3.08.2020, 17:36
Қараулар: 623
Басты назарда – сапа болуы тиіс

Басты назарда – сапа болуы тиіс

Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен келген өңір басшысы бүгін аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы негізгі мектепке барды. Мұнда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім ордасы жанынан жаңа спортзал құрылысын салу жұмыстарын жергілікті мердігер – «Символ» ЖШС жүргізуде. Бүгінде құрылыс алаңында ғимараттың іргетасын құю жұмыстары бітіп, қабырғасының металды конструкциясын құру жұмыстары атқарылуда. Бұл жөнінде серіктестіктің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов айтып берді.

Осыдан соң облыс әкімі бастаған топ Жәнібек ауылындағы А.Иманов көшесінде орналасқан тынымбақты аралап көрді. Тынымбақты қайта жаңғырту жұмыстары биыл сәуір айында басталып, жуырда пайдалануға берілген болатын. Жалпы құны – 43 млн. 979 мың теңгені құраған құрылыс жұмыстарын «Символ» ЖШС атқарды. Нәтижесінде тынымбақтың сәні мен салтанаты келісіп, айналасы қоршалды. Субұрқақ толықтай жаңартылып, орындықтар мен кешкі жарық шамдары орнатылды. Өрнектастан жаяу жүргіншілер жолы төселді. Тынымбақты әрі қарай да абаттандырып, көгалдандыру, алдағы уақыттың еншісінде. Осы арада аудан әкімі Азамат Сафималиев Ғали Нәжімеденұлына аудан бойынша биыл жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баян етті.

Бұл күндері аудан орталығындағы Абай көшесіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілуде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысын жүзеге асырушы мердігер — «ҚоңырСервисБҚО» ЖШС жолдың топырағын көтеріп, қиыршық тасын салған. Ендігі кезекте асфальт төсеу қалып тұрған көрінеді.

Бұдан кейін облыс әкімі Тау ауылдық округіне бет түзеді. Жолшыбай «Жәнібек – Талов – Кіші өзен» автокөлік жолының 02-27 шақырымына жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.

Тау ауылдық округіндегі Ғ.Абдуллин атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Қалдығайты» ЖШС атқаруда. Мектеп директорының міндетін атқарушы  Жазира Мақшаеваның айтуынша, білім ордасы 1992 жылы салынып, 2007 жылы жөндеу жүргізілген. 166 оқушысы бар мектеп қыркүйек айының ортасында ашылады деп күтілуде.

Өңір басшысы ауданның терістігінде, ең шалғай орналасқан екі ауылға  бара жатып жол-жөнекей Борсы, Талов ауылдық округтеріне қарасты «Тыныштық» және «Құбаш» шаруа қожалықтарына соғып, мал азығын дайындау, егіс жұмыстарының жай-күйіне назар аударды. Екі шаруа қожалығы иелерінің айтуынша, биыл киік көбейіп кетіп, онсыз да шығымы төмен шөпті отап жатқан көрінеді. «Құбаш» ШҚ жетекшісі Елдос Тушкеев биыл 470 гектар егістік алқаптың 180 гектарына сорго дақылын егіп, одан өнім алуға үміттеніп отыр.

Талов ауылдық мәдениет үйін қайта жаңғыртуды жәнібектік мердігер «Символ» ЖШС жүргізуде. Серіктестік басшысының сөзінше, бөлінген 40 млн теңге қаражат уақтылы игерілетін болады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Жақсыбай ауылдық округіндегі М.Ықсанов атындағы орта мектеп-балабақша кешенін күрделі жөндеуден өткізуді «Қалдығайты» ЖШС атқаруда. Учаске бастығы Берік Алдабергенов сөзіне сенсек, мектепті жөндеу жұмыстары қыркүйек аяғына дейін толықтай аяқталмақ. Құрылыс жұмыстарының жүру барысын өз көзімен көрген облыс басшысы Ғали Есқалиев қазақстандық өнімнің пайдаланылуына баса назар аударып, мердігерлерге жұмыстың сапасына көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ