25.07.2017, 9:47
Қараулар: 446
Басты міндет – түсінік жұмыстарын жүргізу

Басты міндет – түсінік жұмыстарын жүргізу

 

IMG-20170724-WA0010 - копия (2)Жәнібек ауданының әкімдігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды іске асыру мақсатында жиын өткізіліп, оған аудан әкімі Азамат Сафималиев төрағалық етті. Жиынға ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

-Өздеріңізге мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 20 мамырда «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын бекітіп, бес негізгі бағыт бойынша атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап берген болатын. Аталмыш жоспардың 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу міндеті қойылып, осы бағытта мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықпен қаржыландыру, бастапқы көмек аурудың алдын алу және ерте бастан күресу шаралары белгіленді. Бүгінгі таңда ел аумағында осы міндеттерді жүзеге асыру тәртібі мен тетіктерін түсіндіру жөніндегі жұмыстар қолға алынып, осы бағыттағы жұмыстар ауданымызда да атқарылуда,-деді жиынды кіріспе сөзбен ашқан Азамат Сафималиұлы.

Бұдан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттердің ауданымызда жүзеге асырылу барысы туралы, аудандық орталық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Біржан Қуанәлиев сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты аудан бойынша азаматтардың мәртебесін анықтаудың барысы және мемлекеттік органдардың дерекқорларын өзектендіру жайлы хабарламалар жасады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Азамат Сафималиев талқыланған мәселелердің маңыздылығын, оларды жүзеге асыруға кітапханашыларды да тарту қажеттігін, басты міндет – тұрғындардың арасында түсінік-ақпараттық жұмыстарын кеңінен жүргізіп, бұл мәселелердің мән-жайын әр адамға жеткізуді, аудан тұрғындарының мәртебесін анықтау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды.

А.ЕСІРКЕПОВ