28.07.2020, 13:08
Қараулар: 213
Ұрының ұяты оянар деп, барымташыны басындыруға болмайды

Ұрының ұяты оянар деп, барымташыны басындыруға болмайды

Ауылда тұрсам да, қолдың жұмыртқасын тауық ұстайтын таныс келіншектен сатып алатынмын. Кезекті тапсырысымды айтайын деп телефон шалғанымда: «Таңертең қарасам тауықтарымды түгел ұрлап кетіпті», — деді көңілсіз дауыс. Кейін көргенде «Ұры ұсталды ма?» деп сұрасам, «Полицияға арызданған жоқпын. Ақиқатын бәрібір таба алмайды. Алыстан ешкім келмейді ғой. Біліп-көріп жүрген біреу шығар», — деп бір қайырды. Осындай ұсақ қылмыстарға «бастан құлақ садаға», «бұйырған кетпес» деп отырғандар қаншама?..

Жалпы, ауданда қылмыс атаулының ішінде «көш бастап» тұрғаны – ұрлық екен. Жәнібек жұрты мал ұрыларынан әбден зәрезап болды. Алақандай Қамысты ауылының өзінде соңғы жылдары малдың өрістен жоғалуы жиілеп кетті. Осы ауыл тұрғыны Алма Өтебалиева: «Көктемде жауын-шашын салдарынан қора су болады. Сол кезде өрістен келген сиырларды қамамаймыз. Суын беріп, кері шығарып жібереміз. Оған малымыз да әбден үйренген, жақын маңда жайылады да қайтады. Алыстап ешқайда кетпейді. Сөйтіп жүргенде 27 наурыз күні екі сиырым үйге келмей қалды. Екеуі де буаз еді. Дереу учаскелік инспекторға хабарлап, іздедік. Таппадық. Өзімізде көлік болмағандықтан, әркімге жалынып, бензин құямыз. Қарамаған жеріміз қалмады. Сиырларым келмей қалған сәтте ұрланғанын сездім. Өйткені, 2019 жылдың аяғында біраз адамның соғымға дайындап қойған малы үйінің іргесіндегі қорадан ұрланды. Ал, полиция ұрты майланған барымташыларды таппады», — дейді шарасыз кейіппен.

Алма апайдың сиырлары жоғалған күні сол ауылдың тұрғыны Махамбет Мұқановтың да сиырлары үйіне келмеген. Ол былай дейді: «27 наурыз күні үш сиырым мен бір бұқам жоғалды. Өріске қосылмай қалған. Үш сиырым да буаз еді. Әдетте үйге қайтып келетін. Ұшты-күйлі ғайып болды. Жеңіс Әбдірахманов деген азаматтың да бір жылқысы дәл сол күні жоғалған. Құзырлы органдардан бөлек өзіміз екі ай іздедік. Ақыры таппадық. Ешкім көрмеген. Полицейлер іс тергелуде дейді».

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айшуақ Сейітқазиев биыл мал ұрлығы бойынша 7 факті тіркелгенін айтты. — Қамыстылық жәбірленушілердің шағымы бойынша жұмыстанудамыз. Тау ауылының тұрғынының 5 бас ірі қарасын айдап әкеткен барымташылар ұсталды. Ұрылар Қамысты ауылының тұрғындары болып шықты. Іс сотқа жолданды. Көбіне мал еркін жайылымнан жоғалады. Кейде табынға қосылмай қалады. Иелері өздері таппаған соң шағымданады. Ал бұл кезде қылмыстың ізі суып кетіп, тергеуге кесірін тигізеді,- дейді А.Сейітқазиев.

Жәнібектік жеке шаруа Талап Ғазезов пен Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Ақшкол елді мекенінің тұрғыны Замир Шынақаев ірі қараларын осыдан екі-үш жыл бұрын жоғалтқан. Ұрылар ақыры табылмағанын айтып қынжылады. -Ақшкол, Еңбекші елді мекеніндегі ешбір отбасының тұрақты жұмысы жоқ. Бәрі мал ұстайды. Бізді асырап отырған да төрт түлік. Қанша бағып отырсақ та, мал өрістен жиі жоғалады. Осыдан бір-екі жыл турасында екі ірі қарам өрістен келмей қалды. Біраз іздедік. Тоғыз ай өткеннен кейін ауылдағы танысымның малы жоғалып, іздеуге шыққанмын. Осы ауданға қарасты бір қыстақтан жайылымда жүрген малдың арасынан өзімнің екі сиырымды танып қалдым. Содан дауласып, ақиқаты ашылды. Жәнібек ауылынан әлдекім ұрлап, сатқан екен. Біреуін кері қайтардым. Екіншісі қалды,- дейді ақшколдық Замир.

Аудан прокуроры Руслан Сабыровтың айтуынша да көбіне ауылдық жерде қараусыз, бағымсыз жүрген мал ұрлануда. Бұл жерде иелері малдың нақты қай уақыттан бері жоқ екендігін көрсете алмағандықтан «Ұрлық болды ма?» немесе «Мал жоғалды ма?» деген екі бөлек сұрақ туындайды екен. Әйтсе де, прокурор соңғы жылдары мал ұрлығы азайғандығын алға тартты. -Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары ұрлық төмендеді. Мәселен, 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы ұрлық 36 пайызға, ағымдағы жылдың 6 айында 11 пайызға азайды. 2019 жылы 11 ұрлық ашылмады. Дегенмен, бұл қылмыстардың бесеуі биыл ашылып, ұрылар жауапқа тартылды. Өткен 6 айда ашылмаған ұрлыққа қатысты қылмыстар жоқ, — дейді прокурор.

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Медет Бисақов былай дейді: «Былтыр Ақоба ауылының тұрғынының 9 бас асыл тұқымды қойы ұрланды. Қылмыс биыл ашылды. Тергеу барысында қылмыскерлердің бұрын да ұрлық жасағандары әшкереленді. Қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейін ұрылар жәбірленушімен татуласқан. Талов ауылының тұрғынында да осыған ұқсас жәйт орын алды. 2019 жылы жәбірленушінің екі ірі қарасын өрістен айдап әкеткен. Жедел іздестіру барысында ұрылар анықталды. Алайда екі тарап татуласты. Байқағаныңыздай, ұрылар жәбірленушімен ымыраға келіп, оларға тигізген материалдық залалды өтеп құтылады. Әрі қарай ұрылар бостандықта тайраңдап жүре береді».

Ұрыларға кешірім берген ақобалық Абай Жұмақұловтан ұрыларман татуласу себебін сұрадық. «Негізі, мұндай қылмысқа кешірім жоқ. «Адам қолмен істеген ісін мойнымен көтеруі керек» деген ұстанымдағы адаммын. Менің қойларымды ауылда көз алдымда өскен балалар ұрлады. Атааналарының көз жастары көл болып келгенде шыдамадым. Өзім де бала тәрбиелеп отырмын. Балалардың болашағын былғамайын деп шештім. Осыны түсінсе ештеңе емес. Біреудің ақ адал малын ұрлауға ешкімнің қақысы жоқ. Сол қойларды баптап, асыраудың өзіне қанша тер төгілді. Қолын бір былғаған адамның кешірімнен соң түзу жолға түсетініне ешкім кепілдік бере алмайды».

Аудандық соттың төрағасы Әсел Жамантаева ұрлық жасағандарға жаза қатаңдатылғанын айтады.

-Қылмыстық кодекстің 188- бабы, яғни ұрлыққа қатысты Заң биыл қатаңдатылды. Яғни, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап біреудің мүлкін жымқырғандар қатаң жазаланады. Күдікті жәбірленушімен тек бір рет татуласып, жауапкершіліктен құтыла алады. Ал екінші рет ұрлық жасаса, мүлкі тәркіленіп, үкім бойынша бірнеше рет жасаған ұрлығы үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Мал ұрлығы 188-1 бап, яғни жеке бап болып енгізілді. Енді төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайды. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушы міндетті түрде түрмеге қамалады. Биыл ұрлық бойынша 4 іс қаралса, соның бірі осы мал ұрлығы болды. Ақоба ауылы тұрғынының қойларын жымқырғандар ұсталды. Қарап отырсам, өрімдей жас балалар. Қойлар 2019 жылы ұрланып, іс 2020 жылы ашылғандықтан, оларға бұрынғы Заң қолданылды. Былайша айтқанда, жолдары болды. Былтыр сотта қаралған материалдардың ішінен мал ұрлығын кәсіпке айналдырған ағайындылардың ісін айта кетуге болады. Олар жәбірленушілерге материалдық өтем жасап, жазадан жеңіл құтылды. Ұрылардан жәбір көрген 4-5 отбасының жәй-күйі айтпаса да түсінікті. Заң қатаңдатылды. Мүмкін ұрылар да азаяр. Облыста жаңа Заңмен әзірше Казталов аудандық №2 сотында (Жалпақтал) үкім шығып, ұры бас бостандығынан айырылды. Бүгінде облыс бойынша мал ұрлығы Бөкей ордасы ауданында өршіп тұр, — дейді төраға.

Осы күнге дейін ұрлыққа қатысты Заңның солқылдақ болғаны рас. Алдағы уақытта қылмысы дәлелденген азаматтар әділ жазасын алар деп үміттенеміз. Сонда оңай жолмен олжа тауып, байимын деушілердің жолы жабылады.

Ә.ҚУАНҒАЛИЕВА