10.02.2018, 15:04
Қараулар: 1722
«Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы һәм Ғұмар Қараш ғибраты»

«Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы һәм Ғұмар Қараш ғибраты»

Жалпы, әр халықтың сөз бастаған серкесі, көш бастаған көсемі,  көкірегіне шежіресін   тұндырған ақылгөйі, игі жақсысы болуы заңдылық. «Бес   қарыс бетегелі жері бар, бұрқырап шығып жатқан кені бар, одақтасып ойнаған  көлі бар, көш бастаған шекелі, күшті ері бар, ердің құны, нардың пұлынан   айырылса да инабат ерге біткен  сенімді, қара жер  теріс айналып тебіренсе де арасы ашылмаған желімді, тең түсіп, қатарынан  қалыспаған  осындай елі бар»  Ғұмар бабамыздың кіндік қаны тамған  Жәнібек ауданында дара болмысты, дархан жүректі, телегей теңіз білімді  данагөй  жерлесіміздің  шығармашылығы  мен өмірін зерттеу, насихаттау  бағытында  ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.

«Мойынға  тағар – тұмар бұл, Елдікке    бастар – ұран  бұл. Ұрпағы, халқы  енді мәңгі өлтірмейді,  Ғұлама жырын Ғұмардың!»  деп  ақын Ғайсағали Сейтақ жырлағандай, кеңестік цензураның пәрменімен еңбектері қаншама жылдар бойы шаң басқан архивте көлегейленгенімен, уақыт еншісіне төтеп берген, қазақтың ес жиып, етек жауып, өз алдына ел, мемлекет болғанын, өзгелермен терезесі тең тұрғанын көксеп, бар білімін, қажыр-қайратын, тәңір сыйлаған талантын,  ғұмырын халқының көзін, бағын ашуға, азаттығына арнаған  Ғұмар бабамыздың  өмірі мен шығармашылығын дәріптеу  мақсатында  бүгін, 10 ақпан күні  ауданымызда «Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы  һәм Ғұмар Қараш»  атты облыстық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Салтанатты шара алдымен   аудан әкімі  Азамат  Сафималиев  пен  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиевтің  Ғұмар  Қараштың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуімен басталды. Одан соң аудандық мәдениет үйінің  фойесінде  жалғасқан кеште  аудандық кітапхананың оқырман қамту бөлімінің кітапханашылары ұйымдастырған  «Жойылмаса игі еді артта қалған ізіміз…» атты  көрме-инсталляциясы тамашаланды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов   ауданымызда Ғұмардай ғұламаның  құрметіне  оздырылған шаралар туралы слайд арқылы кеңінен таныстырып өтсе, аудандық ардагерлер  кеңесінің төрағасы  Амангелді   Уалиев Ғұмар баба туралы кеңінен толғап сөз  сөйледі.  Кітапхананың балғын оқырмандары Әсем Хамит «Тіршілік мұраты», Дарын Дияр «Мұғалім», Гүлнара Жұмаш «Неден қорқам?», Альбина Жасқайратова  «Саған не болды?» атты Ғұмар Қараштың өлеңдерін жүректен жүрекке  зор  тебіреніспен  жеткізді.

Еліміз еркіндікке қол жеткізген бүгінгі белесті кезеңде халқымыздың біртуар ұлдарының бірі – Ғұмар  Қараш есімі жаңа қырынан жарқырай көрініп, оның әдеби мұралары ғылыми ортада ғана емес, өзінің туып өскен жерінде жинастырылып, ұрпақтар жүрегінде мақтанышпен  сақталып, бүгінгі ұрпаққа табысталып отырылғанының куәсі іспетті «Ұлысын ұлықтаған Ғұмар елі» атты жинақтың тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Азамат Сафималиев пен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова жасады.

Мәдениет үйінде жалғасын тапқан  конференция жұмысына  аудан әкімі Азамат Сафималиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, алаштанушы Дәметкен   Сүлейменова, «Ғ.Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі» атты монографияның авторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы  Бақтылы  Боранбаева,  Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат  Құрманалин, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық рухани жаңғыру сарапшылар комиссиясының мүшесі  Жаңабек  Жақсығалиев,  көршілес Бөкей Ордасы және Қазталов аудандарынан арнайы шақырылған  қонақтар мен ауданның қадірменді азаматтары, зиялы қауым өкілдері  қатысты.

Аудан әкімі Азамат  Сафималиев шара шымылдығын ашып, шақырулы қонақтарға қош алу лебізін арнап,  Ғұмар Қараштың есімін ел жадында мәңгілікке қалдыру бағытында атқарылған игілікті істерге шолу жасады.

«Ғұмар Қараш шығармаларын «түндігім күнбатыстан ашулы деп түнгі жаққан шамын тастамаған» қазақтың санаулы зиялылары ғана біліп, оның есімін екі буын өкілінің естімей де өскенін кейінгі ұрпақтан жасырудың қажеті жоқ. Бүгінгі осы отырысымыз өткеннің қателіктерін қайталамауға қызмет қылсын», — деп  тізгінді алған  конференция модераторы, аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Ахмедияр  Батырханов  сөз кезегін «1919 жылы Хан ордасында өткен мұғалімдердің 2-ші съезі және Ғұмар Қараш» тақырыбындағы баяндамамен  Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, алаштанушы Дәметкен Сүлейменоваға берді.  Дәметкен Досмұқанқызы «Хабар», «Ұран», «Дұрыстық жолы» кітаптарында жарияланған Ғұмар Қараштың педагогикалық мұралары, оның халықты білімге, бірлікке үндеген ой-пікір, ұсыныстары хақында  ой толғап, кітапханаға  «Алаш  идеясы – ұлттың идеясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жинағы мен  «Биікке самғайтын құс» атты   жерлесіміз Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылығына арналып жазылған Сайлау Сүлейменов екеуінің кітабын табыстады.

Доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы  Бақтылы Боранбаева   «Ғұмар Қараш – ұлтжанды  тұлға» атты баяндамасында  Ғұмар Қараштың  ұлттың ғасырлар бойы жасай беретін тұлғасы болып қалыптасуына әсер еткен факторларға кеңінен тоқталып, Т.Жароков атындағы ЖББОМ-ның директоры Сержан Қошановқа  Ғұмар баба өлеңдерінің аудижазбасын, «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» атты   ғылыми-тәжірибелік конференцияның жинағын берді.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин «Әлихан Бөкейханов – қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі атты баяндамасында  ұлттың ұлы көсемі,  ұлт-азаттық қозғалыстың қайраткері ретіндегі Әлихан Бөкейхановтың тұлғалық қырларына үңілсе, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Ұлттық сана:жаңғыруға ұмтылыс – жарқын болашаққа бетбұрыс» тақырыбындағы баяндамасында  ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық намыс «Туған жер» бағдарламасы турасында нақты мысалдармен тұшымды ойларын дәйектеді.

Конференция соңында жиылған жұртшылыққа конференция қарары таныстырылды.

 

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА