19.02.2016, 18:46
Қараулар: 467
«Тәнибектей сарбазға деген сағынышым сарқылған емес»

«Тәнибектей сарбазға деген сағынышым сарқылған емес»

 

IMG_2468Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмірін жалмаған заһарлы зұлмат еді. Дүниені дүр сілкіндірген соғыстың ашылмаған, әлі де зерттеп-зерделеуді қажет ететін құпиялары көп-ақ. Қан майданда ерлікпен шайқасып, уақытында елінен лайықты бағасын алғандармен қатар белгілі-белгісіз себептермен аты аталмай, еленбей қалғандары да қаншама?! Солардың бірі — Сталинград шайқасы кезінде қаскөй жауға қарсы тұрып, айрықша қаһармандық танытқан қазақ сарбазы Тәнибек Сайдоллаев-тұғын.

Әңгіменің әлқиссасын жуырда Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясына Ресей Федерациясы Волгоград қаласында тұратын «Қазақстан мұрасы» қорының төрағасы Айболат Ахметовтен келген хаттан бастасақ. Хош, сонымен хатты оқылық. Төрағаға Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыс жылдарында 315-атқыштар дивизиясы, 724-атқыштар полкі, 2-атқыштар батальонының танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасының командирі болған, запастағы полковник Владимир Туров келіп, Сталинград шайқасы кезінде Орловка селосының түбіндегі қанды қырғынға қатысып, өшпес ерлік көрсеткен қатардағы жауынгер, қазақ Тәнибек Сайдоллаев туралы әңгімелейді. Хатты оқып, танысқан соң біздер қазақтың қайсар дарабозы туралы толығырақ деректер алу үшін Волгоград қаласына жол тарттық. Бізді Айболат Ахметовтің досы Павел Черкис есімді азамат күтіп алып, майдангер Владимир Туровпен кездестірді. Қазіргі таңда «Сталинград» патриоттық клубының президенті қызметін атқарып отырған Владимир Туровпен «Павлов үйінде» жүзбе-жүз сөйлесудің сәті осылай түсті. Жауынгерлік мундирі 1 және 2 дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және тағы да басқа көптеген медальдерге толы ақсақал әсерлі әңгіме шертті.

-Тәнибек мен басқарған ротаның құрамында болды, — деп бастады сөзін Владимир Туров. -1942 жылдың наурыз айында Новосибирск қаласындағы госпитальден ем алып шыққасын мені Барнаулда жасақталған 315-атқыштар дивизиясы, 724-атқыштар полкі, 2-атқыштар батальонының танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасының командирі етіп жіберді. Ротаға өңкей дене бітімдері ірі әрі епті де әбжіл жігіттер таңдалып алынған екен. Өйткені, танкке қарсы қарудың ұзындығы 2 метрден жоғары, ал салмағы 17 келіні құрайды. Алғашында Тәнибек маған көптен ерекшеленбейтін, өзі тұйықтау жігіт болып көрінді. Жаңадан жиналған сарбаздарды оқыту кезіндегі бір үзілісте өзге ротаның командирі: «Тәнибек, қанекей, өнеріңді көрсетпейсің бе?» демесі бар ма?! Барлығымыз басымызды бұрып, не көрсетер екен деп зейінімізді Тәнибекке аудардық. Ол болса, тура цирк нөміріндегідей әлгі 17 келілік қаруды екі қолында ойнатып, бізді аң-таң қалдырды. Бұл оның жаттығуы екен.

1942 жылы тамыздың 23-інен 24-іне қараған түні 2-атқыштар батальонына Орловка селосының маңындағы тылды қорғау керек болады. Себебі, немістер Дондағы майданды бұзып, аталған ауылға жақындайды.

-Сол күні жау ұшақтары Сталинградты бір тәулік бойы бомбалады. Ертеңіне біздің батальон қарсы шабуылға шықты. Рота сарбаздары жаяу жүріп отырды. Бір мезетте немістер бізге қарсы пулеметтен оқ жаудыра бастады. Сарбаздар бірінен соң бірі құлап, қатарымыз сиреді. Комбат пен оның орынбасары да оққа ұшты. Майдан штабының басшысы Иванов, пулемет ротасының командирі Титоренко үшеуміз ақылдасып, олардың өлімі туралы ұрыс біткенше сайыпқырандарға айтпауды ұйғардық. Бұл олардың сағы сынбауы үшін жасалған әрекетіміз еді. Барлық бұйрықтарды үшеуміз батальон командирінің атынан беріп отырдық, — деген Владимир Туров терең ойға шомды.

Осы ұрыста Сайдоллаев жаудың 3 танкісін істен шығарыпты. Бұдан кейінгі шайқастарда да Тәнибек асқан батылдық көрсетеді. Батальондағы жауынгерлердің саны азайғандықтан, майдан шептерін әрі қарай қорғап тұру қиындық тудырады. Сталинград қаласындағы «Барикада» және «Красный Октябрь» зауыттарынан 600  жұмысшыны әскер қатарына әкеп қосады. Олар бұрын-соңды қолдарына қару ұстап көрмепті. Командир Туров жауынгерлерге жерге көмілген миналардың арасына жанармай қоспасын да орналастыруды бұйырады.

-Ең соңғы ұрыс. Қиын болды, өте қиын. Сайдоллаевтың бөлімі батальонның оң қапталына жайғасып, танктердің шабуылына қарсы қиян-кескі ұрыс жүргізді. Ол өзіне таяп қалған тағы екі танкіні дәл көздеп, қою қара түтінге орады. Осы кезде оң қапталдан келе жатқан фашист танкісінен атылған снаряд Сайдоллаевтың қаруының оқпанын қиратып, бөлімнің екінші нөмірі болып табылатын көмекшіні ауыр жаралапты. Жараланған жолдасын арқасына артып тылға қарай шыға бергенде, жау танкісінен атылған екінші оқтан көмекшісі тіл тартпай кетсе, Тәнибектің екі аяғын тізеден төмен қиып түседі. Мен сол кезде батальонның командалық пунктінде едім. Бір жауынгердің маған қарай жер бауырлап келе жатқанын көрдім де, өз окопымнан шығып, қасына бардым, — деп көмейіне ащы өксік тығылған Владимир Семенович еріксіз көзіне жас алды.

–Ек…Екі жансыз аяқтары бұлғақтап… Тізеден төмен қарай аққан қызыл-күрең қан… Сарбазының сол сәттегі бейнесі көз алдына келген командир сөздерін анық айта алмай, кідіріп қалды. Тәнибек жатқан күйінде қолын шекесіне апарып: «Мен екі танкіні қираттым, үшінші танк менің көмекшімді жаралады, қаруымды істен шығарды, көмекшімді арқалап келе жатқанымда, екінші оқпен оны өлтірді», — деген-ді. Бұл оның 6-шы танкісі еді.

–Мен өзім соғыста 1942 жылдың қаңтар айында бір аяғымнан жараланып, госпитальде емделгем. Бірақ, Тәнибек екі аяғынан айырылса да, маған болған жағдайды баяндады. Қайсарлық қой, қайсарлық!, — деді Туров еміреніп.

Сайдоллаевты кейін эвакогоспитальге алып кетіпті. Владимир Семенович сол эвакогоспитальдің бір қызметкерін соғыстан кейін кездейсоқ кездестіргенін айтады. «Тәнибек менің жадымда қалып қойыпты. Сол кезде госпитальге сіздің дивизиядан жарақаттанған жауынгерлер көп түсті. «Санитарка, санитарка!» деп жан ұшыра көмек сұрағандардың жарақаттарын таңып, байлап жүрмін. Кенет Тәнибек бөлмеде жатқандардан шылым сұрады. Басында ешкім селт етпеді. Сәлден соң бір сарбаз оған темекі ұсынды. Тәнибек әлгі темекіні бір сорып, жөтелді де, бар дауысқа салып кең байтақ дала туралы әндетті. Госпитальдің іші тым-тырыс бола қалды. Кейбір жауынгерлердің жанарынан моншақтаған мөлдір тамшылар үзіліп түсіп жатты», — депті медбике.

Тәнибектің командирі Владимир Туров айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған батыр қазақтың кейінгі тағдырынан бейхабар екен. Тәнибекті соғыс аяқталған соң көп жылдар бойы іздегенімен, бұл әрекеттері оң нәтиже бермейді. 2011 жыл Волгоград қаласынан Владимир Туровтың «Чтобы помнили» атты кітабы жарық көрген. Аталған кітапты Тәнибек Сайдоллаевтың ерлігі баяндалады.

Тоқсанның төріне шыққан қария қандыкөйлек майдандасы туралы бір деректің қылаң беретінінен үмітін үзбейді. Мүмкін, туыстары табылар деген ойын да жасырмады. «…Иә, ерлікті жасамаудан, бағаламау одан әрі қауіпті» деп Мұхтар Шаханов айтпақшы, майданда қаһармандықтың үлгісін көрсеткен халқымыздың батыр ұлының ерлігінің өз мезгілінде лайықты бағаланбағанына жанымыз күйзелсе де, сарбазының кейінгі тағдырын 70 жыл өтсе де есінен еш шығармаған Владимир Туровтың жолдастыққа адалдығына тәнті болдық.

Бұл сапарымызда Ресей Суретшілер одағының құрметті мүшесі, мүсінші Павел Черкистің қолына ПТР қаруын ұстаған қазақтың батыр ұлының мүсінін дайындап, шайқастың қайнаған ортасы болған Орловка селосына орнататынын біліп, ризашылық сезімге бөлендік.

Тәнибектей атамыз туралы жағымды жаңалықты тез естіртуге сеп болайық, ағайын!


Данияр ОСПАН