12.05.2017, 15:30
Қараулар: 16
Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет

Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет

Бүгін аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауданымызда еселі еңбек еткен, білім беру саласында бел шешпей қызмет атқарған, елге сыйлы Болат Закаринді 75 жасқа толуына орай қабылдады.

-«Сыйласаңдар кәріңді, жарылқайды бәріңді» демекші, біз әрқашан үлкенге құрмет көрсетіп, асыл қазыналарымызды ардақ тұтамыз. Сіз ұзақ жылдар бойы аудандық білім беру саласында, баспасөзде абыройлы қызмет атқарып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындаттыңыз. Сонымен қатар әлі күнге дейін қоғамдық өмірде белсенділік танытып келесіз. Бүгінгі торқалы тойыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз,- деп аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы құттықтау хат табыс етіп, иығына шапан жапты.

Болат Закарин 1942 жылы 12 мамырда Жәнібек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының «тарих-филология» факультетін тәмамдаған. 1965-1972 жж. қазақ тілі пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1972-1978 жж. Т.Жароков атындағы орта мектептің мұғалімі, 1979-1992 жж. аудандық «Октябрь туы» газетінің жауапты хатшысы, 1993-2005 жж. аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, 2006-2011 жж. аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып, елге еңбегі сіңген асыл азамат.

Қабылдауда сөз алған Амангелді Уәлиев жүрекжарды тілегін жеткізіп, ардагерлер атынан құттықтау хат пен естелік сағатын сыйға тартты. Өз кезегінде мерейтой иесі ақсақалын ұмытпай, үлкенге лайық құрмет көрсеткен аудан басшылығына зор алғысын білдірді.

Арайлым КЕСЕКОВА

Құттықтаймыз

Басқа да мақалалар