13.01.2017, 16:42
Қараулар: 485
Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында семинар өтті

Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында семинар өтті

800Т.Жароков атындағы мектептің акт залында аудандық білім беру бөлімінің жоспарына сай «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың, жыныстық қол сұғушылықтың алдын алу және бала еңбегінің нашар түріне жол бермеу» тақырыбында аудандық семинар өтті. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аудару, оларға қоғамда, отбасында және мектепте қатыгездікпен қарауға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында өткізілген семинарға мектеп психологтары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар қатысты. Алдымен аудандық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Айгерім Құбаева жыл бойына атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.

Әрмен қарай аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлмира Есниязова «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», аудандық орталық аурухананың психологі Лаида Ахмурзина «Психологиялық көмек және кеңестер», ЖББ Ұзынкөл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаңылсын Чукина «Бала зорлығы – қоғам қасіреті», Ғ.Сарыбаев атындағы ЖББОМ-балабақша кешенінің педагог-психологі Дариға Адлялиева «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жыныстық қол сұғушылықтың алдын алу», Х.Халиуллин атындағы ЖББОМ-ның педагог-психологі Гүлназым Оразбаева «Суицидтің алдын алу», Ғ.Абдуллин атындағы ЖББОМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назерке Кадырова «Суицидтік мінез-құлық және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар», аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Айбек Талапұлы «Зорлық-зомбылық және құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыптарында баяндамалар оқыды. Семинар барысында баяндамашылар аталмыш тақырыптарды слайд арқылы жан-жақты түсіндіріп, бейнефильмдер көрсетіп, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар іс-шараның маңыздылығын, атқарылып жатырған жұмыстардың барысын, өзекті мәселелер жайын баяндай отыра, қатысушыларға үнпарақтар таратты. Сөз соңында аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірлесіп атқарылған жұмыстар жөнінде оң көзқарасын білдіріп, балалардың құқын қорғау, болашағын баянды ету баршамыздың міндетіміз екенін айтып өтті.

Арайлым КЕСЕКОВА