13.04.2017, 10:39
Қараулар: 1662
«Қай кезде де ұлт мүддесі тұтастықпен алға асқан…»

«Қай кезде де ұлт мүддесі тұтастықпен алға асқан…»

 

SAM_2836 - копия (2) Елбасы Н. Назарбаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын зер сала оқып шықтым.  Дүниежүзілік жойқын дағдарыстар әбжыландай шалт қимылдап, дүбірге толы дүниенің апшысын қымбатшылық, жұмыссыздық, инфляция қыспағымен құрсауға алып, жер-жерде террорлық актілер халықтың үрейін ұшырып, рухани тұрғыдан жұтаңдану көріністерінің көңілге қаяу түсіріп отырған  уақытында  жаһанданудың ықпалында ұлт ретінде жұтылып кетпеудің қамын әр мемлекет ойластырып отырғаны белгілі.  Әлемде  болып жатырған осынау жағдайлардың тұсында Елбасымыздың мақаласында айтылған мына бір жолдар ойландырмай қоймайды екен.

«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.   Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте  болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға­ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді».

Шын мәнінде отаншыл рухты бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті, білімді, саламатты өмір салтын ұстанатын, ұлттық мүддені жоғары қоятын, білікті, сауатты, тәрбиелі, азаматтардың бәсі қашанда биік болмақ.

«Әрине, әр адамның  өз ата тегіне, бабаларының  тарихына,   олардың өнегелі істеріне тамыр жіберуі  қажет. Онсыз  біз  ана  тілі мен  рухын, басқа ұлттың тілі мен рухына айырбастаған, өзінің  түпкі тамырын, баба тарихын мойындамай, бірден «әлем азаматы» биігіне көтеріле  салғысы келіп жүрген қазіргі космополиттеріміздің қатарына жақындаймыз. Бірақ, мәселе айқын. Сіздің  өз ата-бабаңыздың, өз руыңыздың тарихына  деген  құлшынысыңыз бен құштарлығыңыз бүкіл халықтық, бүкіл ұлттық ортақ мүддемізге кедергі  жасамауы  және оған көлеңке түсірмеуі  шарт.   Сорымызға  қарай, осы ұлттық ұстанымға мүлде назар аудармайтын адамдар көбейді. Қазіргі  кезеңде рулық мүдделердің  жазылмаған заңға айналғаны соншалық, кей жерлердегі басшылық қызметтегілер және еліміздегі  кәсіпкерлердің  едәуір бөлігі  қарамағындағы орындарға негізінен өз руластарын ғана тартатын мінез қалыптастырды. Ұлттық бірлікке  сына  қағар осы қауіпті  бағытты тоқтата алмасақ – азаматтығымызға, елдігімізге сын»,- деген Қазақстанның халық жазушысы, «түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері Мұхтар Шахановтың  Елбасы ойымен орайлас сөзінің мән-мазмұны да тарихи тамырыңнан қол үзбей отырып, өркениет көшінің өресінде өз орныңды нықта дегенге саймақ.

Қабаш ЖҮНІСОВ,

ардагер ұстаз,

Қазақ КСР Халық

 ағарту ісінің  үздік қызметкері