22.02.2018, 9:16
Қараулар: 65
Мектептер жөнделіп, жас мамандармен толығуда

Мектептер жөнделіп, жас мамандармен толығуда

 

           Жәнібек аудандық білім беру  бөлімінің басшысы Миранбек Ибатовтың бізге берген мәліметіне сәйкес жаңа оқу жылына дайындық барысында мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5 миллион 943 мың теңге қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Мәселен, аудан орталығындағы Т.Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектептің айналасы 5 миллион 1991 мың 200 теңге қаржыға қоршалса, А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін негізгі мектептің шатырын, терезесін ауыстырып, жылыту жүйесін жаңадан орнату, жаңадан есіктер қондыру, тағы да басқа жөндеу жұмыстарына 12 миллион 040 мың теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілген. Аудан мектептерінде 2017-2018 оқу жылында білім беру сапасын арттыру мақсатында 438 мұғалім қызмет атқарған. Соның ішінде 351 мұғалім жоғары, 87 арнаулы орта білімді. Сондай-ақ аудан мектептерінде 65 жоғары, 146 бірінші, 105 екінші санатты мұғалімдер білім беруде. 128 мұғалім деңгейлік курстан өтіп, сертификат алған көрінеді. Сонымен қатар мектептер жылма-жыл жас мамандармен толығуда. Өткен жылы аудандағы білім ордаларына 22 жас мұғалім қызметке орналасқан. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 2496 оқушыдан 1460 оқушы толық ыстық тамақпен қамтылған. Аталған бағдарлама шеңберінде 40 спорттық үйірмеге 581 оқушы тартылып отыр. Мектептерде спорттық үйірмелерден басқа техникалық, шығармашылық, тілдік, сәндік-қолданбалы, көркемөнер үйірмелерімен 1012 оқушы қамтылса, қосымша білім беру ұйымдарындағы 38 үйірмеде 547 бала қосымша білім алуда. Соңғы 2 жылда аудан орталығында аймақаралық «Ғұмар Қараш оқулары» оздырылуда.

                                                                                 Н.Өтей