9.02.2018, 14:58
Қараулар: 459
Халық саулығы – мемлекет байлығы

Халық саулығы – мемлекет байлығы

Аудан әкімдігінде  аудан әкімінің орынбасары  Жақсылық Абдоловтың   төрағалық етуімен  «Аудандағы  санитарлық-эпидемиологиялық жағдай  және  жеке кәсіпкерлерге  мемлекет тарапынан  көрсетілетін  қолдаулар туралы» мәселені қаузаған жиын оздырылды.  Жиынға   БҚО қоғамдық  денсаулық сақтау  департаментінің  басшысы Жайдар  Құрманов, мекеме, ұйым басшылары,  жеке кәсіпкерлер қатысты.

«Санитарлық-эпидемиологиялық  қызметтің негізгі міндеті халықтың  санитарлық -эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз  ету және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау  болып табылады. «Халық денсаулығы  және денсаулық сақтау жүйесі  туралы» ҚР кодексіне сәйкес медициналық мекемелерде  көрсетілетін қызметтің  сапасын қадағалауды жүзеге асыру және халық арасында  жұқпалы дерттермен  қоса барлық  аурулардың  профилактикасымен  айналысу міндеті  қойылуда», — деп сөзін сабақтаған Жақсылық Кәримоллаұлы   сөз тізгінін Жайдар Бисенбайұлына берді.

Департамент басшысы былай деді. «БҚО қоғамдық  денсаулық сақтау  департаменті өткен 2017 жылы бірқатар  құрылымдық өзгерістен өтіп, тұтынушылардың   құқықтарын  қорғау міндеті  біздің қызметтен алынып, монополияға қарсы қызметке ауыстырылды. Біздің қызметке санитарлық- эпидемиологиялық қадағалуға қоса медициналық мекемелерде көрсетілетін медициналық қызметтің  сапасын қадағалу құзыры берілді. Сондай-ақ,  халық арасында  жұқпалы дерттермен  қоса,  жалпы адам ауыратын  барлық аурулардың профилактикасымен  айналысу міндеті  қойылуда.

2017 жылы Жәнібек ауданында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Халық арасында  аса қауіпті, жұқпалы дерттердің өршуі, жаппай тағамнан улану болған жоқ». Шешен өз сөзінде кәсіпкерлікті қолдау саясатына сәйкес, кәсіпкерлік нысандарды   жылына бір рет  қана сапалы тексеру  тағайындалғанын,  тамақтан улану фактісі тіркелген жағдайда сол нысан иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалатындығын, соңғы бір жарым жылда 29 санитарлық ереженің алынып тасталғандығы, жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысан үш жылға дейін тексерілмейтіндігін, алайда олардың халықтың денсаулығына қауіп төндірмейтін тағам өнімдерінің сатылып кетпеуін қатаң қадағалауы қажеттігі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсету мекемесі қызметкерлерінің қызметтік тексеріс барысында өзімен қандай құжаттарды ала жүруі тиіс екендігіне тоқталды.

Жайдар Бисенбайұлы туберкулез, бруцеллез, құтырма ауруларынан қорғану, екпе алу, ауыз судың сапасы туралы нақты мысалдармен шетін мәселелерді айтып өтіп, жекелеген сұрақтарға жауап берді.

Жиынды Ж.Абдолов түйіндеді.

Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ