28.07.2020, 13:42
Қараулар: 166
«Судьяға жүктелер міндет зор»

«Судьяға жүктелер міндет зор»

Аудандық сот төрағасы Әсел ЖАМАНТАЕВА:

Биылғы 10 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы орайда аудандық соттың төрағасы Әсел Жамантаевамен сұқбаттасқан едік.

— Әсел Жұмағұлқызы, 22 маусымда күшіне енген Заң туралы не айтасыз?

— Бұл Заң судьяның процестік рөлін нақтылау, оған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау үшін қосымша өкілеттіктер беру туралы ерекшеліктерден тұрады. Кодексте көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сотқа мынадай қосымша өкілеттіліктер берілді: тараптармен істің мән-жайын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы адамдарға сұрақтар қою. Оларға процестік міндеттерін орындамағаны үшін Заңдарда белгіленген жауапкершілік және процестік салдарлар туралы ескерту; іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету. Тараптардың дәлелдерінің негізділігін және сотқа берілген дәлелдемелердің шынайылығын тексеру, тараптардан талап қою арызын қабылдау, апелляция және кассация сатыларында татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақыру. Егер басқа адамдардың қатысуы дауды реттеуге ықпал ететін болса, оларды медиация рәсіміне қатысу үшін шақыру және т.б.

— Ал судьяға қандай міндеттер жүктеледі?

-Судьяға сот отырысына қатысып отырған адамдар үшін тараптардың ұстанымын, істің негізгі мән-жайларын және істі дұрыс шешу үшін маңызы бар дәлелдемелерді баяндау міндеттеледі. Іс бойынша шешім жарияланғаннан кейін қабылданған сот шешімінің құқықтық негіздері мен салдарын түсіндіреміз. Егер талап қою арызына оны беруге немесе қол қоюға өкілеттілігі жоқ адам қол қойса, негізгі процестік шешім қабылдау үшін талап қоюшының талаптарын қолдайтынын немесе қолдамайтынын анықтаймыз.

-Бұл жағдайда талап қою арызын қабылдау үшін неше күн беріледі?

— Бұл жағдайда 10 күн мерзім беріледі. Дау реттелген болса, судья талап қою арызын өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді. Егер келісімге қол жеткізілмесе, сот тараптардың істі сол судьяның қарауына келісімін анықтауға, ал ол болмаған жағдайда талапты басқа судьяға қайта бөлу үшін беруге міндетті.

— Кодексте басқа да толықтырулар бар ма?

— Арнаулы бөлме ретіндегі кеңесу бөлмесі ұғымы алынып тасталды. Сонымен қатар сот төрелігі қағидаттарын іске асыру мақсатында шешім (ұйғарым) шығару үшін судьяның шығып кетуі және кеңесу құпиясын жария етпеу (алқамен қарау кезінде) туралы ережелер сақталады. Оңайлатылған іс жүргізу ісін қарау, яғни тиісті шешім мен сот бұйрығын шығару тек электрондық форматта ғана мүмкін болады. Бұндай іс жүргізу істері бойынша да бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұдан былай оңайлатылған іс жүргізуден жалпы талап қою ісін жүргізуге көшу туралы ұйғарымдар алынып тасталды. Оңайлатылған іс жүргізу істері бойынша шек жеке тұлғалар үшін 200-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін, заңды тұлғалар үшін 700-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылған. Жалпы, Заңның басты мақсаты – процесті оңтайландыру, барлық тараптар үшін түсінікті етіп беру.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан Гүлім ҚАБДОЛОВА