2.07.2015, 6:27
Қараулар: 49
Ата мен әке АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Ата мен әке АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

454


Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай сұм соғысқа қатысқан көптеген ардагерлеріміз туралы тың деректер газет бетінде жарық көруде. Бүгінде арамызда жоқ немесе қатары сиреген ардагерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз.


Жақында редакциямызға арнайы келген Кенжеғали Есмадияров есімді ағамыз Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесі Есмадияр мен соғыстан оралмаған ағасы Ғазиз туралы біраз деректер әкелген еді. Бірге туып-өскен ағайындылардың екі бөлек тағдыры, ата мен әкенің аманатын орындаған ұл туралы деректі оқырманмен бөлісуді ұйғардық.

Алдымен Кенжеғали ағамыздың әкесінің өмір жолына тоқталып өтейік. Есмадияр Көрпиев 1911 жылы Жымпиты ауданы Елтай ауылдық кеңесіне қарасты Тасқұдық ауылында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан, кейін ауылда тұңғыш ашылған орыс-қазақ мектебінде жетісыныптық білім алған. Еңбек жолын Тасқұдық ауылында мал бағып бастап, кейінірек кеңшарда есепші  жұмысын  атқарған.

1940 жылы жас жігіттің бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған шаруашылық басшылары оны №3 Тінәлі бөлімшесіне меңгерушілікке тағайындаған.

Ұлы Отан соғысы басталған жылы алғашқылардың бірі болып әскер қатарына алынады. Алғашында Ленинград, Калининград майдандарында 160-атқыштар дивизиясына қарайтын құрамалардың бірінде бөлімше командирі болыпты. Осы уақытта Белоруссия, Польша елдерін, Кіші Ярославль, Брест қамалын жаудан азат етуге қатысады. 1942 жылы капитан шенін алған. Ұлы Жеңісті Берлин жолындағы далалық майданда қарсы алған.

Соғыс жылдарында арнайы құрылған «Смерш» барлау қызметі құрамында болып, азат етілген қалаларды жау қалдықтарынан тазарту жұмыстарына қатысып, соғыс аяқталған соң 2 жылдан кейін ғана елге оралған. Соғыс жылдары үш мәрте ауыр жарақат алған ол өлім аузынан қалыпты. Сол жарақаттардан қалған жарқыншақтардың соңғысын бейбіт заманда, яғни 1987 жылы ғана алдырыпты.

Елге оралған соң соғысқа дейінгі атқарған бөлімше меңгерушісі  қызметін жалғастырды. Шыңғырлау ауданының «Ащысай» астық совхозында директордың орынбасары, кейіннен Аққұдық, Қырыққұдық, Алатау, Талдыбұлақ бөлімшелерінде меңгерушілік қызметтерді абыроймен атқарып, 1971 жылы зейнет демалысына шығады. Еңбек еткен жылдары бірнеше рет аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық және ауылдық кеңестердің депутаты болған.

Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, бейбіт өмірдегі ерен еңбегі арқасында Есмадияр Көрпиев «Жауынгерлік ерлігі үшін», ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендеріне, көптеген медальдар мен алғысхаттарға ие болған. Сондай-ақ есімі Сырым ауданының Құрмет кітабына енгізіліп, ауданның құрметті азаматы деген атаққа ие болған.

Жары Нұрсия екеуі 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жанұя атаныпты. Өмірінің соңғы жылдарын Орал қаласында өткізіп, 1999 жылы 88 жасқа қараған шағында өмірден озады.

– Атамыз Ораз Сарбөпеұлы, өңірге танымал ауқатты адам болыпты. Соғыс басталған жылдары қос ұлы майданға аттаныпты. Мыңдап жылқы ұстаған атамыз соғысқа көмек ретінде қолдағы тұлпарларын майданға тиеткен екен. Біраз уақыт өткенде сол жылқылардың ішіндегі көк айғыр қашып келген. Сол уақытта атамыз айғырдың мойнынан құшақтап, «Майдандағы екі ұлымның бірі мерт болған екен» деп көзіне жас алыпты. Содан көп ұзамай ұлы Ғазизден «қара қағаз» келген екен (ол әлі сақтаулы тұр). Қаза тапқан ұлына бір уыс топырақ салуды армандаған Ораз атамыз майдан даласына аттанған. Бірақ Мәскеуден әрі жіберілмей, амалсыз елге қайтыпты. Біздің әкеміз соғыстан аман келген соң оған атамыз қалай да бауырының зиратын тауып, басына белгі қоюды аманаттапты. Туған жердің бір уыс топырағы мен жусанын, киікотын және атамыздың қолымен жазылған Құранын басына апаруды да тапсырған екен. Бар саналы ғұмырын еңбекке арнаған әкемізге бауырын іздеудің сәті түспепті. Әкеміз жасы ұлғайған шағында сол Ғазиз ағамыздың зиратын табуды кенже ұлы, яғни маған аманаттап еді. Ағамыздың жерленген жерін табуда қазіргі заманауи техниканың, ғаламтордың көп көмегі болды. Алматының, Мәскеудің мұрағаттарынан деректер жинадым. Қолым жеткен аз мәліметтерге сүйеніп, өз көлігіммен Ресейдің Новогородск облысына қарасты Старорусский ауданының Александровка ауылына бардым. Ауыл маңындағы тоғай шетінде майданда мерт болғандар зираты бар екен. Сол жерден Ғазиз Оразов ағамыздың зиратын таптым. Құран бағыштап, басына арнайы жасатқан белгіні орнаттым. Әкем аманаттаған туған жердің бір уыс топырағы мен жусанын, киікотын, атамыз бен әкемнің қолымен жазылған Құран парақшасын да сол жерге көмдім. Елге оралған соң Ресейдің Қорғаныс министрлігінен ағамыз Ғазиз Оразовтың қаза тапқаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғандығы туралы хат келді. Сөйтіп, шамам келгенше әке мен ата аманатын орындадым. Ғазиз ағамыз жастай мерт болса да, әкем көзі тірісінде ағамыздың аты өшпесін деп менің тұңғыш ұлымның атын Ғазиз қойған болатын. Сол ұлымыз да бүгінде ержетіп, өз алдына шаңырақ көтеріп, сәби сүйіп, әке атанды. Бұл да болса, атам мен әкемнің арманының орындалғаны деп білемін, – дейді атасы мен әкесінің аманатын орындаған Кенжеғали Есмадияров.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар