17.11.2015, 18:04
Қараулар: 10
Емдеу-әдістемелік көмек көрсетті

Емдеу-әдістемелік көмек көрсетті

DSC_0029Аудандық орталық ауруханаға облыстық клиникалық ауруханадан дәрігерлер келіп, аудан тұрғындарына хирургиялық көмектер көрсетті. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәуле Исмағұлованың айтуынша, бұл бригаданың облыс орталығынан келгеніне 4 күн болыпты. Өткен сенбіде аудан орталығына жеткесін бірден жұмысқа кірісіп кеткен. Құрамында облыстық клиникалық аурухананың хирургі Самарбай Мұқанов, ауруды операцияға даярлайтын анестезиолог дәрігер Болат Бөлекбаев бар тәжірибелі мамандар осы күндердің ішінде жүзге жуық пациентті қабылдап, он шақты адамға хирургиялық ота жасап үлгірген.

-Мұның өзі шалғайдағы аудан тұрғындары үшін қолайлы болды,-дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері,-Алыс ауылдарда тұратын ауруларды аудандық ауруханада тексеріп, тиісті дәрігерлік кеңестер айтып, емін жазып берді. Оралға барып, емделуге көп адамның жағдайы көтере бермейді. Барған жағдайда да порталға қойылып, бәрібір кезек күтеді. Ал облыстан арнайы бізге ат басын бұрған дәрігерлер айналасы аз уақыттың ішінде бірсыпыра науқастарды қарап ем-дом көрсетті.

Аудандық орталық ауруханада науқастарға ота жасағалы тұрған облыстық клиникалық аурухананың хирургі Самарбай Мұқановпен аз-кем тілдескенімізде, ол мұнда ұйымдасқан дәрігерлік емдеу-әдістемелік көмек көрсетуге келгендерін айтып, негізінен бауырдағы тас, денедегі ісік тағы да басқа сол сияқты ауруларға хирургиялық ота жасайтынын айтты.

-Бүгін түске дейін 3 адамға ота жасаймыз. Арнаулы аппаратпен біршама сырқаттардың асқазанын тексердік. Жалпы, бізге емделуге келген тұрғындардың ризашылығын сезіндік. Бүгін кешке Оралға қайтамыз,-дейді ол.

Облыс орталығынан келген дәрігерлердің күшімен ота жасалып болған және ота жасалғалы жатырған сырқаттармен сөйлескенімізде, олар да ауданға арнайы ат ізін салған ақ халатты абзал жандарға разы екендіктерін жеткізді. Қамысты ауылының тұрғыны Темір Рысқалиев кеше түстен кейін хирургиялық ота жасалыпты. –Осы кезге дейін ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға дейін баруым мұң болып еді. Қазір ота жасағаннан кейін оңалып қалдым,-дейді науқас өз сөзінде.

Жәнібек ауылының тұрғыны Айжан Сүдетова біз барған мезгілде өттен ота жасалайын деп жатыр екен. Ол да Оралдан арнайы келген дәрігерлердің этикасына, сырқатты тексеріп, емдеу тәсілдеріне ризашылығын жеткізді.

Н.ӨТЕЙ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар