25.07.2016, 11:00
Қараулар: 33
Мәңгілік махаббат иелеріне құрмет

Мәңгілік махаббат иелеріне құрмет

IMG_4026 - копия       Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваның «Мәңгілік махаббат жыры» атты кездесу кеші оздырылып, оған жұртшылық көптеп қатысты.

Кездесуде аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сөз сөйлеп, жұртшылықтың көз алдында тірі Қыз Жібек пен Төлегеннің отырғанын айтып, аға ұрпақтың бұл кездесуді көптен күткендігін баян етті. – Сіздер елдің ыстық ықыласы мен зор құрметіне бөленген бақытты адамдарсыздар. Жастарға аты аңызға айналған туындыдағы және нақ өмірдегі адал, таза махаббаттарыңыз жұғысты болсын. Сіздерге амандық, зор денсаулық тілеймін,-дей келе ол сахна төрінде отырған қонақтарға алғыс хат тапсырып, қазақтың дәстүріне сай иықтарына шапан жапты.

Өнер сүйер қауымның алдында «Қыз Жібек» фильмінің бас кейіпкерлері, мәңгілік махаббат иелері  туындының түсірілу, одан кейінгі тағдыры жайында ақтарыла сыр шертті.  Кездесу барысында Меруерт апамыз жастарға арнап: «Мәңгілік махаббат бар, оны аялаңыздар, оған сеніңіздер»,-деген ұлағатты сөзін жеткізсе, Құман жездеміз сүйікті жарына деген адал махаббатын әнмен өрнектеп, Мұхтар Шахановтың «Махаббат жыры»  және композитор Серафим Туликовтың «Пришла любовь» атты туындыларын шырқап берді. Ол, сондай-ақ залда отырған аналарға арнап, жерлесіміз Қайрат Жұмағалиевтың өлеңіне жазылған композитор Марат Омаровтың әйгілі  «Анашым» әнін де орындады. Құрметті меймандарға арнап аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары Шынар Каюпова, Ақтоты Ешматова, Мейрамгүл Дәулетқалиева қазақ композиторларының әндерін шырқаса, аудандық орталық аурухананың дәрігері Айдын Ержанов күй күмбірлетті. Есімдері елге аян өнер иелеріне еңбек ардагері, ауылдың құрметті ақсақалы Ибрайым Сұлтанов пен облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Текебаев жыр жолдарын арнады. Кездесуге қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы, жерлесіміз Дәулеткерей Құсайынов қонақтарды құттықтаған жылы тілегін шешен тілімен жеткізе келіп: «Біз, жәнібектіктер Меруерт Қаратай қызымен мақтанамыз.  Құман жездеміз екеуі алдыңғы толқын ағалар үшін пәк махаббаттың символы іспеттес. Қазіргі жастар да осындай таза махаббат иелерінен үлгі алатынына сенеміз. Мәңгілік ел болу үшін мәңгілік махаббат болу керек»,-деп сөзін түйіндеп, көпшіліктің құлақ құрышын қандыра бір күй орындап берді.

Жиын соңында аудан басшысы  Наурызбай Қадырбайұлы: «Құман жездеміз мінетін аттарың болса, Меруерт үстіне қонуға дайын деп жарасымды әзіл тастап еді, олай болса,  жәнібектіктердің атынан мәңгілік махаббат иелеріне ақбоз ат тарту етеміз»,-деді. Кездесуге жиналған көпшілік тірі Қыз Жібек пен Төлегенге сыйланған сәйгүліктің жанында бүкіл елге танымал жерлестерімен мәре-сәре болып ескерткіш суретке түсіп қимай қоштасты.                                                                       Н.Жапақов