8.08.2016, 16:19
Қараулар: 1419
Партия төрағасы сайланды

Партия төрағасы сайланды

IMG_4957 - копияЖәнібек ауданы әкімдігінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXIII — ші конференциясы өтті. Конференцияны партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асхат Молдағалиев ашып жүргізді. Конференцияның  редакциялық, мандат, есеп комиссияларының және хатшылық құрамы сайланды. Конференцияның күн тәртібіне  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасын сайлау, аудандық партия саяси кеңесінің құрамына өзгертулер енгізу және Қазақстан Республикасының Президенті, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауын және Елбасының «Бес институционалды реформаны орындау жөніндегі 100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалының жұмысы туралы үш мәселе ұсынылды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Гүлназ Құлжанова Батыс Қазақстан облыстық партия филиалы төрағасының тапсырмасына сәйкес аудандық партияның төрағалығына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің кандидатурасын ұсынды. Конференция делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы болып Наурызбай Қарағойшин сайланды. Делегаттардың қолдауымен ол, сондай-ақ  аудандық филиалдың Саяси кеңес және Саяси кеңес бюросының мүшелігіне енгізілді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы болып сайланған Наурызбай Қадірбайұлы өзіне зор сенім көрсеткен облыстық партия филиалы төрағасы Алтай Көлгіновке және конференция делегаттарына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта аудандық партияның сапасын арттыру, жастармен жұмысты жандандыру бағытында жұмыстар жүргізілетінін баян етті.

Конференцияның күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Қазақстан Республикасының Президенті, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауын және Елбасының «Бес институционалды реформаны орындау жөніндегі 100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қызметі туралы» партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асхат Молдағалиев баяндама жасады. Баяндамадан соң жарыссөз басталып, оған аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, Борсы бастауыш партия ұйымының төрайымы Айгүл Бекқалиева, «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Сағынбек Стамов қатысты. Конференцияда, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Гүлназ Құлжанова партияның алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер туралы сөз сөйледі.

Н.Жапақов