13.02.2017, 16:31
Қараулар: 170
Жаңа пилоттық жоба жүзеге асады

Жаңа пилоттық жоба жүзеге асады

med3Үстіміздегі жылдың ақпан-шілде айларында еліміздің барлық соттарында даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жоба іске асатын болады. Осыған байланысты аудандық соттың төрағасы Айвар Бижанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді.

Сот төрағасының айтуынша,  аталған пилоттық жоба баланың мүдделеріне орай, оның ішінде баланың тұрғылықты жерін, ата-ананың баламен араласу тәртібін анықтау, баланы басқа адамдардан тартып алу, 18 бен 21 жас аралығындағы білім алатын баланы асырауға алимент өндіріп алу, ҚР Еңбек кодексі 159 бабының 1-тармағынмен міндетті түрде сотқа дейінгі келісім комиссиясына жүгіну тәртібі көзделмеген еңбек даулары, көршілердің арасындағы жер учаскесінің шекараларын анықтау, пәтерді су басқандағы даулар, пәтерден шығару, кондоминимумды басқару мәселелері, некені бұзу және мүлікті бөлу, қарыз келісім шарттары, мұрагерлік және сақтандыру даулары бойынша жүргізіледі. -Пилоттық жоба татуластыру рәсімдерінің қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын азайту, халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау сияқты міндеттерді көздейді. Дауды реттеу туралы келісім тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі болып табылады. Медиация Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің баптары мен «Медиация туралы» Заңының талаптарына сай жүргізіледі, — дейді сот төрағасы А.Бижанов.

Медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын медиаторлардың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, рәсімге араласуға жол бермеушілік, құпиялық, қолданыстағы заңнаманың талаптарына сай болуы сияқты қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Пилоттық жобаға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, азаматтық істер қарайтын аудандық және оларға теңестірілген соттар, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар және медиаторлар қатысады.

Д.ЗЕННАТ