25.06.2020, 11:58
Қараулар: 82
Ғалым-лингвист, талантты педагог еді

Ғалым-лингвист, талантты педагог еді

Жәнібек жері таланттарға кенде болған емес. Олар хақында аудандық ардагерлер үйінде біраз мәліметтер бар. Бірде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Жәнібек ауылында туып-өскен жерлесіміз, ғалымлингвист Валентина Есенғалиева туралы айта келіп: «Газет оқырмандарына таныстырсаңыздар аудан халқы біліп жүрер еді» деп, ол кісі туралы мәліметтерді қолымызға ұстатты. Төменде талантты педагог туралы мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Валентина Есенғалиева 1924 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек стансасында дүниеге келген. 1941 жылы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға қабылданады. Бірақ, анасының аурулығына байланысты оқуын жалғастыра алмайды. Кейін Валентина Әйтешқызы В.И.Ленин атындағы Орталық Азия мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, өзінің ойлаған арманына қол жеткізеді. Осында оқи жүріп Виктор Жирмунский, Евгения Бертельс, Александр Бернштам, Сергей Малов сынды белгілі ғалым-филологтардың лекцияларына қатысып, тамаша білім алып шығады.

1948 жылы жоғары оқу орнын үздік аяқтаған соң Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына түсіп, Сталиндік шәкіртақының иегері атанады. 1952 жылы «Русские предлоги и их эквиваленты в казахском языке» тақырыбында диссертациясын абыроймен қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленеді. Валентина Әйтешқызы ғылыми-педагогикалық қызметін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында мұғалім болып бастайды. Қаз КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып отыз жыл, жиырма жылдан астам уақыт меңгеруші, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың орыс филологиясы факультетінің кафедра профессоры болып қызмет атқарды. 1986-2014 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ғылыми жобаларына қатысқан.

В.Есенғалиева өзінің бойындағы талантын, қажыр-қайратын, бар өмірін өзі шексіз сүйген ғылымға арнады. Ол тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танылған 200-ден астам жарияланымның, соның ішінде 20-дан астам күрделі монографияның, оқу құралдарының, ғылыми мақалалардың авторы. 1967 жылы Валентина Әйтешқызының докторлық диссертациясын қорғау барысында он үш түркі тілін зерттеуі лингвистикадағы нағыз жаңалық болып танылды.

В.Есенғалиеваға белсенді азаматтық ұстаным тән болатын. 1949-1954 жылдар аралығында БЛКЖО Орталық Комитетінің мүшесі бола жүріп, конгрестер мен форумдарда баяндама жасап, Одақ пен Қазақстанның жастарын әлемдік деңгейде лайықты таныта білді. 1953-1959 жылдары еңбекшілер депутаттары Алматы облыстық Кеңесі үш шақырылымының депутаты болып сайланған. 1957-1969 жылдар аралығында Қазақ КСР «Білім» республикалық қоғамдық ұйымы президиум басқармасының мүшесі болған. В.Есенғалиеваның есімі Педагог, Ғалым және Адам ретінде үлкен әріптермен жазылады. Ол өз бойына әділдік, принципшілдік, талапшылдық, мейірімділік, ізгілік және ең бастысы адамгершілік сияқты ғажап қасиеттерді сіңіре білді. Оның зор ынта-ықыласы мен қызығушылығының арқасында «Культура поведения советского человека», «Европа елдерінде», «Новообразования в русскоязычной прессе Казахстана», «Как себя вести» атты кітаптар жазылып, баспадан шықты. Сондай-ақ «Во имя жизни» атты пьесасы М.Горький атындағы Мәскеу көркем академиялық театры тарапынан жоғары баға алды.

Ол 23 елде болып, әлемнің жетекші университеттерінде лекция оқыды. Оны қай жерде де педагогтар, жас ғалым-зерттеушілер мен студенттердің кең аудиториясы қоршап жүрді. Ол көптеген ғалымдарды дайындап және тәрбиелеп шығарды. Өз кезегінде олар ұстаздарының ғылыми ізденісін жалғастырып, екеуі ғылым докторы, жиырмадан астамы кандидаттық атақтарын қорғады.

В.Есенғалиеваның еңбегі мен жеткен жетістіктері «Құрмет» орденімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының Алғыс грамотасымен атап өтілді.

Валентина Әйтешқызы ғылымды, шығармашылық пен еркіндікті қашан да өмірінің мәні санап, «Ар-намыс бәрінен де жоғары тұруы керек» дегенді қайталаудан танған жоқ.

Көрнекті ғалым-лингвист, талантты педагог, әлемдік деңгейдегі зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Валентина Есенғалиева 2017 жылдың тамыз айында 94 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

А.ОРЫНҒАЛИҰЛЫ