тұрмысқа шықтым. Ордадан ауысып Жәнібекке келдім. Содан, міне, 37 жыл бойы қаржының қазанында қайнап, ревизор, экономист, қаржы бухгалтері, кадрлар инспекторы сынды қызметтерді атқардым. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 23 жылды қамтиды,-дейді бас маман.

Қиыншылықсыз сала жоқ. Әр мамандықтың өз ауыртпалығы болады. Қаржы саласында жұмыс істеп жүрген мамандар әлемдегі экономикалық өзгерістердің барлығын біліп, меңгеруі тиіс. Мұндай өзгерістер күнделікті болуы мүмкін. Ал кәсіби қаржыгер Айгүл Нұрсұлтанқызы керісінше өз кәсібін ең тыныш жұмыс деп есептейді.

-Мен жұмыстан ләззат алатын адаммын. Бүгінде аудандық қаржы бөлімінде білікті мамандар шоғырланған. Басшымыз да қызметкерлерді үнемі қолдап жүреді. Сүйікті кәсібім арқылы аудан экономикасының дамуына үлес қосып отырғаныма разымын,-дейді ол.

Бүгінде Айгүл Нұрсұлтанқызы үлгілі мемлекеттік қызметкер ғана емес, көпбалалы ана. Жолдасы Мирболат екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Барлығы да жоғары білімді мамандар. Бас маманның саладағы ерен еңбегі лайықты бағаланып, облыс, аудан әкімдігі тарапынан сан мәрте марапатталған.

Әсемгүл ӘБДІЛДА