26.11.2015, 15:27
Қараулар: 695
Аграрлық сектор дамуда

Аграрлық сектор дамуда

АудаIMG_9330ндық мәдениет үйінде ауыл шаруашылық қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын оздырылып, оған ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, ШҚ жетекшілері, ауылдық округтер әкімдері, аудандағы мекеме, кәсіпорын, ұйым басшылары, аудан жұртшылығы өкілдері қатысты. Жиналыс басталар алдында аудан әкімі бастаған белсенді топ мерекеге орай әзірленген көрмені тамашалады.

Басқосуда аудан әкімі Мұрат Мұқаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылық басшылары мен ардагерлеріне, өндіріс озаттарына және мал өсірушілерге өзінің алғысы мен ризашылығын жеткізді. Бұдан әрі аудан басшысы слайд арқылы ауданның аграрлық секторындағы қалыптасқан жағдайды қаузаған баяндама жасады. Оның баяндамасында айтылғанындай, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде аудандағы 143 ШҚ 293 миллион теңге демеуқаржы алған. Бағдарламаларды жергілікті жерлерде түсіндірудің арқасында 2012 жылы 44 ШҚ 45 миллион, бұрнағы жылы 62 ШҚ 92 миллион, былтыр 115 ШҚ 180 миллион теңге несие алуға қол жеткізген. Жалпы, осы төрт жылда аудандағы шаруа қожалықтары 620 миллион теңге демеуқаржыға ие болған. Мұның өзі біздің ауданның мемлекет тарапынан берілген қолдауды тиімді пайдалануда республика бойынша алдыңғы орындардың қатарында келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге ауданымыз биыл республика бойынша Ақмола облысынан кейін екінші болып, ауылдық тұтыну кооперативін құруды қолға алды. Дәлірек айтқанда, аудандағы Қамысты ауылдық округінің тұрғыны Жанболат Ғұмаров облыс көлемінде алғашқы болып «Хан түскен» деп аталатын тұтыну кооперативін құрды. Аудан басшысы бұдан соң малды асылдандыру, «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша несие алудағы қол жеткен жетістіктерді, сол сияқты құдық қазу, электр желісімен қамту, мал азығын дайындау, жылыжай отырғызу барысындағы табыстарды сөзіне сүйеніш  етті. Сондай-ақ, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытуда былтыр аудан Ресейге 1500 бас ірі қара шығарып немесе 220 тонна ет экспортталғанын, биылғы 10 айда 3850 бас шығарылып немесе 390 тонна ет экспортталғанын баян етіп, облыс бойынша бірінші орынға ие болғанын мәлімдеді.

Салтанатты жиын барысында Мұрат Рахметұлы ауыл шаруашылығында еселі еңбек үлгісін көрсеткен бір топ озаттарды облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының және аудан әкімінің атынан алғыс хаттармен марапаттады. Марапатталғандардың ішінде «Қоғалы», «Талғат», «Дәулет», «Марал», «Жақсылық», «Үміт», «Жасқанат», «Бари», «Ержан», «Ерлан», «Ұлан» ШҚ жетекшілері Ұмсындық Темірғалиева, Жанболат Ғұмаров, Серік Дәулетов, Марал Әбілов, Елеусін Тілебалиев, Ерлан Қуанышқалиев, Абай Жұмақұлов, Бекболат Әбекенов, Аманкелді Нығметов, Боранбай Айтқалиев, Марат Қыдыров және Тасқали Құмарғалиев, Дәметкен Шобанова сынды ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен Жәнібек, Талов ауылдық округі мал дәрігерлік пунктінің меңгерушілері Нұрлан Кенжеғалиев пен Сатыбалды Қонысов сияқты еңбек озаттары бар. Марапатталушылардың атынан сөз алған Жақсыбай ауылдық округіндегі «Жақсылық» шаруа қожалығының жетекшісі Елеусін Тілебалиев ерен еңбекті лайықты бағалаған аудан, ауыл әкімдеріне ризашылығын білдірді. Жиында, сондай-ақ шаруа қожалықтарында механизатор, малшы болып жұмыс атқаратындардың бір шоғырына бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының әзірлеген «Ауыл – елдің алтын бесігі» атты мерекелік концертіне ұласып, Р.Каримов, Т.Кафарова, М.Дәулетқалиева, А.Мектепқалиевтер қазіргі және өткен жылдардағы әндерді нақышына келтіре шырқаса, Ж.Бисенғалиев өзінің «Қазақ қазақ болғалы» термесін төгілтті. Мерекелік концертте, сондай-ақ «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблі мен дуэт, квартеттер өнер көрсетіп, көрермен көңілінен шықты.

Н.ӨТЕЙ

Ауыл шаруашылығы

Басқа да мақалалар