11.02.2018, 11:00
Қараулар: 565
«Тарихтың жұмбақ сырлары»

«Тарихтың жұмбақ сырлары»

Аудандық мәдениет үйінде өткен «Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы һәм  Ғұмар Қараш ғибраты » атты ғылыми-тәжірибелік конференциядан соң  құрметті қонақтарымыз аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейіне бет алды.

Білім ордасының мұғалімдері мен оқушылары ғалымдарды жылы қарсы алды. Қазақ дәстүрі бойынша ақ пен бауырсақтан ауыз тиген қонақтарға саз мектебінің ұстаздары мен оқушыларынан құралған  оркестр Сейтектің күйін күмбірлетті. Аймақтық ІІ «Ғ.Қараш оқуларының» жеңімпаз оқушылары Ғұмар бабаның өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді.   Ғалымдар оқушылардың қолөнер туындыларынан  жасақталған көрмесі мен мектеп музейін тамашалады. Шара акт залдағы  «Тарихтың жұмбақ сырлары» атты  дөңгелек үстелмен  жалғасты. Жиында құрметті қонақтар Батыс Қазақстан  инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан  инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин, Батыс Қазақстан  инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы Бақтылы Боранбаева, аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, мектеп директорлары, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, белсенді оқушылар  бас қосты.  Жиынды  кіріспе сөзбен ашқан аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов қонақтарға қош келдің айтты.  Шараны Е.Ниетқалиев атындағы ЖББОМ-ның тарих пәнінің мұғалімі Ринат Мұқатов жүргізді.

Алаш арыстары көтерген ұлттық идеялары  және Ғұмар Қараштың өмірі мен өнер жолы хақында ой қозғауды мақсат тұтқан дөңгелек үстелде  ортаға  «Жәнібек» атауының шығу тегі төңірегінде сұрақ тасталып, оқушылар сұрақ аясында ойларын жеткізе білді. Аталмыш сұрақпен қоса Алаш қозғалысы, Ғұмар бабамыздың өміріндегі  талас туғызып жүрген тұстар туралы ғалымдар  кеңінен тоқталып, көптеген деректерді алға тартты.

Шара соңында ғалымдар кезінде  өздерінің баптаған студенттері, олардың бүгінгі таңдағы жетістіктері туралы айта келе, мұғалімдер мен оқушыларға білім жолында сәттілік тіледі. Сондай ақ Жаңабек Жаңабайұлы мектеп музейіне әлі де ізденіс қажеттігін баса айтып, жиында қатысып отырған ұстаздар өлке тарихының жандануына үлес қосатынына зор сенім білдірді. Ал мұғалімдер қауымы атынан Ғұмар Қараш атындағы ЖББОМ-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Осатова алғысын жеткізді. Ал өлкетанушы Ахмедияр Батырханов  Ғұмар Қараш Бөкей Ордасына, Қазталов пен Жәнібекке ортақ тұлға дей келе, әсерлі кеш сыйлаған қонақтарға  ризашылығын білдірді.

Бұл кездесу  қатысушылардың  келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болсын деген ниеттеріне  үлкен септігін  тигізер, орнықты ой салар іс-шара болды.Ұстаздар мен оқушылар көптеген тарихи  деректерге қанықты.

Ә.Әбділдақызы