2.07.2020, 10:50
Қараулар: 367
«Көне кебеже енемнің көзі болатын»

«Көне кебеже енемнің көзі болатын»

Қыз баланы мәпелеп өсіріп, «Қызға бергенді Қыдыр өтер» деген халқымыз «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп үкілеген қызын жасаусыз ұзатпағанын білеміз. Алыстан ойлайтын аналарымыз жасауға енетін бұйымдарды «Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген тәмсілге сүйеніп, ерте бастан қамданатыны да рас.

Жәнібектік Ғалия Меңдібаева музейге отбасы үшін қадірлі, ал біздер үшін құнды жәдігерді сыйға тартқанда: «Аяулы енем Сапура Меңдібаева жұбайым, марқұм Серікті қосқанда он бала тәрбиелеп өсірген, кеудесінде «Батыр ана» белгісі жарқыраған жан болатын. 1977 жылы осынау берекелі шаңыраққа келін болып түстім. Мен келген қырық бір жылдан бері ас үйіміздің төрінен осы кебеже түсіп көрген емес. Енем осы шаңыраққа 1951 жылы келін боп түскенінде жасауымен бірге келген екен. Міне, алпыс жеті жылдан бері үйдегі азық-түлік осы кебежеде сақталып келеді. Таза, сүрленген ағаштан жасалған кебеженің құрт-құмырсқаны мүлдем жақындатпайтын қасиетіне тәнтімін. Енемнің көзіндей болған бұйымды енді жерлестеріміз көрсін деген ниетпен музейге тапсырып отырмын»,- деп ағынан жарылды.

Түбі қалың тақтайдан жасалған, қақпағы жармалы, ешқандай шегесіз бекітіліп, топсаның орнына кергіш ағаштармен жымдастырылған, қақпағының бетіне ою салып өрнектелген кебеже бүгінде музей көрермендерінің көз қуанышына айналған.

 Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

облыстық тарихиөлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар