14.07.2016, 18:22
Қараулар: 8
Жас өлкетанушылар дәріс алды

Жас өлкетанушылар дәріс алды

 

????????????????????????????????????

Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова, аталған институттың шығыстанушысы Дина Медерова, «Жайық Пресс» ЖШС баспасөз зерттеу орталығының жетекшісі, «Дана.kaz» журналының редакторы Қазбек Құттымұратұлы, Бөкей Ордасы тарихи мұражай кешенінің директоры Ғайса Махимов және ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиева Орда ауылындағы хан зиратында ескі араб жазулы құлпытастарды зерттеу жұмысын бастап кетті. Жақсыны көрмек үшін деп аудандық, облыстық және халықаралық өлкетану олимпиадаларында жүлделі орындар алып жүрген жәнібектік жас ізденушілер Ғ.Сарыбаев атындағы мектеп-балабақшаның 10–сынып оқушысы Ізбасар Сәлімов, А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін негізгі мектептің биылғы түлектері Бибізада Сайынова мен Гүлсезім Темірғалиевалар осы бір атқарылып жатырған игілікті істі көздерімен көріп, ғалымдардан құлпытастарды суретке түсіру және зерттеу жұмыстары бойынша арнайы дәріс алды. Күннің аптап ыстығына қарамастан қорым басында Айтжан Нұрманова мен Қазбек Құттымұратұлы, Гүлмару Мырзағалиева өз білгендерін жеткіншек ұрпаққа дәйекті мысалдар арқылы кеңінен айтып, бар тәжірибелерін  көрсетіп бақты. Өз кезегінде тарихқа таласы бар тәуелсіз еліміздің төл перзенттері аға-апаларына ризашылықтарын білдірді.

— Біздерді осында келді деп естіп, арнайы іздеп келген жәнібектік жеткіншек ұрпақ өкілдеріне ризамын. Өлке тарихына жастардың қызығушылығы артқаны дұрыс. Қазіргі таңда Қазақстан жеріндегі ескі құлпытастарды зерттеуге жапондық ғалымдар бірлесіп жұмыстануға ниет білдіруде. Құлпытастарды зерттеу жұмысы Білім және ғылым министрлігі тарапынан үлкен қолдауға ие.Еліміздің әр аймағында кездесетін ескі араб жазулы құлпытастар  ұлттық құндылығымыз әрі рухани байлығымыз. Ізденіс барысында тарихи тұлғалардың құлпытастарын тапсақ, арнайы туристік маршрут жасамақ ойымыз бар. Қажет болса құлпытастардағы ескі араб жазуларын оқып үйренемін дегендерге арнайы үлгі боларлық материалдарымды берейін,- деп белгілі арабтанушы Айтжан Нұғыманова ағынан жарылды.

                                                                             Ахмедияр БАТЫРХАНОВ