23.02.2018, 11:52
Қараулар: 2330
«Кейде маған қайтпай қалған майданнан, Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей…»

«Кейде маған қайтпай қалған майданнан, Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей…»

Бүгін А.Оразбаева атындағы ЖББНМ-де  Елбасы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық  мақаласы аясында «Туған жерге туыңды тік» мақалын ұран ете отырып, бір күндік шаңғышылар жорығын ұйымдастыру арқылы туған жердің табиғатын аялау, Сталинград майданының Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толу құрметін атап өту мақсатында майдангер ата-бабамызға тағзым жасау, су қоймаларындағы аэрация жұмыстары арқылы су жәндіктері мен балықтарына қамқорлық  көрсету мақсатында ізгілікті шара ұйымдастырылды.

          Мектеп директоры Маркс Нұфтығалиев салтанатты шарада Елбасы Н.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасындағы «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса» деген   сөзі төңірегінде ойын өрбітсе,  мектептің қосымша білім беру педагогі  және жорықтың жетекшісі Есенгелді Жексенов бір күндік шаңғышылар жорығының бағдарламасы мен мақсатын түсіндіріп өтті.

Бауырластар зираты басында жалғасқан жиында  аудандық  ардагерлер  кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев өз сөзінде: «Құрметті  мектеп ұжымы!  Сталинград майданының Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толуын  атап өткелі отырған шараңызға сәттілік тілеймін! Аға ұрпақтың ерлігін, олардың Отанның азаттығы  үшін тер төккен еңбегін еске алу кейінгі ұрпақтың қасиетті міндеті деп есептелмек. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу ісі ешқашан күн тәртібінен түспесе керек-ті. Сіздің ұжымның Отанды қорғау жолында шейіт болған боздақтардың мәңгі тыныс тапқан жерін жеке күтімге алып, басына тәу етіп отырғандарыңыз үшін рахмет», — деп  өз естеліктерімен бөлісті.

Сөз тізгінін алған аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Ахмедияр Батырханов ойын былайша сабақтады: «Іздестіру-зерттеу, шығармашылық жұмыс барысында соғыс жылдарының зауалы шалғай жатқан  Жәнібек ауданының тарихына да қатысты екеніне қанықтым. Архив құжаттары арқылы туған жер тарихына қатысты беймәлім жайттардан хабардар болдық. Ізденіс барысында жазба құжаттар, куәгерлер әңгімесі және деректермен кеңінен таныстым. Осы орайда, Жәнібектік соғыс құрбандарының саны әлдеқайда көп екенін екінің бірі біле бермейді. Олардың саны ешқандай аза кітабына енбеген. Біз олар туралы тек естеліктерден ғана білеміз.  Осы бауырластар зиратында Ұлы Отан соғысы жылдары Жәнібек жерінде қаза тапқан жауынгерлер, сардарлар, қатардағы жауынгерлер мен медбикелер мәңгілік жер қойнауынан орын тапқан. Боздақтардың ұзын саны – 93. «КСРО Қорғаныс Министрлігінің әскери-медициналық музейі  әскери-медициналық архив құжаттарының 2-ші бөлімінен 1965 жылдың 4 тамызында шығыс №5-1670  Жәнібек аудандық партия комитетінің хатшысына хат келіп, онда Жәнібекте мәңгілік мекенінде тыныс тапқан 93 жауынгердің тізімі келтірілген.  Бұлар  №1584 эвакогоспитальде қайтыс болғандар тізімі болатын. Жеке ізденіс барысында бүгінгі күні 47 боздақтың Жәнібек жерінде жерленгенін білдім, әзірге дәл қай жерге жерленгені туралы нақты мәліметіміз жоқ», -деп жауынгерлер туралы архивтік құжаттың көшірмесін мектеп директоры Маркс Меңдіғалиұлына табыстады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жарияланып, боздақтар рухына тағзым жасалды.

 Меңдігүл ФАЗЫЛОВА