4.07.2015, 8:09
Қараулар: 169
Мұнай төктің, жауап бер!

Мұнай төктің, жауап бер!

2


Шілденің екісі күні Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының қызметкерлері жергілікті БАҚ өкілдерімен бірге арнайы рейдке шықты. Оның мақсаты – бұрғылаудан қалған мұнай қалдығын (шламын) және шайынды суды заңсыз төгу фактілерін анықтау. Табылған жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту.


Облыстық прокуратураның жалпы қадағалау басқармасының басшысы Жаннұр Ахметбек бастаған прокурорлар тобы құрамына жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры Наиль Акчурин, Орал табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Дәурен Тәжіғалиев, және Зеленов ауданының прокуроры Зәкәрия Саралеев кірді.

Прокурорлық тексеру Зеленов ауданы Переметный ауылдық округі аумағында орналасқан мұнай шламын тасымалдау және залалсыздандырумен айналысатын “СТН” ЖШС-ның технологиялық алаңында басталды. Серіктестіктің менеджері Бей-Ғасыр Әлмұқановтың айтуынша, мұнда негізінен Чинарев кеніші жобасындағы бұрғылаушы компаниялардан әкелінген мұнай шламы залалсыздандырылады. “Біздің жұмысымыз Қазақстан Республикасының экологиялық заңдылығы талабына толық сай. Технологиялық алаңның өзі бұрынғы Усихин ауылынан бір шақырым жерде орналасқан, тасымалдауға қолайлы, күрежолға жақын тұр. Орынды таңдағанда топырақ құрамында суды тереңге жібермейтін саздың мол болғандығы ескерілді. Серіктестік үш жылдың ішінде 60 мың тонна мұнай қалдығы мен сарқынды суларды химиялық реагенттердің көмегімен залалсыздандырды.

Жалпы, орта есеппен ай сайын 1000 тоннаға дейін қалдық қабылдаймыз. Химиялық реагент ретінде әдеттегі әктас пайдаланылады. Әкелінген мұнай шламы әуелі кептіріледі. Суы буланғаннан кейін оған әктас қосылып, араластырылып, тазартылады. Тазаланған топырақ әрі қарай құрылыстық мақсатқа, жол төсемі ретінде пайдалануға жарамды” — деді менеджер.

Б. Әлмұқановтың түсіндіруінше, мұнай шламы мен шайынды суды технологиялық алаңға тасымалдау былайша жүреді. Алдымен арнайы көлік бұрғылау компаниясына барып, таразыға тұрып, өлшенеді. Жүкті тиегеннен кейін көлік тағы да таразыға тартылып, жалпы салмағы құжатқа түсіріледі. Көлік жолда кез келген уақытта тексерілуі мүмкін. Көлік бізге келгеннен кейін мұқият тексеріліп, тек содан кейін ғана жүкті түсіруге рұқсат беріледі.

«60 мың тонна қалдық залалсыздандырылды деп отырсыз. Олай болса топырақтан алып тау пайда болуы тиіс емес пе? Көріп тұрғанымыз соның аз ғана бөлігі секілді. Қалған топырақ қайда кетті?» деген сауалымызға Бей-Ғасыр Әлмұқанов былай жауап берді. «60 мың тонна, ол – қалдықтың ылғалды кезіндегі бастапқы салмағы. Ылғалы кептірілгеннен кейін ол шамамен 20 мың тоннаға азаяды. Неге топырақ аз дегенге келсек, біз технологиялық алаңның көлемін ұлғайттық. Залалсыздандырылған топырақтың елеулі бөлігі төсемге және қоршауға қолданылды», — деді Б. Әлмұқанов. Кәсіпорында күні бүгін 50-ге тарта жұмысшы еңбек етеді.

Облыстық прокуратураның жалпы қадағалау басқармасының басшысы Жаннұр Ахметбек БАҚ өкілдеріне берген қысқаша сұхбатында облыста мұнай қалдығын заңсыз төгуге байланысты осы саладағы барлық кәсіпорын-ұйымдардың жұмысына кешенді тексеру басталғанын мәлімдеді.

— Прокурорлық тексеруді «СТН» серіктестігінен бастаған себебіміз – бұл Батыс Қазақстан облысы аумағындағы мұнай шламын, шайынды суды тасымалдау және залалсыздандырумен айналысатын бірден-бір мекеме. Екінші себеп — прокуратура органдары өткен жылы мұнай кеніштерінен шыққан қалдықтарды тасымалдау барысында экологиялық заңдылықты белден басқан, турасын айтқанда, мұнай шламын арнайы алаңға апармай, белгіленбеген жерге төккен бірнеше компанияға қатысты қылмыстық істі аяқтады. Айыпты тұлғалар заң аясында тиісті жазаларын алды. Күні бүгін тексеру аясында біз «СТН» ЖШС-ның үш жыл ішіндегі жұмысына қатысты барлық құжаттарды талап еттік. Технологиялық алаңнан топырақтанушы мамандар қажетті сынамаларды алып, зертханаға әкетті. Оған қоса серіктестікті салық есептілігіне, экологияға жауапты мемлекеттік мекемелер кешенді тексеретін болады, – деді Жаннұр Ахметбек.

Облыстық прокуратура таратқан мәлімет бойынша, қазір дәл осындай кешенді тексерулер «Грин Ақсай», «Вест дала», «Ардаулет», «Интермед-Орал» ЖШС-ларының, «АқсайГазСервис» АҚ-ның, «Баймар Групп», «Kyzyloy Eco Profile» ЖШС-ларының жұмыстарына да жүргізілуде.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»,

Зеленов ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар