2.07.2020, 10:30
Қараулар: 518
27 жасында кеңшар басқарған

27 жасында кеңшар басқарған

Өз еліне еңбек етіп, өнегелі ісімен танылған Аманкелді Шәкірұлының дүниеден өткеніне бес жыл болса да, жәнібектіктердің көңіл төрінен орын алғаны шындық. Ауылдан шыққан қаршадай қара баланың жүріп өткен еңбек жолы осы күнгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі, ұрпаққа өнеге болсын деген оймен қалам тартып отырмын.

Ол 1938 жылы Жәнібек ауданының Ақоба ауылындағы Ащыөзек өзені бойындағы ноғай-қазақ тайпасының қостаңбалы бөлімінің шаңырағы Шәкір атамыз бен қазанқұлақ Бәтима анамыздың отбасында дүниеге келген. Онда Сәруар, Әсима есімді екі қыз, Аманкелді, Есенкелді, Асқар есімді үш ұл өскен. Атамыз Бөкей ордасы ауданының Қарғалы ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, оралмаған. Ізтүзсіз жоғалғандардың есебінде болған. Анасы Бәтима қаршадайларында жетім қалған балаларды жетектеп, Калинин атындағы кеңшарда тұрып жатқан өз бауырларының қасына қоныс аударған.

Аманкелді ағамыз Жәнібектегі қазақ орта мектебін 1956 жылы алтын медальға бітіріп, 1960 жылы Алматыдағы зоотехникалықмалдәрігерлік институттың малдәрігерлік факультетін қызыл дипломмен аяқтап, оқу орнының арнайы жолдамасымен Жәнібек ауданына қарасты Сайқын ауылындағы М.Мәметова атындағы кеңшарда алғашқы еңбек жолын бастаған. Ағамыз сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында институтты бітіріп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алып, елге оралған жас мамандардың бірі болды. Ол еңбекке араласқан алғашқы күннен көптеген жақсы істерімен көріне бастайды. Екі жылдан кейін, 1962 жылы Аманкелді ағаны Калинин атындағы кеңшарға бас мал дәрігері қызметіне тағайындайды. Өз шаңырағына оралған ағамыз анасын алақанына салып аялап, бауырларын қамқорлайды. Қоғам малын әртүрлі аурулардан аман сақтау үшін малдәрігерлік шаралардың уақтылы да сапалы өтуін қатаң қадағалаған. Мемлекетке сапалы мал өнімін өткізу, қоғам малын өз төлі есебінен өсіру, малшы-шопандардың тұрмыстық жағдайына көңіл бөлу мәселелеріне де араласты. Мал дәрігер ретінде қойдың кейбір ауру түрлеріне ем қолданып, қажет деп тапқан жағдайда «ота» жасап, өріске қосып отырған.

Аманкелді ағамыздың бойындағы мал шаруашылығына деген жанашырлығы мен жаңашылдық қасиетін сезген аудан басшылары оны 1965 жылы Ленинград қаласына білімін жетілдіру курсына оқуға жібереді. Сол жылы Кеңес өкіметінің ұжымшарларды ірілендіріп, кеңшарлар құру жөніндегі қаулысына сай алғашқыда «Ленин жолы» ұжымшары болып құрылған, кейін «Жәнібек» кеңшарының бөлімшесі болған Ұзынкөл ауылы 1965 жылдың шілде айында «Ұзынкөл» кеңшары болып құрылып, оған сол жылы алғашқы директоры болып 27 жастағы Аманкелді Шәкірұлы тағайындалған. Ауылдың мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыта отырып, көптеген құрылыс нысандарын салған еңбегі жоғары бағаланды. Орталық партия комитетінің ауыспалы Қызыл туын иеленген шаруашылық дәрежесіне жеткізіп, ұзақ жылдар бойы кеңшар директоры қызметін атқарды. Кейін лауазымы жоғарылап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, зейнетке шыққанға дейін аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Оның ауданға істеген игілікті істері әлі күнге дейін ауыл адамдарының есінде. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Борсы ауылындағы КПСС ХХVI сьезі атындағы кеңшарда ірі қара малынан өте қауіпті «сібір жарасы» дерті шыққанда Аманкелді аға бастаған топ барып, ауылды карантинге жауып, ауруға шалдыққан адамды, малды емдеуде ерлікке тең жұмыс атқарғанының куәсі болдық. Оның ауданға сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1970 жылдан бастап көптеген мерекелік медальдармен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», тың игерудің 25 жылдығына арналған төсбелгілермен, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.

Оның адамгершілік қасиетін, жайдары да жұмсақ мінезін, ақылпарасатын аудан халқы жақсы біледі. Ол өз ғұмырында үлкенге ілтипатты іні, кішіге ақылман аға болды. Өмірінің соңғы жылдарында ауырып жүрсе де өзін қазыналы қалпын сақтады.

Ағамыздың осындай қадірқұрметке бөленуіне сүйікті зайыбы, өмірлік серігі Жеміс Мұқашқызының да үлесі зор. Оның қонақжайлылығы мен пейілінің дарқандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын айтпай кетуге болмайды.

Жеміс жеңгеміз де отбасындағы он баланың ең кенжесі. Әкесі Мұқаш Уәлиев Бұғанай Байбақты, анасы Нәбира Жаңбыршы Беріш, Қарабайлы ауылына қарасты Азғыр жерінің тумасы. Ата-әжеміз Бөкей ордасына қарасты Шоңай ауылын мекендеген шаңырақта бес ұл, бес қыз боп дүниеге келген. Мұқаш ағамыз «Шоңай» разъезіндегі темір жолда теміржолшы болып жұмыс істеген.

Жеміс жеңгеміз Астрахань облысына қарасты «Басқұншақ» темір жол бекетіндегі ауылда орыс мектебінде оқып, Орал қаласындағы медучилищені бітіріп, фельдшер мамандығымен 1962 жылы жолдамаға сай Калинин атындағы кеңшардағы учаскелік ауруханаға қызметке келген. Қандай дегенмен жеңгеміздің бойындағы орысша тәрбиеленген мінезі, ақжарқын ашықтығы, көпшілдігі, ауылдағы мәдени шараларға қатысуы, соның ішінде алпысыншы жылдардың хиты болған «Ой, ты рожь» әнін сызылта шырқауы оны ағамызға табыстырып тынған. Сол 1962 жылы екі жас маман үлкен өмірге қол ұстасып аттанғанда оларға жәнібектік Шәкір Мәжитов ағамыз елші құда болыпты.

Жеміс ағамыздың шаңырағына аяқ басып, келін болып енгенде Бәтима анамыз құшақ жая қарсы алып, емірене бауырына басқанда ол енесін анасындай үкілеп күтуге, қайын жұртының көңілін табуға, осы алтын босағаның бақыты үшін бар ғұмырын сарп етуге іштей серт берген екен. Жеңгеміз әлі күнге дейін антына берік. Ағамыз өнегелі өмір сүрді. Асхат, Талғат есімді екі ұл, Айгүл, Ажаргүл есімді екі қыз өсірді. Оларды оқытты, ұлдарын үйлендірді, қыздарын ұзатты. Немере сүйді. Олардың бал қылығының куәсі болды. Шаттығына кенелді. Құдалар әулетімен сыйласты, ағайын-туыстың қадірлісі, ауылдастың ардақтысы, өз ортасының сыйлысы болды. Өкініштісі сол, Асхат есімді ұлы жақында ауырып, дүниеден өтті. Жәнібектік жерлестері марқұммен қимай қоштасып, жер қойнауына шығарып салды.

Әркез ауылдастар арасында Аманкелді ағамыз бен Жеміс жеңгеміздің жарасымды жұп екені жиі әңгіме өзегіне айналып жүргенінің куәсі болдық. Екеуінің өзара сыйластығының, жасы сексенге келсе де бір-біріне деген ыстық махаббатының, жылдар асқан сайын жеңгеміздің ағамызға деген сағыныш сезімінің басым екенін оның әркез ағамызды еске алған көз жасынан сеземіз. Ол соңғы жылдары апта сайын үлкен мешіттегі жұма намазына қатысып, ағамызға дұға бағыштап, замандастары сықылды ұрпақтарына өткен өмірдің өнегелі ісі мен өрелі сөздерін насихаттап жүрген әжелердің бірі.

Жәнібектік ауылдастар ағамызды еске алғанда аудан әкімдігі, аудандық мәслихат депутаттары оның ауданға сіңірген еңбегін, «Ұзынкөл» кеңшарына қосқан сүбелі үлесін ескеріп, сол ауылдың бір көшесін Аманкелді Өтеғалиевтің есімімен атаса ол кісінің аруағына көрсетілген құрмет болар еді деп есептейді.

Қалиолла МҰҚАНОВ,

Орал қаласы

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар