23.06.2020, 15:48
Қараулар: 480
Халық сенген сақшы

Халық сенген сақшы

Мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауда тәртіп сақшысы, полиция майоры Айбек Мамаев ұзақ жылдар қызмет атқарып келеді.

Айбек Ерболатұлы 45 жыл бұрын Волгоград облысы Палласовка ауданы Эльтон ауылында дүниеге келді. Аудан орталығындағы №1 орыс мектебін бітірген соң Жәнібек совхоз училищесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Ақтөбе қаласындағы №6665 әскери бөлімде Отан алдында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін еңбек жолын Жәнібек ауданындағы «Орбита» коммуналдық кәсіпорнында радиомеханик қызметінен бастаған. 1997 жылы Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік тергеу комитеті бөлімінің уақытша ұстау изоляторының кезекшісі, аудандық полиция бөлімі мен Орал қаласында партрульдік полиция жүргізушісі қызметтерін атқарған. 2005 жылдан 2014 жылға дейін аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі, криминалдық полиция тобының кіші жедел уәкілі, учаскелік полицияның көмекшісі, кезекші бөлімнің инспекторы лауазымдарында жұмыс істеген. 2014 жылдан бастап осы күнге дейін аудандық полиция бөлімінің аға кезекші инспекторы қызметін атқарып келеді.

 

Ішкі істер саласына өз өмірін арнаған полиция майоры Айбек зайыбы Айгүл екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат күнделікті күйбең тірлік арасынан уақыт тауып, бала тәрбиесіне де ерекше мән береді. Тұңғыш қызы Алина Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің 3-курс студенті. Ұлы Әлижан Ақтау қаласында әскери борышын өтеуде. Әсем мен Ералы аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейдің 5-сынып және мектепалды даярлық тобының үздік оқушылары ретінде өздерін көрсетуде.

-Кезекші бөлімнің «102» нөміріне тәулік бойы тұрғындардан түскен хабарламалар, олардың барлық арыз-шағымы мен талап-тілектері, күні бойы болған оқиғалар дамылсыз қабылданады. Бөлімшеде екі ауысымда 3 адам жұмыс істейміз, — деді полиция майор.

Бүгінгі таңда Айбек Ерболатұлы өз жұмысын сапалы атқара білгенінің нәтижесінде тұрғындардың сенімінен шығып, алғысқа бөленіп отыр. Ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ІI және ІІI дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ