28.07.2020, 13:52
Қараулар: 349
Студенттер карантинді қалай өткізуде?

Студенттер карантинді қалай өткізуде?

Елде карантин енгізгелі, білім қуып, өзге өңірлерде жүрген студенттер туған жерге, ауылдарына қайта бастады. Барлық білім ордалары қашықтан оқытуға көшті. Бұл студенттерде бос уақыт көбейді деген сөз. Ендеше, «үйқамақтағы» жастар уақыттарын қалай өткізіп жатыр екен? Замандастарымның біразымен тілдесіп көріп, риза болдым. Өйткені, олардың арасында пайдалы іспен шұғылданып жүргендері көп екен.

Гүлсезім ХАУМЕТОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ студенті (Жәнібек ауылы):

— Карантин көптен қалап, бірақ уақыт таппай жүрген сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік берді. Анам тігінші болғандықтан, кішкентайымнан қолөнерге баулыды. Анашымның ізімен мен де іс тігуге, қолөнер бұйымдарын жасауға әуеспін. Сол себепті, онлайн сабақ, тағылымдама біткен соң күнделікті құрақ көрпе тігумен айналысамын. Карантин құрақ құраумен өтуде. Сондай-ақ, интернет желісінен көптеген шеберлік сабақтарын көріп, онлайн курстарға қатысып, жаңа техникаларды меңгерудемін. Бұрын мүлдем уақыт таппайтын, алайда жаным сүйетін қолөнер жұмысымен айналысып жүргеніме шексіз қуаныштымын. Шынайы махаббатпен, өз ісімді сүйіп жасағандықтан төлтуындыларымның барлығы мен үшін өте қымбат. Қазір үйіміз қазақы нақыштағы құрақ көрпелерге, әсем бұйымдарға толы. Елде, әлемде боп жатқан жағдай да алаңдатады. Алайда, жарқын болашақ үшін үйде отырып, сақтануымызға тура келеді. Ал үйде бос отыруға болмайды. Біздің нағыз үйренетін, ізденетін уақытымыз.

Заманбек ЕРАЛЫ, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ студенті (Жақсыбай ауылы):

— Төтенше жағдай жарияланған соң ауылдағы ата-анама жеткенше асықтым. Мен үшін олардың денсаулығы өте маңызды. Олар да мені уайымдамасын деп карантинде жандарында болуды жөн санадым. Шыны керек, ауылға келіп бос уақытым көбейді. Үй-жайдың қамына араласып, әкеме қолғабыс етудемін. Қазір өзім қырға келіп, әкемді ауылға жібердім. Ең қуанатыным, әкем демалып жатыр. Азаннан кешке дейін мал шаруасымен жүремін. Жұмысым кітап оқуыма кедергі емес. Жаныма орыс әдебиеті жақын. Сол себепті, орыс классиктерінің шығармаларын сүйіп оқимын. Осылайша карантиндегі уақытымды тиімді өткізудемін.

Гүлнара ЖҰМАШ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ студенті (Борсы ауылы): — Күллі әлемді шарпыған ауыр індет жасын да, кәрісін де төрт қабырғаға қамап қойды. Осындай кезеңде шынымен жақыныңа жанашыр болудың не екенін ұғынады екенсің. Мен ауылға келгелі бес айдай уақыт өтті. Осы уақытта жаным қалайтын біраз іспен айналыстым. Мысалы, кітап оқу. Университет қабырғасында оқумен қарбаласып жүріп, кітапқа көңіл бөле алмадым. Қазір Алматыдан арқалап келген кітаптарымның беттері парақталды. Сондай-ақ жақындарыма қуаныш сыйлау үшін түрлі тәттілер пісіріп жүрмін. Үйдегілер мені «асхана ханшайымы» деп атайтын болды.

Республикалық «Біз біргеміз» челленджінің басталғанын естіген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, жәнібектік Нұржігіт ӨРБОЛАТ аудан жастарын қайырымдылық жасауға шақырады. Сөйтіп, карантинде мұқтаж жандарға көмекке қаржы жинауға кіріседі.

— Қаржы жинау екі шот бойынша жүзеге асырылды. Жалпы жиналған сома көлемі 75 110 теңгені құрады. Бұл қаржыға аудандағы 7 отбасыны қажетті азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Жалпы сомадан артылған 2250 теңге көмекке мұқтаж жанның есепшотына аударылды. Кейін инстаграмнан парақша ашып, «komek_24_7» және Атырау қаласының «qamqor_zhastar» ұйымы болып бірлесіп, бір күннің ішінде 48 мың теңге жинадық. Ол ақшаға Жәнібек ауылында тұратын жалғызбасты, көпбалалы ананың пәтер ақысын төледік. Қазір жақсылық жасап жарысатын кез. Қайырымдылықпен айналысқанды жаным сүйеді. Жұмысымызды бейне-материал қылып шығарып, әлеуметтік роликке айналдырдық. Себебі, әлеуметтік роликтер халыққа ықпал етеді. «Бар кезде 50 мың теңге садақа беру үшін жоқ кезде 50 теңге садақа беріп үйрену керек» деген қағиданы ұстанған біздің жоспарымыз сәтті орындалды. Мұқтаж жандардың қуаныштары біздерге жігер берді. Бір қайырымдылықпен тоқтамаймыз, бізден жақсы жаңалық күтіңіздер! — дейді жомарт студент.

Айкөркем АБАТҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің студенті

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар