28.07.2020, 13:30
Қараулар: 193
«Банка жабайын десем, көкөніс қымбат…»

«Банка жабайын десем, көкөніс қымбат…»

Тұздалған, қытырлақ қияр мен қызанақ, түрлі салат пен компот, шырын ішкенді әркімнің жаны сүйеді. Қыстың қамын жазда ойлайтын ақ жаулықты аналар, келіндер биыл банка жабуды бастай алмай отыр. Өйткені, ауылдағы жеміс-жидек пен көкөніс бағасы аспандағы айды сұратып отыр.

— Былтыр 300-ге жуық банка жауып едім. Биыл ештеңе жаппадым. Біріншіден, әлемді жаулаған жаман індет күнделікті өміріміздің шырайын кетірді. Көп адамның жұмысы тоқтап қалды. Ақшадан қиналып кеттік. Екіншіден, жемістің бағасы түспей тұр. Оның үстіне шекара да жабық. Жылда қызанақ, қияр секілді көкөністерді Ресейден әкеліп, сататын еді. Қазір жағдай қиын. Әзірге банка жабамын ба, жаппаймын ба, белгісіз,- дейді Жәнібек ауылының тұрғыны Светлана Жолдыбаева.

Базар сөрелерінде сырттан әкелінген жемістердің бағасының шарықтап тұрғаны бірден көзге түседі. Мысалы, өріктің бір келісі 600 теңге, егер бір жәшігін алғыңыз келсе сатушылар келісін 500 теңгеге беруге әзір. Бірақ, жәшіктің ішінде 8-10 келі жеміс болғандықтан, құны қалтаға салмақ түсіреді. Базарда жеміс-жидек сататын нүктелер де аз. Бұны ондағы сатушылар карантин режимімен байланыстырып отыр.

«Әлем» базарында жемісжидек, көкөніс сататын саудагер Барша Ғұбашева былай дейді: «Көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы бұған дейін қатты көтерілген емес. Бұл бірінші рет болып тұр. Шекараның жабылуы жағдайды қиындатты. Ресейден тасымал тез әрі арзан болатын еді. Ал, қазір көкөніс түрлерінің түгелге жуығы сонау екі мың шақырымдағы Шымкенттен келеді. Бір аптаға жуық жол жүреді. Жәнібекке жеткенше бұзылады және бағасы да қымбат болады. Менің жеке көлігім жоқ. Сол себепті, маған екі есе қиынға соғады. Мінекей, тауарды әкелдік. Бірақ, жеміс-жидектің тең жартысы езіліп кетті. Амал жоқ, қатты езіліп кеткендерінен өзіме тосап қайнатып аламын. Сенбі, жексенбі күндері базарларды тағы да жабайын деп жатыр. Екі күнде сатылмаған тауар бұзылады деген сөз. Тұтынушыларға да, бізге де қиын».

Базарда бір келі қызанақ 400, кей дүкендерде 465 теңгеден сатылуда. Ал қиярдың бағасы 170 пен 220 теңге аралығында. Сырттан әкелінген алма 700 теңгеден саудаланса, бақша алмасы 480-550 теңгеден сатылып жатыр. Қарбыздың келісі 200 теңге. Сол себепті, тұтынушылардың басым бөлігі банка жабудан гөрі дайын өнімді алғанды ұтымдырақ санауда.

-Мен жыл сайын қысқа 60-70 банка жабамын. Әдеттегіше жеміс-жидек бағасының арзандағанын күттім. Онымен бағаның түсетін түрі жоқ. Оның үстіне еккен бақшам да өнім бермей қойды. Биыл қыстың қамын жазда ойлай алмайтын сияқтымыз ғой, — дейді Жәнібек ауылының батыс бетінде тұратын Жанаргүл Ибрашева.

-Жеміс-жидек пен көкөністің қымбаттауы оның жетіспеушілігінен. Алдымен шекара жабылды. Көбіне Жәнібектік саудагерлер көкөністі Ресейден әкеледі. Ауданымыз облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан, жемісжидек ауылға жеткенше езіліп кетеді. Сондықтан саудагерлер бұзылған тауардың есесін қайтару үшін бағаны көтереді. Жылда әр түрлі жағдай болады. Бір жылдары қуаңшылық болса, биыл шекара жабық. Осының бәріне дайын болу үшін алдын ала қамдану керек. Мысалы тез бұзылатын өнімді таситын арнайы автокөлік болуы қажет. Ал өзіміздің бақшадағы өнімге келетін болсақ, биыл қыс болған жоқ. Дәлірек айтсам, ақпан, наурыз айлары жылы болса, сәуір айы айтарлықтай салқындады. Мамыр айында, нағыз бақша отырғызатын уақытта ауа райы 0 градусқа дейін суытқан күндер болды. Сол себептен, көп адамның еңбегі зая кетті, — дейді ауылдың байырғы тұрғыны Наталья Сажина.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рустам Аманғалиевтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік саналатын 19 өнімнің арасында картоп пен орамжапырақ, сәбіз бен пияз ғана бар. Бірақ, бұл тізімде қызанақ пен қияр секілді көкөністер жоқ. Олардың бағасын ешкім реттемейді, бұл тауарларды ешкім қадағаламайды, мониторинг жүргізілмейді екен. Бағаның өсуіне шекараның жабылуы үлкен әсерін тигізуде.

Түйін. Дәрігерлердің айтуынша, әр адам күніне 400 грамм жеміс-жидек жеуі қажет. Әсіресе, қазір иммунитет көтеру үшін ағзаға дәрумен ішу маңызды. Қарбыз маусымы басталды. Онымен жәнібектіктер бұл өнімді де тұтынуға асығар емес. Өйткені, келісі 200 теңгеден түспейді. Ағзаны дәруменмен байытқымыз-ақ келеді. Ол да қалтаға салмақ түсіріп тұр…

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

 

 

Жеміс-жидек өмірді ұзартады

Ғалымдар күніне 800 грамм жеміс-жидек пен көкөністерді қабылдау адамның өмір жасын ұзартатынын дәлелдеп шықты Әр күнде 80 граммнан 10 мәрте көкөніс пен жемісжидекпен қоректену адамның өмір жасын едәуір ұзартуға ықпалын тигізеді. Лондондағы Imperial college ғалымдарының есебінше, ұсынылған әдіс бойынша тамақтану 7,8 млн-ға жуық мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін.

Бір реттік 80 грамм, бұл небәрі бір тал банан, алмұрт немесе үш қасық бұршақ. 200 грамм көкөніс пен жемісті пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім деңгейін 13%-ға, қатерлі ісік ауруларына шалдығу деңгейін 4%-ға, мезгілсіз өлім деңгейін 15%-ға төмендетеді. Бұл нәтижелер 22 миллион адамның қатысуымен ұзақ уақыт жүргізілген 95 түрлі сараптамалық зерттеу нәтижелері бойынша алынып отыр.

Жасыл және сары түсті көкөністер: саумалдық, бұрыш және де шаршыгүлді өсімдіктерді, оның ішінде түсті қырыққабатты пайдалану қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу үшін алма, алмұрт, цитрусты жемістерді көптеп пайдаланып, крестгүлді өсімдіктерден түрлі салаттарды дайындап жеген пайдалы. Сонымен қатар, көкөніс пен жемістерді күнделікті пайдалану ағзадағы холестерин деңгейін төмендетіп, қан қысымын қалыпты нормада ұстап, қан айналым жүйелерін ретке келтіріп және де иммундық жүйені жақсартуға ықпал етеді.