25.06.2020, 15:06
Қараулар: 392
Тоғыз қожалық жерді пайдаланбай отыр

Тоғыз қожалық жерді пайдаланбай отыр

Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жерді кім игерсе, ол соған тиесілі болуы керектігін және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай елімізде жер мәселесі жиі көтеріліп, жер пайдаланушыларға талап күшейтілуде.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерге салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру, жер телімдерін қайтармауға болатын мерзімді қысқарту, ғарыштық мониторингке көшу бойынша заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу мәселелерін қарастыруда.

-Себебі, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу мәселесі өткір қойылуда. Таяуда облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне байланысты аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары қатысқан селекторлық кеңес өтті. Ондағы айтылған мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 2019-2020 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмаған жер көлемі 860,3 мың гектарды құраған. Бұл бағытта ауданымыздың жер қатынастары саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы және өкілетті органдар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау және ауыл шаруашылығы айналымына қайта тарту шараларын ұйымдастыруда. Осы ретте 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудан аумағында 14 200,0 гектар пайдаланылмайтын жерлер анықталды. Соның ішінде егістік жерлер 1797,0 гектар, жайылымдық жерлер 12 403,0 гектар. Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан 6400,0 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған 7800 гектар жер бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдануда, — дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 38-бабы бойынша аудан көлемінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жасырын түрде қосалқы жалдауға (субаренда) берушілер туралы мәлімет тіркелмеген. Сондай-ақ алған ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатына сай пайдаланбай отырған меншік иелері мыналар: «Равиль» (Шәміл Салахов) — 1387, «Жаппас» (Шүкірғали Әбдірахманов) — 410 гектар егістік, «Айдана» (Нұргүл Мұстафинова) — 200, «Вахид» (Райса Юсупова) — 150, «Байсар» (Берік Ғұмаров) — 250, «Мәдина» (Асыланбек Құспанов) — 250, «Қонысбай» (Бисен Қалжықов) — 175,7, «Болашақ» (Сапиолла Еркінәлиев) — 780, «Асылзада» (Бекжан Құбаев) — 312 гектар жайылымдық жерлерін тиімді пайдалануға, шаруашылықтарын дамытуға немқұрайлы қарап отыр.

-Қазіргі таңда жоғарыда аталған меншік иелеріне жергілікті атқарушы және өкілетті органдар түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деді Нұрболат Зұлыпқарұлы.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ