22.07.2020, 18:28
Қараулар: 209
Балаңды өзің бағасың ба?

Балаңды өзің бағасың ба?

-Сәлем, Айша, қайдан келесің?

-Жұмыстан.

-Жұмысы қалай? Жақында босанған едің ғой. Сәбиіңді кімге қалдырдың?

-Ой, мен екі балама да бес ай болғаннан кейін бала күтуші жалдадым. Үшіншісінде де декреттік демалысым ұзақ болмады. Үйде отырғым келмейді. Оның үстіне несие төлеу керек. Жолдасымның жалақысы жетпейді.

Бұл дүкенде кезекте тұрған екеудің әңгімесі. Расында да, бұрын ата дәстүрімізде болмаған, тіпті естіп-көрмеген «бала күтуші» деген термин қазір ентелеп, қолданысқа еніп кетті. Бұған дейін «няняларды» тек сериалдан көріп, қалада ғана болады деуші едік, соңғы кездері алақандай ауылда да бала күтушіге жүгінетін атааналарды жиі кездестіреміз. Бұл да бір өмірдің көрінісіне айналды. Ал енді бауыр етің балаңды өзгеге бақтыру қаншалықты дұрыс? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.

Қазақта тұңғыш немерені атасы мен әжесі еміреніп, бауырына салатын дәстүр бар. Ол жас отбасының өзара түсінісуіне, отбасы іргетасының берік болуына әсер етеді деп есептеген. «Баланы өскенше, немерені өлгенше» дегендей, бұрындары ата-әжесі немерелерін қастарынан бір елі тастамаған. Дана қарттардың бауырында өскен бала рухани тұрғыда бай болып, ұлттық құндылықтарға қанығып өседі. Имандылық пен ибалық та сол ортадан дариды. Бірақ, бүгінде ата-әжелердің рөлін бала күтушілер алмастырған жайы бар. Қоғамда зейнетке шықса да үйінде бала бағудың орнына қызметін қимай, тағы бірер жыл жұмысында айналшықтап жүретін немесе қыдырғанды «тәуір» көретін әжелер көбейді. Бұл да келіндердің бала күтушіге жүгінуіне бір себеп.

Ал бала күтушілер кімдер? Көбіне арнайы білімі жоқ, жұмыссыз, ақша табудың көзін іздеген әйелдер екені айдан анық. Десе де, аудан орталығында оларға сұраныс бар. Өкініштісі, бала күтушінің қандай екендігі ескеріле бермейді. Мәселен, жұмыс беруші тараптан оның психикасы, жұқпалы аурулармен ауырмайтындығы жөнінде құжат сұралмайды. Ата-аналардың көбі күтушілермен уақыт пен жалақыға келісе салады, болды. Жасы жетпіс екіге келген Жәнібек ауылының тұрғыны, зейнеткер Асылғаным Жарасова әлі немерелерін өзі бағады екен.

-Бөгде адамға бала баққызатындар туралы жиі естимін. Оған тіпті таңданбайтын болдық. Бұлардың әжелері қайда қарап отыр деп ойлаймын кейде. Немере бағуға саулықтары жарамайтын әжелердің ақыл айтуға шамалары келеді ғой. Бала тәрбиесі ең өзекті мәселе. Жас отбасылар оны түсінбеуі де мүмкін. Өзім немерелерімді «нянка» түгіл нағашыларынан қызғанамын. Бөтен адамға тіптен сенбеймін. Жас ата-аналар ақша табу керектігін айтады. Әр баланың өз несібесі бар. Әйел бірер жыл үйде отырғанда ешкім аштан өлмейді. Сондықтан ерлізайыптылар ата-ана болар алдында мұқият жоспар жасауы керек. Сондай-ақ немересіне ертегі оқып, әңгімелесетін қарттар да азайды. Замандастарымның көпшілігінде соңғы сәндегі телефон. Біразы ватсап, фейсбук сынды пәлелерге әуес. Уақыт өткізуге тиімді, жаңалық оқимыз дейді. Оларды көргенде «Телефонға үңілгенше, немереңе ертегі оқып бер» деп айтамын. Жастарға да айтарым, сырын білмейтін адамды ұрпақ тәрбиесіне араластырмау керек. Тым болмағанда бала күтушіні өзіңнің айналаңнан, туған-туысқан, тамыр-таныстардың арасынан іздеу қажет,-дейді әже.

Жәнібектік келіншек Жанар Темірланқызы 9 айлық қызын бала күтушіге сеніп тапсырғандардың бірі. Жас ана баланың өсіп-өнуіне мемлекеттің де қолдауы керектігін айтады.

— Қызым дүниеге келген кезде бағдарлама арқылы үй алған едік, одан бөлек несиеміз бар. Ақша жеткізе алмай қиналдық. Өзім басқа өңірдің қызымын. Жолдасымның ата-анасы ауылда тұрады. Жасы ұлғайғандықтан, кішкентай сәбиді баға алмайды. Денсаулықтары да мәз емес. Сондықтан бала күтуші іздедік. Ауыл тұрғындарынан сұрастырып, зейнеттегі апайды таптық. Біраз баланы балабақша жасына жеткенше баққан екен. Апаймен таныстық, өзара келістік. Қызымды бала күтушіге бірінші күні тастағанда әбден уайымдадым. Кейін қорқыныш сейілді. Өйткені, қызым тез үйренді. «Няняны» әжесіндей жақсы көріп кетті. Менің ойымша, әр балаға мемлекеттің де қолдауы қажет. Балаға берілетін бір реттік жөргекпұлдың көлемі көбейтілсе, жәрдемақы бір жасқа толғанша емес, бала үшке келгенше берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, шығыс елінде «Ана капиталы» бар. Халық санын арттыру, аналарды қолдау, бала тәрбиесіне мән беру үшін жұмыс істейді. Ана мен баланың қажеттіліктері мемлекет тарапынан үш жыл бойы өтеледі. Біздің елдегі жәрдемақының мөлшері мардымсыз. Сол себепті менің жұмысқа шығуыма тура келді. Жалақым күтуші жалдауға жеткілікті. Бала күтушіге перзентім жасқа толғанша 30 мың теңге, жасқа толған соң 25 мың теңге төлеп отырдым,-деді ол.

— Осыдан 7-8 жыл бұрын Жәнібек ауылында баланы балабақшаға орналастыру қиын болды. Аудан орталығында бар болғаны екі балбақша болғандықтан, кезек көп еді. Ал қазір үш балабақша жұмыс істейді. Үшеуі де баланы бір жасқа толғаннан кейін қабылдайды. «Алтын ұя» бөбекжайында 300-ге жуық, «Балдәуренде» 100-дің үстінде, «Жәнібек» балабақшасында 80-нен астам балаға орын бар. Бұл дегеніміз, ауылда аналарға декреттік демалыста бір жыл отырып, сәбиі жасқа толған соң балабақшаға беруге мүмкіндігі бар деген сөз. Меніңше, бір жыл ұзақ мерзім емес. Бала күтушіге өз басым қарсымын. Сондықтан сәбидің қасында анасының өзі болуы керек. Балаға ең әуелі ананың мейірімі мен махаббаты қажет. Оны өз ата-анасынан басқа ешкім бере алмайды,- дейді Жәнібек ауылындағы «Балдәурен» бөбекжайының меңгерушісі Ажар Хаби.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық институтында бала күтуші деген түсінік болған емес. Біздің менталитет тек әже тәрбиесі деген түсінікке басымдық береді. Ал бала күтуші сәбиге уақтылы тамағын бергенімен, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді дегенге сену қиын. Қалай десек те, соңғы шешімді қабылдау өз қолдарыңызда, ата-ана.

Әсемгүл ӘБДІЛДА