1.02.2018, 19:45
Қараулар: 482
Мақсат айқын, міндет зор

Мақсат айқын, міндет зор

Жәнібек ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысына қатысуға келген облыс әкімі Алтай Көлгінов алдымен ат басын аудан орталығының солтүстік-шығыс бетіндегі 2 пәтерлік 20 үйге бұрып, құрылыстың қарқынымен танысты. Құрылысты Қызылорда қаласындағы «Қазқұрылыссервис» ЖШС-і атқаруда. Аталған ЖШС-ның бас инженері Мұрат Шингелбаевтың мәліметіне сәйкес былтыр бұл үйлердің құрылысы басталып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына 125 миллион теңге бөлінген. Құрылысқа облыстық бюджеттен қаржы толықтай   қаралып, биыл бұл үйлер салынып, пайдалануға беріледі. Облыс әкімі аталған серіктестік басшыларына тұрғын үйді уақытында және сапалы аяқтау жөнінде айқын тапсырмалар жүктеді. Содан кейін Алтай Сейдірұлына аудандық мәдениет үйінің фойесінде биыл жүзеге асатын әлеуметтік-мәдени, құрылыс салаларына байланысты жұмыс жоспарының макетін аудан әкімінің орынбасарлары Жақсылық Абдолов пен Біржан Меңешов таныстырып өтті.

Аудандық мәдениет үйінде оздырылған аудан әкімінің тұрғындармен есепті кездесуіне өңір басшысымен бірге келген облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева және облыстық департамент пен басқарма басшылары қатысты. Жиында аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмысы слайд арқылы көрсетілген соң, аудан әкімі алда шешімін күткен істер жөнінде баяндады. Оның айтуынша ағымдағы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Ақоба ауылындағы ауыз су құбырын тарту жұмыстарының нәтижесінде 195 аула таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Талов ауылындағы ауыз су құбырына қайта құру жүргізіледі.  Майтүбек, И.Жұмаев және Өнеге елді мекендері тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтуде. Тегісшіл елді мекенінде 50 балаға арналған балабақша салу жобасы қолға алынып, мемлекеттік және жекешелік әріптестер арасындағы ынтымақтастық негізінде жергілікті кәсіпкер Есқайыр Елемесовпен меморандумға қол қойылған. Жақсыбай ауылындағы мектепті, Талов, Ұзынкөл ауылдарындағы мәдениет үйлерін және Ақобадағы медициналық  пунктті, сондай-ақ Қамысты,Ұзынкөл ауылдарындағы суландыру каналдарын реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Аудан бойынша әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, тұрғын үй құрылысын салып,  пайдалануға беру, көше жолдарын орта жөндеуден өткізу тағы да басқа қолға алынатын жұмыстар қолға алынып, атқарылатын болады.

Аудан әкімінің есепті баяндамасынан кейін жарыссөзге қатысқан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев Жәнібек-Орал күре жолын таяу жылдарда аяқтауды, Ресейдің Вишневка ауылында тұрған кеден бекетінің Жәнібектегі осындай бекетпен салыстырғанда көрнекті көрінетінін, сол  шекарадан Қазталов ауданына баратын жолға дейін асфальт төсеу, сондай-ақ  облыстан қаржы бөлгенде ауданның шалғайлығы назардан тыс қалмауын сұраса, Ақоба ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Мұхамбетқалиев биыл ауылға ауыз су келетініне, сол сияқты былтыр спортзал салынып, пайдалануға  берілуіне байланысты ауыл тұрғындарының ризашылығын  облыс әкіміне жеткізді. Аудан жастары атынан сөз сөйлеген Әлішер Кенжеғалиев облыс әкімінен аудан орталығына үлкен спорт кешенінін салуға қолдау білдіруін  өтінді. Сол сияқты зейнеткерлер Тәрбие Жөлекенова, Самиға Қайырова, кәсіпкер Нұртай Бисақов сияқты тұрғындар Оралмен екі ортадағы қатынаста такси бағасының қымбаттығын, қала мен аудан орталығына жолаушылар тасымалдайтын автобустың жиі сынатынын, аудан орталығындағы теміржолдың үстімен жүретін пойыздардың Жәнібекке тоқтамайтынын тілге тиек етті.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Елбасының қабылдаған бағдарламаларының облыс көлемінде қарқынды жүріп жатқанын, биылғы Жолдауда айтылған 10 міндетті жұрт болып жұмыла атқарғанда зор жетістіктерді бағындыруға мүмкіндік барлығын айта келіп, аудан бойынша ауыл шаруашылығы, құрылыс, ауыз су, табиғи газ, жол саласында алдағы жылы атқарылар жұмыстарды баяндап, есепті кездесуде ұсыныс-пікірлерін білдірген тұрғындардың сауалына нақты жауаптар қайтарып, аудан әкімі Азамат Сафималиевтің жыл ішінде атқарған жұмысына оң баға берді.

Н.ЖАПАҚОВ