11.08.2020, 10:18
Қараулар: 62
Маска жоқта тігіп кидік, дәрі жоқта не істейміз?

Маска жоқта тігіп кидік, дәрі жоқта не істейміз?

Дәрі – адам денсаулығының кепілі. Өміріміз дәрідәрмекпен тығыз байланысты. Бір-екі түйір дәрі, бір жұтым сумен талай таңымыз атып, кешіміз батуда. Қазір дұрыс тамақтану емес, үш уақыт дәрі ішу күнделікті қажеттілігімізге айналды. Әсіресе дәрідәрмекке сұраныс соңғы күндері тіпті артып кетті. Оның себебі елді жайлаған жаман індет екенін бәріміз жақсы білеміз. Басымызға осындай күн туып, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан адамдар көбейген шақта дәріханалардан дәрі таба алмай, сабылып жүрген бір жанды күніге кездестіруге болады. Тапқан күннің өзінде бағасы шарықтап тұр, қымбатшылығы шымбайыңа батады. Бұрындары басымыз ауырғанда ғана іздейтін парацетамол, цитрамон, аспирин қазір аудан орталығындағы дәріханаларда жоқ. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы шығар.

Аудан прокуроры Руслан Сабыровтың айтуынша, өткен аптадан бастап дәрі бағасын тексеретін арнайы топ құрылған.

– Қазір халықты толғандырған негізгі мәселе – дәрі-дәрмектің тапшылығы. Аудан орталығында 4 дәріхана бар. Дәріханалар иелерімен сөйлескенде, олар көтерме сауда қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорының аздығынан препараттар ауданға әкелінбей жатқанын айтады. Дәріханаларда баға өсіп кетті деуге болмайды. Өйткені дәрі саттықта жоқ болғасын, бағасын біле алмадық. Жуық арада бәрі реттеледі деп ойлаймын. Бүгін үш дәріханаға препараттар келіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданады. Енді дәрі бағасының көтерілуіне, заңсыз сатылуына жол бермеу үшін арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Дәріхана басшыларына да көтерме баға бұрынғыдан әлдеқайда қымбаттаса дереу бізге хабарласуын ескерттік, – дейді Руслан Меңешұлы.

Аудан орталығындағы дәріхана меңгерушісі Бәтес Наруденова былай дейді:

– Қазіргі жағдайға байланысты дәріханада сататын дәрі түгесілді. Вирусқа қарсы дәрілер атымен жоқ. Өйткені олар фирмаларға енді түсіп жатқан көрінеді. Қалаға екі фирмаға дәрі-дәрмекке өтінім бердім. Олар қолға санаулы ғана дәрі беріп отыр. Оны кімге жеткіземіз? Енді оны қаладан жеткізу де қиынға соғуда. Алып келетін көлік жоқ. Болса да жеткізу үшін қымбат сұрайды. Ал дәрінің бағасына келсек, бұрынғы бағаны ұстауға тырысамыз. Тізе берсек, қат дәрілер өте көп. Оның ішінде күнделікті қажет аспирин, парацетамол, анальгин жетіспейді. Олар тіпті алда дәріханамызға түсетін дәрілер тізімінің ішінде де жоқ. Ал ауданымызда қазір науқастар саны артқан. Бірақ карантин режимін сақтап жатқандар аз. Бетпердені мұрын емес, тек ауызға тағып алып, режимді сақтап тұрмын дейтіндер жетерлік. Айтсаң бірі ренжиді, бірі күледі. Ойнайтын ауру емес екенін түсінетін кез келді. Бірақ тұрғындар қашан да өзім білемге салады. Ол дұрыс емес. –

«Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ» деген халық даналығы бар ғой. Өмірге деген құштарлығымыздан дәріге ұмтыламыз. Соның арқасында ағзамыз дәріге үйреніп, дәрісіз күн кешу қиынға айналды. Халықтың ай сайынғы табысының қомақты мөлшері дәріге кетеді десем өтірік емес шығар. Бұрындары бас ауырса 25 теңгеге бір бума дәрі алатынбыз. Қазір олар да 200 теңгеден кем түспейді. 20-30 теңгеге дәрі алу мүмкін емес. Дәрі таба алмай сандалып жүрген таныстарым көп. Әсіресе парацетамол. Өзім дәрілерді мол алып қойғасын әлі дәріханаға бармадым. Дәрі елімізге індет келмей тұрып қымбат болды ғой. Жағдайы төмен отбасыларға қиын. Ауруханада орын жоқ болғандықтан, үйден емделіп жатқандары бар. Олар қайтпек? Маска жоқта тігіп кидік, дәрі жоқ болса қайдан аламыз? «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген осы болар. Не болса да алдағы күндерден тек жақсылық күтеміз, – дейді Клара есімді жәнібектік зейнеткер.

Қайсыбіреулер дәрі бағасы тым арзан болса әсері әлсіз, ал неғұрлым қымбат болса соғұрлым жоғары деп ойлайды. Бәлкім, халықтың осындай талғампаздығы дәрінің бағасына әсер етіп отыр ма, кім білсін?

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Айгүл Қуатова облыстық сапаны бақылау комитеті департаментінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы мониторингтік топ аудан дәріханаларындағы препараттардың бағасы мен бар-жоғына мониторинг жүргізіп тұратынын айтты.

– Бұл мониторингтік топ дәрілік препараттардың бағасы бұрынғыдан көтеріліп тұрғанына көз жеткізсе, тұтынушыларға түсіндіру жұмысын жүргізе алады. Ал егер дәрінің қымбаттауы орын алып жатса, полиция департаменті мен экономикалық тергеу департаменті сол жерде хаттама толтырып, оларға шара қолданады. Шекті бағаларды көтеру, препаратты рецептсіз босату орын алған жағдайда оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 426-бап 1-бөліміне сай 70 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, – деді Айгүл Жеңісқызы.

Дәрінің қымбаттағанын байқаған жағдайда «DariKZ» мобильді қосымшасы арқылы «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесіне +7 702 000 24 94 Ватсап нөміріне дәріні қай дәріханадан, қандай бағаға алғаны туралы толық ақпарат беріп, хабарласу керек. Аумақтық полиция бөлімшелеріне не болмаса 102 және 112 телефондары арқылы хабарласуға болады. Маска тапшы болған кезде жұрт оны қолдан тіге бастады. Қазір көпреттік масканы адамдар өздері тігіп пайдаланады. Ал дәріханалардағы дәрі тапшылығы үрей туғызады. Қажет дәрімізді таба алмасақ, оны қайдан аламыз?

Бұрын соңды бұндай жағдайға тап келмеген жұрт кімге, неге сенерін білмей қалды. Бірі министрдің аузын бақса, енді бірі «бұның бәрі саясат» деп қолын сілтеп жатыр. Ал медицинаға сенбейтін қайсыбірі бақсы-балгерді аралап, солардың көмегіне жүгінеді. Халықтың санасын «Ауруханаға барсаң, коронавирус деп статистикаға қоса салады» деген қорқыныш меңдеп алды. Өзін-өзі емдегендердің күн санап артып бара жатқанын айтып сарапшылар да дабыл қағуда. Қазіргі жағдай халықтың медицинаға деген күдігін одан сайын қоюлатып жіберді.

Гүлім ҚАБДОЛОВА