6.11.2017, 12:35
Қараулар: 197
Көңіліміз бір марқайып қалды

Көңіліміз бір марқайып қалды

8 (2)

Ресей Федерациясының Волгоград облысына қарасты Волжск қаласындағы мәдениет сарайында  «Халықтар бірлігі күні»  аталып өтті. Салтанатты  шараның басында Волжск қалалық округінің басшысы Игорь Воронин құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Волжск қаласын мекен еткен орыс, қазақ, украин, шешен, дағыстан, әзербайжан, татар, армян, еврей ұлтының өкілдері би билеп, әннен шашу шашса, Мәскеу қаласынан арнайы келген «Земляни» тобы өнерлерін ортаға салды. Ресейлік қандастарымыздың шақыруы бойынша атаулы мерекеге арнайы барған Жәнібек аудандық мәдениет үйінің директоры Жақсылық Бисенғалиев Құрманғазының «Адай», Түркештің «Көңілашар», Дәулеткерейдің «Көреғұлы», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйлерін нақышына келтіре тартса, өзі жазған «Қазақ қазақ болғалы» және Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар жігіттер» термелерімен қоса, «Әкешім», «Ана қадыры» әндерін орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Орталық алаңға «Волжск қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Ерсайын Назаров бастаған қандастарымыз екі бірдей киіз үй тігіп, ұлттық киімдерден көрме ұйымдастырса, ұлттық тағам мәзірлерін әзірлеп, қазақы бай дастархан жайған. Киіз үйде жайылған дастарханнан дәм татқан қала басшысы Игорь Николаевич қазақ халқының қонақжайлық қасиетіне дән риза болып, жәнібектік  Жақсылық Бисенғалиевтің өнеріне сүйсінгенін жасырмады.

— Бізде өтетін кез келген мәдени және спорттық шараларға көбіне жәнібектік азаматтар қолдау білдіруде. Осы тұрғыда Жәнібек ауданының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Міне, бүгінгі шарамызға келген Жақсылық Бисенғалиевтің домбыра тартып, күй орындап, ән мен терме айтқанына тек қана қазақ бауырларымыз емес, өзге ұлт өкілдері де риза болуда. Тіпті қазақы нақышта тігілген ұлттық киім киген Жақсылық Қаздұқұлымен естелікке суретке түскен адам санында есеп жоқ. Атажұрттан келген сіздерге ризамыз. Көңіліміз бір марқайып қалды,- дейді ресейлік қандасымыз Ерсайын Назаров.

 

                                                                                      Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

                                                                                                      Жәнібек ауданы