30.12.2015, 9:45
Қараулар: 129
Қыран қанатты батырдың өр бейнесі Мәскеу төрінде

Қыран қанатты батырдың өр бейнесі Мәскеу төрінде

DSC_0107Жуырда Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Орталық музейінің» Даңқ залында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің қола мүсінін тапсыруға арналған салтанатты шара оздырылған болатын. Бұл музейді аралай жүріп, маршалдар үш мәрте Кеңес Одағының Батыры Г.К.Жуков, екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары И.С.Конев, К.К.Рокоссовский, А.М.Василевский, Кеңес Одағының Батырлары К.А.Мерецков, Л.А.Говоров, Р.Я.Малиновский, С.К.Тимошенко, армия генералы А.И.Антонов және үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған әуе қырандары И.Н.Кожедуб пен А.И.Покрышкиндердің ескерткіш мүсіндерінің орналасқанына анық көзіміз жетті.

Ал, салтанатты шараны екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Грицев атындағы «Жеңімпаз» қоры директорының міндетін атқарушы Петр Чуйко ашып былай деді: -Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Дүниежүзі тарихында Ұлы Отан соғысы ерекше орынға ие. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы аясында бүгінгі біздің кездесуімізді ашық деп жарлиялаймын.Шешен одан әрі Кеңес Одағының Батыры, әуеде 305 рет жауға қарсы айқас жасаған өшпес ерліктің иесі Талғат Бигелдиновтың өмірбаянымен көпшілікті таныстырып өтті.

Одан соң залды Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының жүректі тербер әнұрандары кернеп кетті. Әнұрандар орындалған соң барып, осынау салтанатты шараға Қазақстан Республикасынан арнайы ат сабылтып келген «Генералдар Кеңесі» РҚБ Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров, генерал–майор Алмасбек Әбдірахманов, генерал–майор Сейітжан Қойбақов, генерал–майор Әділхан Әсет, генерал–майор Найль Галимжанов, Ауған соғысы ардагерлерінің «Наследия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Якунин, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің мүсінінің авторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Суретшілер Академиясының академигі, Қазақстан Суретшілер Ассоциациясының мүшесі, елімізге танымал мүсінші Мұрат Мансұров және «Жайық Пресс» ЖШС Жәнібек филиалының директор-редакторы Ахмедияр Батырханов көпшіліке таныстырылды.

Сөз кезегі Қазақстан Республикасының Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесші-өкілі Виталий Темірбаевқа берілді. Тамырын бағзы заманнан тереңге тартқан Ресей мен Қазақстан арасындағы мәңгілік достық тарихына шолу жасаған өкіл ортақ Отанымызды неміс-фашистерінен азат етуде мәңгі өлмес ерліктің сан түрін сомдаған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновке Ресей мемлекеті тарапынан көрсетілген құрметке зор алғысын жеткізді.

Ұлағатты, тәлімі терең кешке жиылған жұртшылық «Әуеге көтерілу» фильмінен Т.Бигелдиновтің ерлігін паш етер сәттерге қанықты.

Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров сөз алып, екі елдің арасындағы жалғасын тапқан достықтың ұрпақтар сабақтастығы нәтижесінде мызғымастай дамып отырғандығына сүйіспеншілігін білдіре келіп, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Орталық мұражайына» «Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов» №1 мерейтойлық медалі мен батыр бабамыздың өр бейнесі сомдалған мүсіннің акт сертификатын және құжат көшірмелерін табыстады. Осы сәтте Талғат Жақыпбекұлының ескерткіш мүсінін бейнелеген мүсінші Мұрат Мансұров пен әйгілі ұшқыштың майлы кенепке суретін салған суретші Дарья Мусихина ортаға шықырылып, көпшілікке таныстырылды.

Келесі кезекте Мәскеу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Владимир Долгих, РФ Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Виктор Бондарев, С.И.Грицев атындағы «Жеңімпаз» қорының президенті Сергей Архангельский және қордың директоры Сергей Путятин, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ресей Батыры, әскери ұшқыш Сергей Краморенко, Социалистік Еңбек Ері, Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысына қатысушы Алексей Макарычев, авиация генерал-полковнигі Борис Корольков, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-полковнигі, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Николай Антошкин, генерал-майор, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Татьяна Москолкова, РФ Ішкі істер министрлігі орталық аппараты ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-полковник, КСРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған Иван Шилов, Ұлы Отан соғысының ардагері, 8-нші Қызылтулы, Ленин және Суворов орденді гвардиялық Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының жауынгері Владимир Бурцов, генерал-лейтенант Александр Осипенко, генерал-лейтенант Вячеслав Борисов, генерал-майор Александр Грудовик, генерал-майор Михаил Михальчев, «Ұлы Отан соғысы жылдарында Шығыс Пруссия (Калининград обл.) аумақтарында қаза тапқан кеңес жауынгерлерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі» қорының төрайымы, қандасымыз Галина Смирновалар сөз алып, батырларын дәріптеген қазақ халқына өздерінің шексіз ризашылықтарын білдіріп, екі ел арасындағы достығымыз мәңгілік жалғасын тапқай деп тілектерін жеткізді.

Шара барысында ресейліктер салтанатты жағдайда «И.В.Панфиловқа 120 жыл» мерейтойлық медалімен қазақстандық әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров пен генерал–майор Алмасбек Әбдірахмановты марапаттады.

Өз кезегінде Рүстем Есімханұлы «Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Биигелдинов» мерейтойлық медальдары мен Құрмет грамоталарын осы шараны ұйымдастыруға белсенділік танытқан бір топ ресейліктерге табыс етті.

Ұйымдастырушылар алқасы Талғат Бигелдиновке тиесілі қос бірдей «Алтын» медальдің көшірме үлгісін әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров арқылы ҚР Орталық музейіне сыйға тартты.

Мәскеуде оқып жүрген қазақстандық студенттер Лаура Барлыбаева мен Бекзат Айткешов домбырада күй күмбірлетсе, ресейлік сазгер Ольга Дубова өзі жазған «Честь имею» әнін орындап, көпшілік көңілін бір серпілтті.

Шараның өтуіне сүбелі үлес қосып, еңбек еткен Петр Чуйконың иығына Рүстем Есімханұлы қазақы дәстүрмен шапан жауып, егеменді еліміздің атынан алғыс білдірді.

Біз үшін қуанышқа толы болған осы шараға РФ Мәскеу қаласындағы Генералдар штабы академиясында және Төтенше жағдайлар академиясында оқып жүрген бір топ қазақстандық сардарлар, М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттер, Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері, сонымен қатар Мәскеу облысына қарасты Дубна мемлекеттік университетінде магистратура мен аспирантурада білім алып жүрген батысқазақстандық Дәмелі Мәди, Айдана Буранова, Әсел Тілеуғалиева, Закир Хамзин, Сергей Офицеров және Аида Темірғалиевалар арнайы келіп қатысты. Аталмыш музейде мұсылман халқы арасында ең алғаш рет қазақтың қайсар да қаһарман ұлының мүсінінің ойып тұрып орын алуы «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жемісті жұмысының нәтижесі екенін айтпай кетсек азаматтық арымызға сын болар.

Шара барысында Қазақстан Республикасынан делегацияны бастап барған Рүстем Есімханұлына жолығысып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров сапар барысы туралы былай деп әңгімелеп берді:- Осыдан екі жыл бұрын Генералдар кеңесі Президиумының мүшелері Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты өткізу туралы бастамамен ҚР Үкіметіне, Қарулы Күштер министрлігі, Мәдениет министрлігімен «Нұр Отан» партиясына шықтық. Бұл мезгілде біздің арамызда Ұлы Отан соғысына қатысқан үш қана генерал бар болатын. Бұлар – армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов пен полиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсанбековтар еді. Біздер олардың келісімімен толықметражды фильм түсіру туралы шешім қабылдадық. Тұңғыш Президенттің Қоры алғашқы болып үн қатып, С.Нұрмағамбетов туралы түсірілген фильмге демеушілік танытты. Ақтөбе Кәсіпкерлер Одағы Т.Бигелдинов туралы, А.Болсанбеков өмірін баяндайтын фильмге Алматы облысы демеушілік танытты. «Көп түкірсе көл» деген қомақты қаржы жиналған соң, аталған генералдар туралы үш толықметражды фильм түсіріп, Мәскеудегі ардагерлер ұйымына хабар бердік.

Кезінде Саяси Бюроның мүшесі болған, КОКП ОК хатшысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Владимир Долгих төрағалық ететін бұл ұйым Мәскеудегі ардагерлер үйінде Т.Бигелдинов туралы фильмнің тұсаукесерін өткізу туралы өтініш білдірді. Бұл ұсынысты қабыл алған қазақстандық төрт генерал 2015 жылы ақпан айында Мәскеуге барып тұсаукесер өткіздік. Мәскеулік ардагерлер ұйымының төрт көзі түгел жиналған тамаша отырыста біздің тарап «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Орталық музейінің» Даңқ залына Талғат Бигелдиновтың бюст-мүсінін орнату туралы ұсыныс айттық. Елге оралған соң ержүрек батырдың ескерткіші Даңқ залында тұрған өзге ескерткіштерден еш кем болмауын қадағалап, қаржы іздестірдік.

Біздің мәскеуліктерге сыйлаған бюст-мүсініміз барлығының көңілінен шықты. Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алғандар саны 65 адам болса, соның төртеуі қазақстандық ұшқыштар болатын. Бұлар – Иван Павлов, Сергей Луганский, Леонид Беда және Талғат Бигелдинов. Міне, осылардың ішінде бірінші боп Талғат ағамызға ескерткіш орнаттық. Бұл уақытқа дейін Ақтөбе қаласындағы әуе қорғаныс күштері институтына атамыздың сом мүсіні орнатылса, Қарағандыда Талғат Бигелдинов атындағы әскери мектеп-интернаты болатын және батырдың әскер қатарына шақырылған жері Бішкек қаласында да оның өр бейнесі қашалған бюсті бар. Қырғыз бауырларымыз ағамызды өз батырымыз деп ұлықтап отыр. Қырандай қайсар жан Астананың іргесіндегі Майбалықта дүниеге келгені белгілі, қазір бұл жерде халықаралық аэропорт салынды. Мен аэропорттың басшылығына осы жерде батырға бюст орнату туралы хат жаздым, әзірге олар бұл істі қолға алған жоқ. Болашақта Мәскеудегі Даңқ залына Иван Павлов, Сергей Луганский, Леонид Беданың және Гитлердің бункерін алуға қатысқан сайыпқыран Сағадат Нұрмағамбетовке бюст орнатуды мақсат етіп отырмыз. Біздер кешегі кеңестік кеңістіктегі КСРО мемлекеті құлағаннан кейін Мәскеу қаласындағы Даңқ залына өз батырының ескерткіш тұғырын орнатқан тұңғыш мемлекетпіз.

Аталар ерлігіне адалдық таныту, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге атсалысуда осындай нақты шараларды жүзеге асырып отырған жайымыз бар. Бойында Отанға деген сүйіспеншілік болмаса, жастардың намыс қайрағын жанимын деу, Отаныңды қорға деп қайрау бекер болып шығар еді. Осынау игілікті іске жеткіншектерді тартуда сөз емес, ізгілікті үлгі көрсету нақты нәтиже бермек.

Бүгінде елімізде екі мыңнан сәл асатын майдангерлер қалды. Өкініштісі сол, ардагерлер ай санап, келместің кемесіне мініп кетіп жатыр. Ауған жерінде қанын төккен ардагерлерді де жастар арасында ұлықтап отыруымыз керек. «Қазақмысқа» бізге бюсті әзірлеуге сапалы қола материалын бергені үшін зор алғыс айтамыз. Қайырымды жандардың қолдауымен мемлекеттен бір тиын ақша алмай, он миллион теңгеге бюсті орнаттық. Мүсінші елімізге танымал Мұрат Мансұров бірнеше рет Мәскеуге барып ескерткіштің әр миллиметріне дейін «жеті рет өлшеп, бар-ақ кес» дегендей елеп-екшеп, маңдай терін төгіп, керемет туындыны тудырды. Еңбекқор, өз ісінінің шебері, жүрегі ел деп соққан Мұрат Амангелдіұлына ағалық ізгі ниетпен алғыс білдіремін.

Ахмедияр ҚУАНҰЛЫ.